Студенттің қамы үшін

Қазіргі таңда жоғары оқу орындары мен арнаулы орта білім мекемелерінің шәкірттері баспана тапшылығына тап болып отырғаны рас. Бұл түйткіл мемлекеттік деңгейде шешімін күткен мәселенің бірі. Осы орайда «Сервис КСТ» ЖШС жеке инвестиция арқылы студенттер үйінің құрылысын қолға алды. Серіктестік Қостанай қаласындағы Полевая, 7 мекенжайындағы 2 қабатты ғимаратты сатып алып, оған тағы да 2 қабат қосып салып жатыр.
– Бастапқыда не жаңадан ғимарат саламыз, не дайын нысанға жөндеу жүргіземіз деп жоспарладық. Таңдауымыз осы үйге түсті. Бұл ғимараттың іргетасы 1970 жылы қаланған. Сараптамалық экспертиза баспана болуға жағдайы келеді деген қорытынды берді. 4 қабатты нысандағы 32 бөлме 206 адамға арналған. Бөлмелері 4, 6, және 8 орындық. Төсек-орын, жазу үстелі, тумбалармен қамтылған. Жалпы, кешенде асүй бөлмелері, монша, санитарлық тораптар, спорт залы, кітапхана, кір жуатын орын, дүкен, демалатын бөлме орналасатын болады. Айта кетейін, үш қабаты тек студенттерге, төртіншісі қызметкерлерге арналған пәтерлер болмақ, – деді «Сервис КСТ» ЖШС директоры Әсел Таңжарық.
Жеке қаражат пен банктік заем жоба арқылы қолға алынған жобаның құны 400 млн теңгеден асады. Наурыз айында басталған құрылыс басында елуге жуық адам еңбек етіп жатыр. Жатақхана толығымен аяқталса, жиырма адам тұрақты жұмыспен қамтылмақшы. Алдағы жылы серіктестік нысанның маңайын абаттандыру жұмысын қолға аламыз деп отыр.
Компания А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетімен меморандум жасасқан. Басқа да оқу орындарынан шәкірттерді қабылдауға әзір. Студенттер үйінің ашылу салтанаты алдағы 9 қарашаға белгіленген.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓