Жоспар – 20 мың адамды жұмыспен қамту
Биыл Қостанай облысына "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыру үшін 9 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға жұмыссыз және өздерін жұмыспен қамтыған 20 мыңнан кем болмайтын азаматты еңбекке тарту жоспарланып отыр. Мәселен, кадр даярлау және ұзақ мерзімді оқуға 1,5 мыңға жуық адам жіберілмек. Бірақ әзірге қандай мамандықтар оқытылатыны анықталмаған. Белгілісі, "Бизнес-Бастау" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 1400 адам оқиды."Шағын несиелеуге 1 млрд 416,1 млн теңге қарастырылған. Кемінгде 273 шағын несие беру жоспарланып отыр, оның ішінде. ауылдық жерлерге – 1 млрд теңге сомасын құрайтын 226 микрокредит. Қаржы аудару сәуір айына белгіленген; қалаларда жалпы сомасы 416,1 млн теңге болатын 47 шағын несие беру жоспарға енген. Бұл қаражат наурыз айында аударылуы тиіс. "Жас маман" жобасын іске асыруға 2,1 млрд теңге бағытталады. Бұл қаржыға облыстың 7 колледжі заманауи құрылғылармен жабдықталады, солайша 16 зертхана, 8 шеберхана және жаңа модификациялы 2 кабинет пайда болады", – дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлнар Әбенова.
Конкурстық шаралар өткен жылдың желтоқсан айының соңына таман басталып кеткен. Сондай-ақ биыл бағдарлама аясында ағымдық бос жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесі бойынша және қоғамдық жұмыстарға 17 мың адамды орналастыру жоспарланып отыр. Ал еңбек ресурстары мобильділігі бағыты бойынша аймаққа 800 қоныс аударушы келуі бек мүмкін. Оларды тұрақты жұмыспен қамту және жаңа мамандықтарға оқытуға жіберу көзделеді.
Сурет интернеттен алынды