Беташар
Сырым көзін ашқанда шаңқай түс болатын.Түнімен той жүргізіп келген асабаның ұйқысы қанып-ақ қалыпты. Әй, әлгі "ұялысы" құрғыр қайда?! Маңайын сипалақтап отырып, кенет үстел үстіндегі Ботаның жымиған суретіне көзі түсті.
"Түу, кеше не айтып еді, сөйлесу керек деді ме, өзі?!" Сөйлей жүріп ұялы телефонын ас үйден тапты. “Мәссаған, 34 рет қоңырау шалыпты, мына не хабарлама тағы?” Көзі ұясынан шыға сылқ етіп орындыққа отыра кетті. "Мен мұндай жауапсыздықтан шаршадым. Қош бол!" дей ме? Аяқ-қолы дірілдеп әбден дегбірі қашқан ол сүйіктісіне телефон шалды. "Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе ұялы телефоны сөндірулі" дейді арғы жақтан бейтаныс бойжеткен.
"Жаным-ау, мұның не сенің. Сосын сөйлесеміз демедім бе саған?!" Іші ызадан қыз-қыз қайнаған ол институт жатақханасын бетке алды. Комендант Лаура әдеттегідей жылы жүзбен қарсы алды.
–Боталар ертеңгі автобуспен ауылдарына кетті ғой. Енді мына бес қабатты жатақхана қаңырап қалғандай. Әйтеуір емтихандарын "беске" тапсырды, – деп дабырлай сөйлеген орта жастағы апай Сырымға: – Өзің не істеп жүрсің? Енді үш ай бойына сені де сағынамыз ба десем, – деді күліп.
–Әншейін апай, жақын маңдағы танысыма келгесін, сізге әдейі амандасайын деп… Жақсы сау болыңыз апай!.
Асығыс шыққан ол жағалауға жол тартты. Алғаш танысқан күндері есіне түсті. Көктем еді. Достары Думан мен Бағдат қала кафелеріндегі отырысқа шақырған. Көңілді кештің көркіне айналған әсем бейнелердің ішінде көзіне оттай басылғаны да өзін "Ботамын" деп таныстырған бойжеткен-тұғын. Ерке мінезді ойындағысын бетке айтатын Бота көп ұзамай Сырымның сүйіктісіне айналды.Қайда барса да жанынан бір елі қалдырмайтын.
Әуелден әкесі қарсы болған музыкалық білімді алғалы Сырымның жолы болды. Күндіз сабағына барса, кешкісін нәпақасын елдің қуаныш-тойынан іздейді. Сенбі-жексенбі тіптен нағыз тойдың қызар шағы. Қарына шыр бітіп, қалтасы да томпая бастаған Сырым той-думанның көркіне айналғалы смс-хабарлама, одан қалды қоңырау шалушы қыздар да көбейе түскендіктен бойына сенімділік бітті. Құрбысына көңіл бөлмей жүргенін сезген Бағдат та бір күні:
–Сен өзі не істеп жүрсің, а?
–Түсінбедім.
–Ботаны айтам да.
–Иә,оған не бопты?
–Сені күнде менен сұрайды, тіпті маған ыңғайсыз. Басын ашып айтпайсың ба? Бір күні тастап кетеді андағы түріңмен!
–Қойшы Баги, мені тастап қайда барады? Ол ешқайда кетпейді, мендей жігіт табу қайда?
–Ол жағын уақыт көрсетер, досым. Айтпағым қызыңа уақытылы көңіл бөліп, құрметіңді аяма!
"Жауапсыздықтан шаршадым дей ме? Ойбай өзінше "қош бол" деп қояды. Қайда барасың? Ертең-ақ жазғы демалысың аяқталмай жатып қайтып келесің. Себебі сен мені сүйесің!" Асқақ оймен өзін жұбатқан оның бар мақсаты тойдан түскен табысты жинап күзге таман машина алу болатын.
Кезекті тойға тапсырысты қабылдаған соң алыс ауылға қуана сапарға аттанды.Түні бойы той жүргізіп қалжыраған ол ұзақ жолдың азабын ұйқымен жеңді. Түске таман ауылды бетке ал-ған көлік кеш бата той басталар алдында ғана межелі жерге жеткенде "қызық-ай, мұндай жерде де адамдар той жасайды екен-ау"деп ойлап үлгерді.
Құлақ тұндырар музыка. Той өтетін үйдің маңы дүбірлі думанға айналған. Қабырғасын түрлі кілеммен көмкерген палатканың ішіне ұзыннан-ұзақ үстелдер тізілген. Жас талдың жапырағымен әсемделген киіз үйдің шаңырағын үлбіреген аппақ шымылдырық айшықтай түскен. Төрдегі үлкен кілемге "Айдос-Ақбота"деп жазылыпты. Бәрі де қолмен, ауыл адамдарының еңбегімен жасалған дүние. Неткен әдемілік?! Тойға жиналғандардың жарқын-жарқын күлкісі мен әзілдері қандай керемет үйлесімді.
–Әй, әлгі асаба бала қайда? Той басталмай тұрып шай ішіп алсын деңдерші.
Сірә, жігіттің жақындарының бірі болса керек. Пейіліңнен айналайын, ауыл адамдары-ай. Сырым шайын ішіп, киімін ауыстырып болғанша "Беташар" өтетін алаңды да әзірлеп қойыпты. "Жар-жар" айтып шақырылған жас жұбайлар ортаға келгенде жігіт жолдастың жанынан Ботаның құрбысы Айнұрды көргенде де таң қала қойған жоқ. Асығыс бас изеп амандасты да өз міндетіне кірісті.
"Айналайын ақ келін,
Жұмыртқадан ақ келін"… Барлығын риза етіп басын иіп сәлемін салған келіннің бетін ашу рәсімі өзіне келді. Домбырасын орындыққа сүйей салып келіннің ақ шәлісін көтергенде… Жанарын төмен салған күйі жылап тұрған Ботасын көрді. Дүйім жұрттың алдында аузына сөз де түспеді. Не тойды жалғастырарын, не тастап қаша жөнелерін, не Ботадан неге бұлай істегенінің сұраудың жөнін таппаған ол санаулы секундтардың ішінде сең соққан балықтай күй кешті. Көпшілікке қарап жасы үлкен ақсақалдан бата сұраған Сырым той аяқталғанша Ботаның жанарына үңіле берді.
Күнжан Әбеу.
Қостанай қаласы