Су тасқынына әзірлік қалай?
Дүйсенбі күні облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде көктемгі су тасқынына әзірлік мәселесі талқыланды. Қазір өңірде су тасқынына дайындық шаралары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығы Талғат Кәкімов айтты.
-Су басу аумағы 12 мың шаршы шақырымды құрайды. Облыста жалпы 600 мың тұрғыны бар үйлер, 35 автокөлік жолдары, 17 электр желілерін су басу қаупі төніп тұр. Қазір сол апат төндіріп тұрған аудандарда 52 эвакуациялық бекет сақадай-сай. Оның ішінде үш қонақ үй, бір мәдениет үйі бар, – деді Т.Кәкімов.
«Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою» облыстық бағдарлама бойынша 27 млн. теңге қаржы бөлу қарастырылған. Сондай-ақ, облыс аумағында су тасқынын әуеден бақылауға 9 млн. 892 мың теңге қаражат бөлінбек. Қазір жергілікті билік өкілдерімен келісімшартқа қол қойылды.
Т.Кәкімовтың айтуынша, биыл Таран ауданы Таран және Майский ауылының Аят көлінде және Әулиекөл ауданы Көктал ауылы Теректі көлінде жарылыс жүргізу жоспарланған. Осы жұмыстарды жүргізуге облыстық бюджеттен 9 млн. 321 мың теңге бөлінеді.
Облыс әкімі су тасқынына дайындық жұмыстарын күшейтудің арқасында табиғаттың бұл құбылысынан тұрғындар ешқандай зардап шекпейтін болуы керектігін қадап айтты.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ