Құжат мінсіз болса – басшыға абырой
Қостанай қалалық құрылыс бөлімі облыс орталығындағы Гашек көшесінің Волынов көшесіне дейінгі аумақ аралығында кәріз құбырын жаңарту кезінде шала-шарпы істелген жұмысты толық орындалды деген жалған құжат қабылдаған. Атап айтқанда, құрылыс жұмыстары түгелімен жасалмаса да, мемлекеттік актіге бөлім басшысының міндетін атқарушы Ж.Наметов қол қойып жібереді. Бастапқыда осы жұмысты мойнына алған мердігер компания құрылысты өткен жылдың тамыз айында аяқтауға тиісті екен. Алайда қазан айында жөндеу-жаңартуды бітірмеген серіктестікке қаржы төленіп те қояды. Бұндай шикілікті қалалық прокуратура әшкерелеген.
Енді былықтың беті ашылып, оған тікелей жауапты құрылыс бөлімін басқарып отырған Ж.Наметов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің Тәртіптік кеңесіне шақырылып, жасаған ісіне жауап берді. Айтуынша, олқылықтардың барлығы желтоқсан айында жойылып, қаражат түгел игеріліпті. Дегенмен тәртіптік кеңес мүшелері бөлім басшысынан неліктен мемлекет ақшасын заңсыз игеріп алып, содан кейін ғана жұмысты орындадыңыздар деп сұрады.
– Біздің бөлімде жұмыс шаш етектен, ал мамандар тапшы. Кейде түн ортасына дейін отыруға тура келеді. Сол себепті көбі қағазбастылыққа шыдамай, өз еркімен жұмыстан кетіп жатады. Ал мен салғырттық жасағаным үшін өз кінәмді мойындаймын. Оны әдейі істеген жоқпын. Құжатқа мерзімінен бұрын қол қойылса да, жұмыстар кейін толық атқарылып, қаржы да игерілді. Мемлекетке шығын келген жоқ. Күні кеше мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті комиссиясы мемлекеттік актіге қол қойып, бізге жіберді. Ал біз ол құжатты прокуратураға жолдадық, – деді Ж.Наметов.
Тәртіптік кеңестің бірқатар мүшелері бөлім басшысына өрескел қателік жіберді, бірақ мемлекетке шығын келмегенін айтты. Дегенмен осы іске қатысты тиісті ұсыныс-шаралар қабылданбақ.
Ал Қостанай ауданының Садчиков орта мектебі ғимаратына жүргізілген жөндеуге жарияланған мемлекеттік сатып алу байқауы заңсыз деп танылып отыр. Тәртіптік кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзды деген Қостанай аудандық білім бөлімі басшысы Н.Бикенов пен аталған мекеменің бас есепшісі Р.Жұмашеваға қатысты іс талқыға салынды.
Белгілі болғандай, былтыр Садчиков ауылындағы білім ордасына күрделі жөндеу үшін аудандық білім бөлімі электронды мемлекеттік сатып алу байқауын жариялайды. Алғашқы жолы бірнеше мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізуге өтініш білдірген екен, ол заңсыз деп саналған. Екінші мәрте бір ғана мердігердің құжаты тиісті талаптарға сай деп танылады. Алайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті қызметкерлері бұл байқаудың заңға қайшы өткендігін айтып берді.
Дегенмен білім бөлімінің жетекшісі өзін кінәлі емеспін деп, бет бақтырған жоқ. Айтуынша, 8 мың шаршы метр аумақтың құрылыс жұмыстарын екі жарым айда аяқтапты. Осы уақыт аралығында оқушыларды мәдениет үйіне көшіруге тура келген.
Істі талқылаған тәртіптік кеңес мүшелері лауазымды тұлғаның әрекетінде сыбайлас жемқорлық белгілерінің барын анықтап, Н.Бикеновті қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Ал аталған мекеменің бас есепшісі Р.Жұмашеваға қатысты іс қаралып, жасаған әрекетінің деңгейі сарапталып, тиісті ұсыныстар қабылданбақ.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ