Іздегенге – сұраған

Қостанай қаласындағы "Жастар сарайы" ғимаратында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған облыстағы ірі мекеме-ұйымдар, мемлекеттік органдар және кәсіпорындардың өкілдері арнайы келген. Қостанай қаласындағы ЖОО және колледждердің осы жылы оқуды аяқтайтын мыңнан астам студенті жиылып, болашақ қызмет орындарына таңдау жасады. 
Жыл сайынғы дәстүрлі іс-шараны Қостанай облысының Қоғамдық даму басқармасы, басқармаға қарасты Жастар ресурстық орталығы және "Саналы ұрпақ-2050" қоғамдық қоры ұйымдастырды. Жәрмеңке мақсаты – жұмыс беруші мен жұмысқа мұқтаж студенттердің арасына көпір болу, жастарды қалаған қызметімен қамтамасыз ету. Бұл іс-шараға жұмыс берушілер облыстың барлық өңірінен келген. Олардың ішінде шалғайдағы Жанкелдин ауданының өкілдері де бар.
"Бізге әсіресе педагогика саласының студенттері ниет білдіріп келіп жатыр. Оларға аудандық білім бөлімінің, жұмыспен қамту бөлімінің мамандары жан-жақты ақпарат беруде. Жастарға қандай жағдайлар жасалып, қандай әлеуметтік төлемдер болатынын тәптіштеп түсіндіудеміз. Біздің мақсатымыз – ауданның әлеуметік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында жас кадрларды көптеп жұмысқа тарту, олардың өңірімізде тұрақтануына мүмкіндік ашу. Осы жәрмеңкеде мақсатымыз орындалар деп үміттенемін. Ауылда жұмыс істеп жатқан жастардың еш кемдігі жоқ, – дейді Жангелдин ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ләззат Зейнекина.
Оның айтуынша, бірер сағат ішінде облыстың оңтүстік ауданына физик-математик, биолог, психолог болып барғысы келетін жиырма шақты жас Жангелдин ауданының байланыс ақпараттарын алған. Қалың нөпір түлектер жұмыс ұсынушы ұйымдардың ешқайсысын назарсыз қалдырған жоқ деуге болады.
Айта кетейік, 50 шақты мемлекеттік мекеме, ұйым және кәсіпорын болашақ маман иелеріне 3 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды.
Іс-шара ғимараттың кіреберісінде өтіп қана қоймай, басты концерт залында кеңес-дәрістер өтті. Арнайы шақыртылған кәсіби мамандар, тренерлер өздерінің бай тәжірибелерін ортаға салды. Атап айтсақ, «Уникум» жылдам оқу және ақыл-парасат мектебінің жетекшісі, ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының жаттықтырушысы, коуч Шолпан Молқанова түйіндемені дұрыс жазу тәсілдерін үйретті. Ал «Аллюр компаниясының білікті маманы Әлібек Құсайынов жұмысқа қабылдау кезіндегі әңгімелесу машығының қыр-сыры туралы баяндап берді.Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, қазіргі таңда Қарасу ауданында қызмет етіп жүрген Диана Момбаеваның жалынды сөздері жас тыңдармандарына жігер бере түскендей. Өзінің  ізденіске еңбек жолын мысал ете келіп, түлкетерді өз-өздеріне сенімді болуға шақырды. Жас кәсіпкер Айбек Таңатбаевтың ақыл-кеңесі де өзге спикерлердің ой-пікірлерін толықтыра түсті деуге болады.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы келіп қатысып, бұл іс-шараның мән маңызына тоқталды.
«Бүгін жоғары және техникалық кәсіптік оқу орындарының түлектеріне арналған дәстүрлі Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп отырмыз. Бұл жұмыс берушілер үшін білікті мамандарды жұмысқа тартуға, ал жас мамандар үшін лайықты жұмыс орнын табуға мүмкіндік береді, – деді аймақ басшысы. – Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың берген тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Үкіметі тарапынан жастардың жұмыспен қамтылуын қолдау шаралары мен тетіктері қайта қарстырылды».
Облыс әкімінің айтуынша, жастар практикасы және «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатысушылардың еңбекақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, түлектердің жастар тәжірибесінен өту мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылған. Дерек бойынша, тек соңғы 2 жылдың ішінде жастар практикасына 1 300 адам жұмысқа орналасыпты. «Бірінші жұмыс орны» жобасы аясында 2020 жылдан бастап 163 жас маман «қос қолға бір күрек» тапқан.
«Жалпы, соңғы екі жылда жұмыспен қамтуды қолдауды 18 000 жас азамат өз кәдесіне жаратты. Биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге, оның ішінде жастар практикасына 225,4 млн теңге, «Бірінші жұмыс орны» жобасына 115,4 млн теңге, қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 239,2 млн теңге бөлінді. Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берілетін қайтарымсыз грант мөлшері екі есеге – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды», – деді А.Мұхамбетов.
Аймақ басшысы келтірген дереке сүйенсек, «Бизнестің жол картасы» аясында соңғы жылдары жастардың 20 жобасына 87,0 млн теңге көлемінде гранттық қаржы құйылған. Оның айтуынша, жастарды жұмыссыздық мәселесі жыл сайын оң шешімін тауып келеді.
«Өткізілген іс-шаралардың арқасында Қостанай облысында 2021 жылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 83%-дан асты. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 2,8%-ға тең. Бұл елдегі өңірлер ішінде үздік көрсеткіш екенін айту кету керек. Осы бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады», – деп толықтырды А.Мұхамбетов.
Осы жылға құрылып отырған жоспар да ауқымды. Кемінде 27 мың азамат жұмыспен қамтылады.  Жүзеге асырылып жатқан ұлттық жобалар мен жеке бастамалар аясында 18 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Қазір облыста қай салада маман тапшы? Оған қандай себептер бар? Бұл түйткілдер жыл сайын жұмыс берушілер арасында жүргізілетін сауалнама әдісімен анықталып отырады. Соңғы деректерге сүйенсек, облыстың еңбек нарығында механизатор, ауыр жүк көлігін жүргізуші, құрылысшы, электромонтер, аспаз сияқты мамандықтар үлкен сұранысқа ие. Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларында да кадрдың жетіспеушілігі байқалады екен. Нақтысын айтқанда, 2022 жылғы қажеттілік – 3 200 адам. Оның ішінде, техникалық және кәсіптік білімі бар 2 200 адам, жоғары кәсіптік білімге ие мың маман қажет.
Бүгінгі іс-шара аясында түлектерге 2018 жылдан бастап жұмыс іздеушілер мен бос жұмыс орындарының ірі базасы саналатын электрондық еңбек биржасы жұмыс істейтіні де хабарланды.  Қазіргі таңда облыс бойынша электрондық еңбек биржасының сайтында 5 652 бос жұмыс орнына 2 114 өтініш жарияланған. Осы платформа арқылы биыл 1281 адам жұмысқа тұрыпты.
«Мұның бәрі бірінші кезекте сіздер үшін –  облысымыздың жастары үшін жасалуда. Сіздерге жұмыс берушілермен нәтижелі, жемісті диалог және еңбек жолының табысты басталуын тілеймін. Қиындықтан мойымай, тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылыңыздар, барлық жоспарларыңыз бен бастамаларыңызды батыл жүзеге асырыңыздар!» – деп жастарға ақ тілегін айтты облыс әкімі.
Қостанайлық студенттер осы жиыннан кейін де жұмыс берушілермен ақпарат алмасуды жалғастырды.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓