“Дастарқанның” қонағы

– Жыл сайын соғым сойған сайын қазы айналдыруды дәстүрге айналдырғанмын. Қысқа арнап сойылған соғым етін жіліктеп, тұздаймыз. Жалпы төрт түліктің ішінде ең қасиеттісі – жылқы малы ғой. Еті жеуге жеңіл, тез қорытылады. Атам қазақта мынадай қанатты сөз бар: "Жылқы еті төсек салып жатқанша, сиыр еті таң бозарып атқанша, қой еті келесі күн бат-қанша қорытылады" деген. Қазы айналдыру үлкен бап пен асқан шеберлікті қажет етеді. Бірінші жылқының ішегін жақсылап жуып, тазалаймыз. Қазыны тұздап қоямыз. Тұзы сіңген қазыны ішектің ішіне салып, екі жағын бүріп, қос қазы етіп, жел соқпайтын сенекке екі күн бойы іліп қоямыз. Әбден тұзы сіңіп, дегдігеннен кейін ыдысқа салып, бетін жауып қою керек. Мұнан кейін тоңазытқышқа немесе ауылды жер болса, ұн салынған тақтай қорапқа да сақтайды. Тұзы жақсы сіңген қазыны келесі жылы да пайдалануға болады.