Ерекше балаларға тарту

Қостанайда ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған орталық ашылды. Бірегей нысанның жұмысымен танысуға облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев арнайы барды.IMG_2212
-Балалардың өмірін жақсартып, лайықты және табысты болашаққа қол жеткізуге мүмкіндік беру үшін дер кезінде білікті мамандардың көмегі ауадай қажет болады. Сондықтан да ерекше оқытуды қажет ететін балаларға және олардың отбасыларына тиісті жәрдем көрсететін осындай орталық ашылып отыр. Енді бүлдіршіндеріміз білікті мамандардың демеуімен қатардан қалмай тиісті деңгейде білім ала алатын болады, – деді Марат Қонысбайұлы.IMG_2081
Бұл орталық туғаннан бастап 18 жас аралығындағы сезімталдығы мен түйсіну қабілеті, сонымен қатар, қимылдау жүйесі бұзылған, интеллектуалды дамуында ақауы бар, ақыл-есі кем, Даун синдромымен ауыратын балаларға арналған. Мұнда түзету және дамыту, психологиялық-педагогикалық көмек, массаж, физиотерапия кабинеті, әлеуметтік және еңбекке оңалту, музыка, өнер және ойын-сауықтыру қызметтері бар.IMG_2122
Стационарлық блок заманауи құрылғылармен жабдықталған. Қазір мамандардың мультидисциплинарлық командасының көмегімен 50 бала білікті көмек алуда. Ал 100 бала оңалту және әлеуметтендіру курстарына қатысуға мүмкіндік алады.IMG_2139
-Бұл ғимарат бұрын облыстық балалар үйі болған. Соңғы үш жылда өңірімізде жетім балалар саны азайып, 1150 баланы асырап алды. Осыған байланысты балалар үйінің ғимараты босап жабылды. Қазір бұл орталықта 3 ұйым біріктірілді. Бірінші қабатта облыстық психологиялық-медициналықпедагогикалық комиссия отыратын болады. Және ғимараттың басқа корпусында Қостанай қалалық арнайы түзету мектебі көшіріліп әкелінді. Үшінші оңалту орталығы. Осылай біріктірудің арқасында дефектолог сияқты тапшы мамандар кезектесіп жұмыс істейтін болады,- дейді облыстық білім басқармасының басшысы В.Цымбалюк.IMG_2073
Аса қатты көңіл бөлуді қажет ететін балаларға психолог, логопед, педиатр, дефектолог және басқа да мамандар жан-жақты көмек көрсетеді. Орталықтың тағы бір ерекшелігі, әр баланы оңалту мен дамытуға арналған жеке даму жолы әзірленеді. Мұқтаж жандарға арналған нысанды қайта жабдықтауға 20 млн теңге жұмсалған.  IMG_2159
Орталық жұмысымен танысып шыққан Марат Жүндібаев өңіріміз бойынша ерекше  балалар үшін барлық жағдайлар жасалатынын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары оңалту орталығының директорына 3 млн теңгенің сертификатын тарту етті. Бұл қаражатқа орталық ішінен Монтессори кабинеті ашылатын болады. Ашылу рәсімі барысында Қостанай, Меңдіқара, Жітіқара аудандарынан балаларын ертіп келген ата-аналар Тәуелсіздік күні қарсаңында көптен күткен оңалту орталығының ашылғанына қуаныштарын білдіріп жатты.  
IMG_2174
IMG_2185
IMG_2203Айта кету керек, Қостанай облысында 10 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала есепте тұр.  
 
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓