Хабарсыз кеткен қайрат ар
Қойшы Бекмағамбетов туралы сағыныш сыр
Біздің елде Максим деген орыс киномеханик болды. Аты Максим болғанымен заты қазақ, екі көзі ойнақтаған, өзі бір еті тірі, пысық жігіт болатын. Шамасы киномеханик курсынан кейін біздің елге жіберсе керек.
Ал енді сол Максим біздер (балалар) үшін ең бір керемет, ең ғажап адам болатын. Кино жөнінен сөз бола қалса, екі сөзіміздің бірінде:" Максим үй деді, Максим бүй деді. Ол керемет, бәрін біледі …"-ге басатынбыз. Біздің Ақсуат ұзыннан-ұзақ созылған ауыл ғой. Максим велосипедпен реклама жазуға ана шеттен, мына шетке жеткенше "Максим, қандай кино болады?" деп, анасы бір сұрап, мынасы бір сұрап қара тақтайшаға хабарландыру жазғанша жарты ауыл кешкі сеансты біліп алатын. Ал біздер болсақ: " Максим, бұл соғыс туралы кино ма?" – деп сұрап қалатынбыз. Кейде оның "иә, соғыс туралы" деп өтірік айта салатын да кездері болатын.
…Ей, балалық-ай десеңші! Сонда біздер соғыс туралы киноны жақсы көреміз. Қазақы елдің баласы, киноның сөзін түсінбесек те, атысып-шабысып жатқандарын көргенімізге мәз боламыз. Клубтан шықпай жатып-ақ түсінбегенімізді ойдан шығарып, бір-бірімізбен бірде келісіп, бірде келіспей үйімізге жеткенше қызылкеңірдек болып жатқанымыз.
Осындай бір кинодан кейін, "апа, бүгін соғыс туралы әйдік тамаша кино көрдік. (Анамды мен апа дейтінмін). Біздің әскерлер немістің бәленше танкысын пушкамен атып быт-шытын шығарды. Түгенше танкысын гранат атып күйдірді. Көптеген самолеттерін құлатты. Біздің әскерлер немістердің күл-талқанын шығарды…" деп әңгімелеген сайын қыза түскенімді жаратпай, "соғыстың несі жақсы дейсің ! Онда кілең немістер ғана өліп, біздің әскерлер өлмеген болса, осы ауылдың жартысынан артық азаматтары қайда қалды!?" деп, көзін сыйпалаған бойы әкем орнынан тұрып кетті. Мұны байқап қал-ған анам:"Әй, балам-ай! Иә, соғыстың несі жақсы дейсің. Соғыс болмаса әкеңнің жан дегенде жалғыз інісі Қойшы ағаң өзі бір үй болып, жанымызда отырмас па еді" деп көзіне жас алып, бас орамалының шетімен сүртіп жатты. Мұны ести сала, (ой, балалық-ай десеңші); "апа, апа Қойшы ағам танкист болды ма, әлде летчик болды ма? Неше неміс өлтірді? Оның ордендері көп пе?.." деген сияқты сұрақтарды жаудыра бастағаным әлі есімде.
"Ой, қалқам-ай, оның неше неміс өлтіргенін қайдан білейін. Соңғы хатында: "ертең ертемен шайқасқа шығамыз. Кім біледі алдымызда не күтіп тұрғанын. Хабарсыз қалмасын деп жазып отырғаным ғой" деген соңғы хабары Ленинград түбінен келген болатын деп, Ленинградқа тілі келіңкіремей әрең айтып бір күрсініп алды. Шамалы уақыт үнсіздіктен кейін, "елін сағынып, туыстарына арнап жаз-ғандарын оқығанда көздеріне жас алмаған жан қалмап еді" деп анам тағы бір күрсінді. Хатты оқып болып, "апырмай, жазуы қандай таспен басқандай тамаша еді!" деп Ғарып ағаңның (Оспанов) таң-ғалғанын көрсеңші деп алды да, "жарайды, балам, таңертең ерте тұру керек, жатайық" деп, орнынан тұрып кетті.
Тәні өлсе де, жаны өлген жоқ ағамның,
Атқан таңнан көргендеймін жанарын.
Мүмкін жаны күншуаққа айналып,
Тұрған болар, гүлі болып даламның.
Абдрахман БЕКМАҒАМБЕТ.