«Қостанайдың атын шығару – мақсатым» дейді «Қазақстан дауысы» тележобасының қатысушысы Серікболсын Кішкенбаев
-Серікболсын, жобаның бірнеше кезеңін артқа тастап, тікелей эфирде өнер көрсетуге жолдам алдыңыз. Әсеріңізбен бөлісіңізші.
-Телешоудың үш кезеңі өтті. Алда – тікелей эфир. Барынша тырысып, дайындықты арттыратын сәт енді туды. Туған жеріңнің атынан шығып тұрған соң көптің үмітін ақтауға тырысасың. Мен үшін жеңімпаз атану мақсат емес, жобаның соңына дейін жетіп, Қостанайдың өнерлі жастары қандай екенін көрсеткім келеді.
«Қазақстан дауысының» сахнасы басқаша. Ол жерде қаншама көрермен сенің әніңді тыңдап, жүріс-тұрысыңды бақылап отырады. Көпшіліктің алдында сүрініп кетпей, талантыңды көрсете білу керексің. Жанды дауыста ән айтасың. Бұл дегеніміз адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан қобалжу болды. Әр кезеңге өткен сайын шыңдаласың, бойыңда өзіңе деген сенімділік пайда болады. Әрбір қатысушы төрт тәлімгердің бұрылып, қарағанын қалайды. Жобаға келгенде мен де солай ойладым. «Көрмей тыңдау» кезеңінде менің даусымы Нұрлан Албан мен Рүстем Нұржігіт бұрылды. Мен Рүстем Нұржігітті таңдадым. Себебі Нұрлан Албанның бағыты – дәстүрлі әнші. Ал менің қалауым – академиялық вокал бағыты. Сондықтан Рүстем Нұржігіттің тобында өнер көрсеткім келді.
-Жобаға қалай тап болдың? Вокалдық телешоудың берері бар ма?
-«Қазақстан дауысының» бірінші маусымына қатысуым керек болатын. Себебі, Қостанай қаласындағы іріктеуден өтіп, Алматыдағы кастингке жолдама алдым. Бірақ, денсаулығыма байланысты қалып қойдым. Екінші маусымда бақ сынауға асықпадым. Музыкалық білімімді жетілдіру үшін, Елордаға барып оқуға түстім. Үшінші маусымда өнер көрсету бұйырыпты. «Сабақты ине сәтімен» деген осы шығар.
Әрине, жас өнерпаздар үшін мұндай телешоулар ауадай қажет. Байқау көбейсе өнер дамиды. Әншілерге бәсеке керек. Бәсеке болған жерде сапа да жақсарады. Таныла алмай жүрген хас таланттар елдің алдына шығуға мүмкіндік алады.
-Туған жер, өскен ортаңыз туралы бірер сөз.
– 1994 жылы 9 сәуірде Жанкелдин ауданында тудым. Әкем Кішкенбай, 2011 жылы дүниеден өткен. Анам Күләш Затобол кентінде тұрып жатыр. Отбасында сегіз ағайындымыз. Мен – ең кішісі, кенжесімін. Алдымда алты апам, бір ағам бар. Әулиекөл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №2 орта мектепте оқыдым. 9-сыныпты бітіріп, Рудныйдағы колледжде академиялық вокалдан төрт жыл білім алдым. Оқу бітірген соң облыстық филармонияда бір жыл жұмыс істедім. Қазір Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде муздрама мамандығында білім алып жатырмын. Жоғары оқу орнындағы оқытушым – мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сайлау Қамиев. -Ендігі меже, жоспарыңыз қандай? Оқырмандарға айтарыңыз болса.
-Жеке репертуарымды толықтыру мақсатында ізденіп жатырмын. Өзіме тиесілі әндер керек. Қоостанайлық композиторлардың жақсы әндері болса, маған хабарласса екен. Әзірге, Қайрат Нұрғазиннің «Іңкәр сезім» әнін шығару ойда бар. Жоспар көп. Оның бәрін жарияға жар салып айтқаннан не пайда. Көрермен жоспарды емес, соның жемісін көрсе, жақсы емес пе.
«Баласы атқа шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар» демей ме. Менің қолдаушым, шын жанашырым -Қостанай облысының халқы. 29-қараша күні, кешкі сағат 21:00-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында "ҚАЗАҚСТАН ДАУЫСЫ" теле жобасының тікелей эфирінде өнер көрсетемін. Менің әнім көңілдеріңізден шығып жатса, дауысым ұнап жатса маған дауыс беріңіздер. Тобыл-Торғай топырағының тұрғындары, төл перзенттеріңізге жанкүйер болыңыздар дегім келеді.
Қолдайык қостанайлықтар