Усойқы
Қисықтың теледидар арқылы сөйлеуі
Құрметті көрермендер! Біздің "Көктемес" акционерлік қоғамы қолда бар техниканы алдын-ала нетіп, жанар-жағар майды нетіп, ауа райының әр қолайлы сәтін нетіп, бар күш-жігерімізді нете отырып, сол бір жиырма шақты күннің ішінде орақты неттік қой, то есть, бітірдік қой.
Қой шаруашылығына келейін. Қойды енді күндіз-түні нетіп жатырмыз ғой. Әсіресе, алғаш қоздайтын жас саулықтарды ерекше нетіп жатырмыз. Мына суықта қорада қозысы нетіп қалмасын деп шопандар жас саулықтардың қасынан күндіз-түні нетпейді, то есть, кетпейді. Олай нетпесе, қой да нетпес еді ғой.
Құрметті көрермендер! Сіздер мені нетіп, то есть түсініп отыр-ған шығарсыздар. Мұндай жерде бұрын нетіп көрмегендіктен қанша нетейін десең де, беті ашылмаған қыздай адам біртүрлі нетіп қалады екен. Кеңседе не үйде болса, басқаша нетер едім ғой.
Сіздер мені дұрыс нетіңіздер. Акционерлік қоғам болған соң біз өз мәселемізді өзіміз нетуіміз керек қой. Өйткені, өз мәселеңді өзің нетпей басқалар нететін болса, шаруашылықты қалай нетесің? Әрине, басқалар дұрыс нетсе, нетуге болады ғой. Бірақ кейде сол басқалар басқаша нетіп кетеді де, біз нетіп қаламыз. Өйткені, біреудің шаруасын басқа біреу нететін болса, нетіп қалатынын өздеріңіз де нетпейсіздер ме?
Құрметті көрермендер! Осымен мен сөзімді нетейін. Экранда келесі неткенше нете тұрыңыздар.
Дамир ӘБІШ
Сұраңыз, жауап береміз
Өкпе-бауырым, ішек-қарным "ысқырып-пысқырып, қыңсылай" берген соң Қостанайдың №1 емханасына келіп, дәрігерге мұңымды айтып, "мияулай" бастадым. Ол бойымнан қазба байлық іздегендей, жартылай шешіндіріп, "бірдеңенің" біржағымен арқамды, кеудемді "түрткілеп", екінші жағымен тыңдап, біраз әуре-сарсаңға түсті. Сосын айбақтатып, " бірдеңелерді" жаза бастады. Мұнысы тексеру үшін бірнеше кабинетке берген жолдамалары екен. Соның біреуін "желкесінен" ұстап, тыныс жолдарын тексеретін кабинетке келдім.
Оллахи-биллахи, сізге өтірік, маған шын, әлгі кабинеттің "қожайыны" қағазыма үрпие қарады да: "Сіздің жасыңыздағы адамды компьютеріміз қабылдамайды" деген сыңайда бірдеңе айтты.
– Қабылдамағаны қалай?
– Жасыңыз 70-те екен. 70-тегі адамды тексеруді компьютер қажет етпейді.
– Мәссаған, ал керек болса. Сол жерде "ақылымнан адасып" мәңгіріп біраз тұрдым. Сонда бұл жердің компьютеріне дейін бюрократ болғаны ма?
Құрметті "Усойқы", сіз мұндайды естіп пе едіңіз? Енді мен не істеуім керек?
Құрметпен, Науқасбай.
Құрметті Науқасбай! Оллахи-биллахи, мұндайды бірінші естіп отырмын. №1 аурухана үлкендер үшін үлкен "жаңалық" ашқан екен. "Қайырлы болсын"! Енді не істеймін деп қиналмаңыз. Компьютерге ерегескенде үлкен емхананың "үлкен" дәрігерінің кабинетіне барып, өле салыңыз.
Әпенді
Елде Кеңестің Кәрімі атты жиеншар тұрады. Өзі қалжыңға жақын. Сондықтан болар екеуміз қатты ойнап, әзілдесеміз. Ұмытпасам, осыдан 15 шақты жыл бұрын Бақыткүл жеңгеміз Айт мерекесіне орай көрші-көлемді шайға шақырды. Ішінде мен де бармын. Келсем, жеңгеміздің өңі түтігіп кеткен, керте танауы делдиіп, желп-желп етеді. Кәкеңнің сол кездері ептеп "ұрттайтыны" бар. Құлқын сәріден қайдан ішіп алғанын ит білсін, біртұтам бұты аспаннан келіп, төсегінде алаңсыз ұйықтап жатыр. Басы нан тепкілесең де жуық маңда оянатын түрі жоқ. Жеңгеміздің бұрқылдап жүргені содан екен. Аяқастынан шабытымның келе қалғаны:
Айт күні арақ ішіп жынды Кәрім,
Ұмытты көк аспанда Құдай барын.
Удай мас төсегінде сұлап жатыр,
Келгенімде татпаққа Айттың дәмін.
Арақпенен таң атпай ашып сәре,
Ас болғандай жасынан атаукере.
Өліп пе еді әкең сенің қу арақтан,
Тұр енді, төсегіңнен алқаш неме.
Қатының да мықты екен шыдап-төзген,
Аясаңшы балаларды Құдай берген.
Ес-түссіз мас болғанды Құрбан айтта,
Сұмдықты о, Жаратқан, кім бар көрген? – деген өлең шумақтарын асығыс жаздым да, жеңгемнің қолына ұстата қойдым.
Содан не болды дейсіздер ғой. Әлгі әпенді жиеншар: "Мынау жорналист нағашымның маған арнап шығарғаны, тыңдаңыздар!" деп, орынды-орынсыз жерлерде домбырасын тыңқылдатып, біразға дейін мақтана айтып жүріпті.
О, заманда бұ заман өзі жайында мақтау емес, келемеждеп жазылған өлеңсымаққа ән шығарып, оны өзі орындаған әпендіні көрген кім бар? Бір қызығы, Кәкең әлгі өлеңімнен кейін көп ұзамай "жынды суды" мүлде қойып кетті. Шамасы, нағашысының батыра айтқан әзілі шымбайына қатты тиіп кетсе керек.
Алтай НҰРМАН.
Господин, арақ!
Господин, арақ, привет,
Біз де саған үйір ек.
Сағынған кезде өзіңді,
Шелектеп ішер "сиыр ек".
Істерің ғажап.
Мөлдіреп тұрсың алдымда,
Отырмын қарап.
Ара-тұра ернімді,
Қоямын жалап.
Өзіңе "үйлендім",
Сапляк кезімде,
Иісіңді қалап.
Балқимын бөленіп сезімге,
Кетсең бойға тарап.
Сүйемін сосын "ерніңді",
Жас сұлуға балап.
Господин, арақ,
"Ғашық болып" өзіңе,
Болдым талай дорақ.
Жынды атанып, үйіме,
Келмейтін болды қонақ.
Тектен-текке күлгіздің,
Ит қылып та үргіздің.
Анау сасық Қисықтың,
Таз басын да сүйгіздің.
Тектен-текке қызғантып,
Қатынымды да ұрғыздың.
Не істетпедің сен маған,
Қырық жыл болдың сор маған.
Анау Қисық атымды,
"Күндемас" атап қорлаған.
Тағы тұрсың алдымда,
Іш деп мені "ыржиып",
Жоғал, құры, оңбаған!
Абай ҚАЖИ.
Әулиекөл ауданы.