Сіз білесіз бе?

Әдетте наурыз айының соңғы 24-28 күндері қатты жел тұрып, күн суытып, кейде қар жауады. Бұл күндер халқымыздың ұғымында – «Қоянның толғатуы» аталған. Сондай-ақ, наурыздың сол 26-28-і күндерінде жыл құстары ұшып келе бастайды. Бұл күндері де жоғарыда аталғандай, қайтқан құстардың қанаттарының суылдап ұшқан ызғарынан күн суытып, қар аралас жауын жауып, суық жел тұрады. Бұл өзгерісті қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Осы кезден соң қар еріп, жер лайсаң болады. Бұл аласапыран басталатын шақты, «Құс қанаты» деп, амалға жатқызған. Бұл күндері қырқалар қарайып, қар кеткенмен, айналада қар сіресіп жатады. Айдың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар бес-он күндік жауын-шашынды амал, «Бес тоғыстың бет жуары» болады.
 
** *** ***
Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестіріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.
 
*** *** ***
Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ ССР Президентінің қаулысының негізінде мемлекеттік мәртебеге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Ал 2009 жылдың 24 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев наурыз айының 21, 22, 23 күндеріне «Наурыз мейрамы» деген мәртебе берді.
 
 *** *** ***
2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 64-қарарына сәйкес, 21 наурыз – «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас Ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын» мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.
 
*** *** ***
Наурыздың алғашқы күндерінің бірінде қазақ халқының нанымы бойынша жердің бетінде ерекше бір гуіл жүреді. Білетін адамдар мұны жұмақтан шыққан қойлар бірінші болып сезеді, оларды баққан қойшы да байқайды дейді. Мұндай күні бүкіл табиғат, жан-жануарлар, адамдар жандана түседі. Бұл күні шаш алуға, тырнақ алуға болмайды, әйтпесе сал болып қаласың дейді. Айналадағы жан иесінің бәрі «әзден» кейін ғана ерекше күш-қуатқа ие болады. Халықта мынадай қанатты сөз бар: «Әз болмай, мәз болма».
 
*** *** ***
 Батыс қазақтары Наурызды 14 наурыздан бастап тойлайды. Көне заманда мереке 13 күн бойы тойланған екен. Бұрынғыда бұл күні туыстар мен достарға барып, жаңалықтармен бөлісу және жаңа бірлескен жұмыс бастау дәстүр болған. Дәстүрге айналу себебі, қысқы кезеңде елді мекендер арасында хабар таратып, арада байланыс ұстау қиын болғаннан болып отыр. Мерекеде халық түрлі ойын-сауық ойындарын ұйымдастырып, ат жарыстырып, алтыбақан тепкен.
 
*** *** ***
Халық арасында адамдар наурыздың 13 күнінде жасаған іс-әрекеттерін жыл бойына жасайды деген сенім бар. Сондықтан, бұл күндері ешкіммен кеңеспей, бір-бірінің қарызын кешіру, барлығымен бейбіт қатынас жасау әдеті қалыптасқан. Халықтың наным-сеніміне сүйенсек, бұл мерекеде көп нәрсе үйге келген бірінші адамға байланысты. Жаңа жылдың бірінші қонағы мейірімді, жайлы мінезді, беделді, әзіл-қалжың түсінетін адам, ең бастысы қадамы сәтті, үйге сәттілік әкелетін жан болуы керек.
 
 *** *** ***
Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған: Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою – «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓