Қуырдақтың түрлері
Заман алмасып, ұрпақ жаңарған сайын кейбір ұлттық тағамдардың да ұмытылып бара жатқаны рас. Ал, ондай тағамдар түрлері өте көп. Мәселен, біз білетін кәдімгі қуырдақтың да бірнеше түрі болады екен…
Қуырдақ – соғым сойғанда етін, өкпесін, жүрегін, бүйрегін, бауырын ұсақтап турап, майға қуырып жасайды. Бауырды көп қайнап, қатайып кетпес үшін соңынан салады.
Кісе қуырдақ – жаңа сойылған малдың өкпе, бауыр, бүйрек, ішек, қарынын турап, майға қуырып әзірлейді. Етті аз қосып, пиязды көп салады.
Сырбаз қуырдақ – жаңа сойылған малдың етінен үстіне бие сүтін құйып, тұз салып қайнатып, жасайды. Оны кей жерлерде "Бұқпа қуырдақ" деп те атайды. Піскен кезде сағыздай созылып тұрады. Аталған дәм сыйлы кісілер мен қарт адамдар үшін дайындалады.
Манас қуырдақ – негізінен аң етінен (киік, арқар, елік) жасалады. Етті ұсақтамай турайды. Тұз салып қазанға қайнатады. Пісе бастағанда үстіне қаймақ құйып, ұн сеуіп араластырады да қуырады. Дастарқанға манас қуырдақ майымен қоса қойылады.