Ардагерлерге тиімді телефон


Қостанайлық ардагерлерге дабыл түймесі орнатылған арнайы ұялы телефондар табысталды. Бұл игі шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Өмір жолы» республикалық әлеуметтік акциясының аясында жүзеге асуда. 
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі «Өмір жолы» әлеуметтік акциясын қолға алды. Бұл іс-шара ның мақсаты республикамыздағы барлық соғыс ардагерлерін дабыл түймесі бар ұялы телефонмен қамту. Осы уақытқа дейін бұл жоба Астана, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асты. Игі іске Қостанай облысы да қосылды. «Өмір жолы» қоғамдық қорының директоры Эрнар Нұрбеков астықты аймаққа арнайы келіп, баспасөз конференциясын өткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин жобаның мән-маңызын түсіндірді. Сондай-ақ ҰОС-ның ардагері Михаил Подоляковке дабыл тетікшесі орнатылған телефонды табыстады. Мұндай телефондар өңіріміздегі өзге де ардагерлерге берілмек.IMG_7463
– Көмек орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. Кез келген уақытта жәрдем беруге дайын мамандар бар. Ардагерлер телефондағы тетікшені басқан соң біздің көмек орталығына дабыл түседі. Орталықта сол ардагерге қатысты барлық ақпараттар сақтаулы. Операторлар мәліметтерді жедел қызметтерге жіберіп, тиісті шараларды жүзеге асырады. Жарты сағаттан соң дабыл иесіне қайта хабарласып, ардагерлердің хал-жағдайын білетін боламыз,-деді  «Өмір жолы» қоғамдық қорының директоры Эрнар Нұрбеков.IMG_7484
Ұялы телефонның артында қызыл түсті түйме орнатылған. Тетікшені басқан соң тиісті мекемелерге дабыл беріледі. Сол сәтте-ақ жедел-жәрдем, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері көмекке барады. Ұйымдастырушылар Қостанай облысына 372 ұялы телефон алып келген. Алдағы екі апта ішінде ардагерлерге байланыс құралдары табысталады. Бұл телефонда билайн мобильді байланысының сим-картасы орнатылған.  Сим-карта жеңілдетілген тарифке қосулы. Яғни, аталған телефон арқылы ардагерлер бір-бірімен тегін сөйлесе  алады. Айта кетерлігі бірліктер таусылған жағдайда да дабыл түймесі жұмыс істейді береді. Ардагерлер үшін тиімді телефондарды «Өмір жолы» қоғамдық қоры, «Билайн» АҚ және «Еуразиялық Медиа Форум» халықаралық қоры ұсынып отыр. 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓