Сиқыр сөздің сүлейі
Қостанайда көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, мемлекет және қоғам қайраткері Қайнекей Жармағамбетовтің 100 жылдығына арналған «Ұлттық рухани құндылық: Қазіргі замандағы көркемсөздің жан дүниені жаңартудағы ықпалы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Конференция басталмас бұрын қонақтар Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы мұражай мен Қостанай облыстық әмбебап кітапханасы ұйымдастырған көрмені тамашалады.
Сөз зергеріне арналған алқалы басқосуға арнайы оңтүстік астанадан жазушының қызы әлима Қайнекейқызы келіпті. Конференцияны белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты Нағашыбай Мұқатов жүргізіп отырды.
-Мәселені мемлекеттік саясаттан бастайтын болсақ, құдайға шүкір, қазір рухани жаңғыру деген сөз асқақ естіледі. Бірақ, рухани жаңғырайық дегенді бұдан көп жыл бұрын біздің қаламгерлер айтқан. Біздің даңқты жерлесіміз, қазақтың көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері, аудармашы Қайнекей Жармағамбетовтің туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Осыған сәйкес мемлекеттің, облыс әкімдігінің қолдауымен, жергілікті азаматтардың мақұлдауымен түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Қ.Жармағамбетов несімен құнды дейтін болсақ, ол Ұлттық әдебиетімізге баллада жанрын – оқиғалы өлеңді әкелген кісі. Мұның сыртында ақынның адамгершілік, кісілік тақырыбына жазған лирикалық өлеңдері қаншама! Оның прозалық еңбектері де жеткілікті. Орыстың ақын-жазушыларын көп аударған. Өзі Әміре Қашаубаев туралы повесть жазған адам,-деді ақын.
Ол аудармашы ретінде атақты Чили ақыны Пауло Неруданың «Қашқын» поэмасын, И.Тургеневтің «Әке мен баласын», С. Ершовтың «Сұңқартай мен Тұлпартайын» және жапоннның белгілі драматургы Каридің «Шығыстағы бір үй- бақ» деген драмасын аударған. Бұл шығарма кезінде М.Әуезов атындағы акмедиялық драма театрында әлденеше рет қойылған.
Қайнекей Жармағамбетов елуінші-алпысыншы жылдары әдебиетке келген қазақтың белгілі ақын-жазушыларының өз қамқорлығына алған. Оларға шынайы көмегін берген жан. Ол небәрі 56-ақ жыл ғұмыр кешті. Ақын дүние салғанда «Қазақ әдебиеті» газеті: «Өмірден даңқты жазушы, энцоклопедиялық білімі бар Қайнекей Жармағамбетов өмірден өтті»,-деп жазды.
Бүгінгі конференцияны өткізудегі мақсат та сол, қазақтың өмірден өткен ақын-жазушыларын жиі насихаттап, жас ұрпаққа үлгі етіп ұстану.
-Бұл кісі Алмадағы Абай атындағы педагогикалық институтында (КазПИ) аға оқытушы, доцент , директордың орынбасары болып қызмет атқарған. Сондықтан, біздің педагогикалық университет Қайнекей Жармағамбетовтің 100 жылдығына арнап, Қайнекейдің азаматтық тұлғасын таныту мақсатында жастарға осындай үлкен шара өткізіп отыр. Бұл басқосуға алыс-жақыннан көптеген қонақтар келді. Негізі мақсат, Қайнекейдің балладалық шығармаларын жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау. Бұл кісінің бірқатар туындылары мектеп оқулықтарына енген, – дейді ҚМПУ қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысыТалғат Сейсенбай.
Конференция барысында көрнекті ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Оспанұлы, ҚМПУ ректоры Еркін Әбіл, белгілі ақын Ақылбек Шаяхмет, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры Ғұмар Ахметчин, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, еңбек ардагерлері Орекен Алматов, Мырзағали Ғабдуллин, Айдарбек Көшеков, Марат Қасымов т.б сөз алып, ақын-жазушы туралы тағылымға толы естеліктерімен бөлісті.
Қайнекей Жармағамбетов өзі туып-өскен Жанкелдин ауданындағы Шилі ауылында мәңгі тыныстап жатыр. Бүгінде туған ауылындағы мектеп пен Торғай шаһарындағы бір көше ғана ақын есімімен аталады. Жақында Торғайда Қ.Жармағамбетовтің кеуде мүсіні орнатылды. Алқалы жиында сөз алған тарихшы-өлкетанушы Аманжол Күзембайұлы сөз зергеріне Алматы қаласында көше атын беру туралы ұсыныс айтты және таяуда ҚМПУ-да ақын атындағы аудитория ашылатын болды.
Конференция соңында танымал термеші-жырау Нағашыбай Алпысов ақынның «Кекті бала» поэмасын орындаса, компоитор Қалибек Деріпсалдин мен ақын Нағашыбай Мұқатов ақынның сөзіне жазылған Б.Байқадамовтың «Теміртау жастарының маршын» орындап берді.
Өз кезегінде Қ.Жармағамбетовтің қызы – Әлима апамыз осы конференцияны ұйымдастырып, жазушының 100 жылдығына арнап кітап шығарған Нағашыбай Мұқатовқа ағайын атын алғысын айтып, арқасына шапан жапты.
Бұдан соң ақын ұрпақтары әруаққа арнап ас беріп, құран оқытты. Түстен кейін жазушы тойы одан әрі жалғасты. Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ақын-жазушылар мен Қайнекей ұрпақтарының қатысуымен «Шынайы жырдың шебері» атты әдеби кеште қауышты.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Көшеков Айдарбек ағайдың немесе балаларының телефон номерлері барма