Арманы асқақ азамат

Еліміздегі құқық қорғау органдарының кәсіби маман даярлайтын жоғары оқу орындарына қойылатын талап жоғары. Бұл тұрғыда ішкі істер министрлігі Қостанай академиясы сапалы кадрларды дайындауды мақсат еткен. Яғни әмбебап, қолынан іс келетін мамандарды еліміздің түкпір-түкпіріне жібереді. Биылғы жылы академияны аяқтағалы отырған түлектердің бірі – Ержан Жалмұхамбетов. Ол Ақмола облысы, Есіл ауданындағы қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне қызметке кірісті.IMG-20150213-WA0002
– Ержан, қызметің құтты болсын! ІІМ Қостанай  академиясындағы төрт жыл зымырап өте шықты. Енді міне полиция қызметкері атандың, көтерер жүгі де ауыр шығар?
– Бірінші курсқа келгенде полицейлер қоғамда көрініс тапқан құқық бұзушылықтарды реттеп, олардың салдары мен себептерін анықтайтын қызметкер деп түсінетінмін. Алайда  сол салаға етене араласқанда, заң қызметінің қаншалықты күрделі, маңызды екенін аңғардым. Бұл ретте білікті мамандарымыздың берген тәлім-тәрбиесі үлкен. Тәртіп сақшысының қызметі қылмысты ашумен шектеледі десек, ол қате пікір. Білімділік, парасаттылық, жанашырлық, еңбекқорлық, қайраттылық секілді қасиеттердің түгелі дерлік нағыз парасатты полицейдің бойынан табылуы тиіс. Мен үшін құқық қорғау саласының өкілі болу бір жағынан мәртебе болса, бір жағынан, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.
– Көршілес Есіл ауданындағы қызметіңді бастап кеттің. Қостанайда үйренгендеріңді тәжірибе жүзінде көрсете алдың ба?
– Академия қабырғасындағы әр тыңдаушының сапалы білімді алуы– басты талап. Болашақ құқық қорғау қызметкері өзі үшін ізденіп, ел болашағын қатар  ойлауы  тиіс. Ең алдымен, патриоттық және адамгершілік тұрғыда тәрбиелену мақсатын алға қою керек деп ойлаймын. Қазір қызмет істеп жатқан өңірге келгеніме көп болған жоқ, қылмыстық атқару жүйесіндегі тәжірибесі мол мамандармен кеңесемін. Ең бастысы, алған білімімді ел тыныштығы үшін жұмсау.
– Білуімізше, сен самбо және қазақ күресінен ҚР спорт шеберлігіне үміткерсің. Осы екі спорт түрін өз жұмысыңмен қатар алып жүру қиынға түспеді ме?
– Аз-мұз жетістікке жетсем академияда алған тәлімімнің жемісі деп түсінемін. Өйткені, бізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға баса назар аударылған. Тыңдаушылар жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Қызметке тұрғаннан кейін, әрине, қиындық кездеспей тұрмайды. "Үздіксіз жаттығу ұлы мұратқа жеткізеді" деп аты аңызға айналған Жақсылық Үшкемпіров айтқан екен. Сол сияқты, жұмыстан кейін жаттығу залына асығып тұрамыз. 10 наурызда Есіл ауданының атынан Ақтөбе қаласында өтетін самбо күресіне аттанбақшымыз. Жарыс ҚР қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мамандарының арасында өтеді. Қазірден бастап дайындықты бастадық.
– Күресті академия қабырғасында бастадың ба? Тағы қандай жетіс-тіктерің бар?  
–Алғаш қазақ күресімен мектеп қабырғасында айналыстым. Күреске жастайымнан баулыған ағаларым Нұрхан және Едіге Бекібаевтар еді. Соның нәтижесінде қазақ күресі және самбо, дзюдо күрестерінен облыстық жарыстарды ұттым. 2012 жылы "ҚР ІІМ Қостанай академиясының үздік спортшысы" деген атаққа ие болдым. Қызмет істеп жүріп те спортты тастамаймын. Командирім айтпақшы, жан-жақты маман – ел тыныштығының кепілі. Полиция қызметкері қоғамның психологиясын білу керек деп жатады. Менің қызметтегі мақсатым да осы. Болашақта Қостанай академиясындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыру курстарынан өтуді жоспарлап отырмын. Қазақта үйдің кенжесі  қара шаңырақта қалатыны мәлім. Жоспарларым іске асса, ауылдағы ата-анама қарайласып, жұмысымды сол жақта жалғастырсам ба деймін.
– Әңгімеңізге рахмет! Ел тыныштығын сақтайтын қостанайлық түлектердің қатары көбейе берсін.
Сұхбатты жүргізген
Қасқырбай Қойшыманов.
 
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓