Мамандығым – байлығым
Дәрігер дегенде көз алдымызға аузы-мұрнын тұмшалап алған, қолында шприці, үстінде ақ халаты бар адам елес береді. Тіпті кейбір ата-ана балаларын "әне, дәрігер келе жатыр" деп қорқытатыны да рас. Мен бала кезімде дәрігер атаулыдан қорқатынмын. Кейін ес кіре қорыққаным қалып, сол маман иесіне қызығатын болдым. Сол қызығушылығым арманға ұласып, мектеп қабырғасымен қоштасқан соң Қостанай медициналық колледжіне оқуға түстім. Алғашында бәрі тосын, түсініксіз жағдайлар аз болған жоқ. Бірақ ұстаздарымның арқасында мені тұмшалаған тұман сейіліп, көзім ашыла бастағандай.
Бірде бір аптаға №1 қалалық ауруханасына тәжірибеге бардым. Мен 2-ші терапия бөлімінде болдым. Ондағы дәрігерлер мен медбикелерден үйренерім көп болды. Алғаш рет жансақтау бөлімінің не екенін көрдім. Өмір үшін күрескен жандарға дәрігерлер бар көмектерін беруде. Осында 1-ші пост медбикесі Арайлым Қозыбаева есімді қызға көмекші болдым. Күнделікті Арайлыммен бірге палатадағы науқастарды аралап, оларға дәрі-дәрмек таратуға көмектестім. Медбикенің науқастарға ем-дом жасағанын бақылап, көңіліме тоқып жүрдім. Арайлымның әр істі ерекше ілтипатпен атқаратынына сүйсі-нетінмін. Палатада емделіп жатқан науқас әженің Арайлым туралы: "Айналайын, осы қызым келгенде ауруым жоқ болып кетеді", – дегенін естіп, грек философы Сократтың "Жанды емдемей – тәнді ем-деуге болмайды" деп айтқан сөздерін енді түбегейлі түсінгендеймін.
Оқуымды ертерек бітіріп, мен де осындай маман болғым келіп кетті. Қызығушылығым одан бетер арта түсті. Бар болғаны ішкі сырыммен өзгелермен де бөліскім келгені еді.
Шырайлым Сейсенбаева,
Қостанай медициналық колледжінің 1-ші курс студенті.