Жолдау жүктеген міндет
Қостанайлықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын тікелей эфирден тыңдады. Өңірдегі бірнеше кәсіпорындарда осындай шаралар ұйымдастырылды. Ал облыс әкімдігіне билік өкілдері, жастар қоғамдық бірлестіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, қалалық және аудандық қоғамдық келісім кеңестері, мемлекеттік мекемелер басшылары мен қызметкерлері жиналды.
Мұнда келгендердің барлығы мемлекет басшысының әр сөзін қалт жібермей тыңдады. Осы орайда Елбасы айқындап берген ғылым мен экономиканы, ауылшаруашлығын, шағын және орта бизнесті дамыту сияқты маңызды міндеттер көптің көкейін дөп басқанын байқауға болады. «БК-Строй» құрылыс компаниясының басшысы Игорь Кимнің сөзінше, Н.Назарбаев көтерген жаңа бастамалар халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыруды көздейді.
– Елбасы Жолдауы барша қазақстандықтарға тың серпін береді. Президент Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жетістіктерге тоқтала отырып, алда тұрған мақсат-міндеттерді атап көрсетті. Соның ішінде ауылдық жерді өркендету, ауыл экономикасын көтеру мәселесі, сондай-ақ білім, мәдениет, денсаулық сақтау салаларында үлкен өзгерістер болатыны, соған сәйкес қомақты қаржы бөлінетіні айтылды. Осыған орай атқарушы және өкілді билік орындарына нақты тапсырмалар берілді. Осы ретте Елбасы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жұмысын 2025 жылға дейін ұзарту қажеттілігін жеткізді. Оны іске асыруға қосымша 30 миллиард теңге бөлу қарастырылмақ. Бұл 3 жыл ішінде 22 мыңдай жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Өндірілген өнімнен түскен қаражатта та еселенеді. Салық түсімі көбеймек. Мемлекет басшысы айтқандай, бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса Қазақстан үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес жоқ, – деді Игорь Ким.
Айта кетейік, Қостанайда оқу орындарының барлығында Елбасы Жолдауын ұжым болып тыңдады. Әрине, әркім нақтыланған міндетемелер мен тапсырмаларды тағы бір ой елегінен өткізіп, соған байланысты жұмыс жоспарларын құрары түсінікті. Ең бастысы, бұл – еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы жолындағы стратегиялық маңызды құжат.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев