ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР, АРДЫ ОЙЛАҒАН…

(Ұрқия  Жолмағанбетқызы  туралы бір үзік  сыр)
Биыл Ұлы Отан соғысындағы  Жеңіске  70 жыл толмақ. Бұл соғыстың ызғары қай отбасын болмасын айналып  өтпегені  мәлім. Бұған есейе келе  көзіміз  жетті.
Мен 1946 жылы Торғайдағы он екінші  ауылдың  Тауман  атты  қыстағында дүниеге келдім. Ол кезде ауыл аттары цифрмен  белгіленетін.  Балалық  шағымның 4 жылын  қуатты  отбасында  өткіздім. Себебі ол кезде әкем Сүлеймен Жүзбайұлы  тірі  болатын. Әкем  өз  ісінің  шебері,  іскер   әрі  тігінші  еді. Өзінің  тігін  машинасы мен жанұясын  қамтамасыз етумен  қатар, көрші-көлем  ауыл  тұрғындарының  да  мұқтажын   шығарып  отырған. Көйлек-көншік, костюм-шалбар сынды  киім-жарақ,   әрі  саптама  етікке дейін тіге білген. Сонымен  қатар, доға, арба жасау, шана жөндеу сияқты істердің де хас шебері атанған. Содан  болар  біз   ешқандай  жоқшылық   көрмей   өстік.PLCI_0001
Бірақ  бұл   бақыт   бізге  көпке   бұйырмады. Мен төрт жасқа толар толмаста сырқаттан көз жұмған әкемнің соңында құрсағында тумаған жеті айлық бала мен анамыз Ұрқия Жолмағанбетқызы  бес  баламен  жесір  қалды. Бауырларымның  ең  үлкені  он үш  жаста. Ол   заманда   жетім  бала,  жесір әйел  дегенді  бастықсымақтар  адам  қатарына   қоспайтын. Шешеміз жаңа туған  сәбиімен  соңынан  ерген  бес  боздағын  асырау  үшін  таңның  атысы, күннің  батысына  қарамастан  үкімет   малын   бағумен   тірлік   көрді. Он үш жасар  ағам  Хұсайын  жас та болса   анамызды  аяп, бірге  жұмысқа  шығатын. Бай, бастықсымақ   бала-шаға, әйел  атаулыны  бақылаудан  шығармай,  ұрып-соғып  жұмсайтын. Мүмкін осы ауырпалық  батты ма, әкем қайтқаннан кейін үлкен ағам Хұсайын он үш жасында кенеттен  ауырып, көз жұмды. Жығылғанға жұдырық дегендей,  шешеміздің қайғысы  жан азабын  тартқызды.
Бірақ мұнша  азапқа шыдап берген  анамыз  латын  әліпбиін  жетік   меңгерген, діни  сауатты  кісі еді. Бұған  себеп  туған  нағашымыз  Әбілкәкімді 12-13 жасында  намазға   жығып, латынша  ғаріп  үйреткен   молдалардың  бірі. Сол сауаттылықтың   арқасында   шешеміз   ешкімді   жөнсіз   басындырмапты. Небір  сауатсыздардың  екпінін   басып, кімнің   болса да   тілін    таба  білген. Ел  арасында   да ұрыс,   жанжалдан аулақ, алдыңғы  қатарлы  адал  жұмыскерлердің   бірі   болып  танылды. Бізді де ақырғы  күніне дейін бір Аллаға  сенім   артып, жаманшылықтан   аулақ   болуға    үйретті.
Сол бір  жылдардан бастап барлық ауыр жүкті анамыз өзі арқалап келді. Тынымсыз тіршіліктің    қойнауында   күндемей,  түндемей   қыстың   суық  ызғарына  төзіп,  жаздың аптап  ыстығына    қарамастан   еңбек   етті. Ол  кездегі  ауыл тұрғындарының  тірлігі  күні-түні   малдың  соңында  жүру. Қазіргідей техника  жоқ. Бәрі де қолмен жасалады. Өгіз  арбамен  немесе  шанамен  су  тасиды,  шөп  тасиды. Жаздың   жалпағында таң атпастан  тұрып,  өрістегі  малдың  жемін, шөбін    дайындап, күні бойы майданда жүрген  жауынгерлерге   азық    ретінде    құрт,   майын    толтырып, жүн  тоқып, басқа да    қолда   бар  заттарын   жіберетін.
 Біз  тұрған  қыстақта   мектеп  болған   жоқ. Сондықтан 1956 жылы  12 ауылға    көшіп   келіп, мені    кеш те    болса 10 жасымнан  бірінші сыныпқа берді. Шешеміз  мектеп-интернатына  аспазшы   болып  орналасты. Бізге интернатқа   жақын  қоржын  үйдің  бір  бөлмесін   берді. Қандай тірлік болсын, оңайға соқпасы  анық. Себебі 25-30-дан астам   балаға   нан   көміп, үш  мезгіл   күнделікті  асын  дайындау. Қазіргідей  тоқ пеш немесе газ болған  жоқ. Бәрін  от  жағып, пешке   пісіресің. Оған  жағатын  отынның түрі қамыс, азын-аулақ   тезек, ол да  көп  бола   бермейді. Оның  сыртында, ас  дайындау   сияқты   тірліктің    барлығын   жалғыз   өзі  көтеріп   келді. Мүмкін  сол  шешеміздің  ізеттілігі мен қамқорлығының  арқасында болар, интернаттың  барлық  балалары, үлкенді-кішілі анамызды "мама" деп  атап кетті.  Ол  кездері "мама" деген атау  мүлдем  жоқ  болатын. Барлық  қыстақ  бойынша  біздің  шешеміз  алғашқы "мама" атанды.
 Шешеміз 35 жасында  жесір  қалса да,   жан азабын, тән  азабын көрсе де бар күш қуатын еліне, тыныштық  заманға, бес жапырақ  балаларына  арнады, соларға сенім  артты.  Жаста  болса  отбасын  құруды  ойына   алмады.  Жас  қыршындарының   біреуге   жалтақтап  өсуін   қаламады.  Ержете келе барлығымызды   қалаған   мамандығымыз   бойынша   оқытты. Ағам  бухгалтер, мен   зоотехник, інім  жүргізуші   болды. Ұлын   ұяға, қызын қияға  жеткізді.  Бүгінде  анамыздың   жақсылығына   дән  ризамыз.
Көзінің   тірі   кезінде  анамызды   үкімет   ұмытпай, тыл  майданында  еңбек   еткен   ардагерлер   қатарына    жатқызып, жыл   сайын   Ұлы  Жеңіс  күніне    шақырылып, бірнеше  мәрте тыл  медалімен  марапаттаған.
Бүгінде  сол  ардагерлеріміздің  арқасында, тәуелсіз ел  атанып, шат-шадыман   өмір  сүріп  жатырмыз. Бұл,  әрине,  сол соғыс  кезінде біздің аналарымыз  сияқты  ардагер-майдангерлеріміздің аянбай  жұмыс атқарған еңбегінің  жемісі  деп  білеміз.
 Батыр Естекбай, 
зейнеткер.
СУРЕТТЕ: Ұрқия Жолмағанбетқызы.  
 

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓