Қыс көзі қырауда
Іші толған сайлардың, жырының да.
Бірде ысқырып,
Бірде ұлып,
Үріп бірде,
Қорқыныш жүр қоянның құлағында.
Ұшырардай долы жел қыстақты үрлеп,
Екілене соғады қыстап, тілдеп.
Ат жалына жармасып,
Түйелердің
Шудасынан болады ұстап мінбек.
Орғып өткен оппа қып оңын, солын,
Мінсіз етіп жонады қардың жонын.
Арасынан өте алмай
Ышқынып ол
Сабалайды қойлардың қалың тонын.
Жолыққанды итеріп өңменінен,
Қағып,
Аппақ төсейді төрге кілем.
Тынышталса,
Іздері тіршіліктің
Сыр шертеді сол кілем өрнегінен!
Серікбай Оспанов