Ежелгі адам генінің құпиясы
Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы һәм облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жаңа бір жобаны қолға алды. Ол – Еуразиядағы үнді-еуропалықтардың көшіп-қону мәдениетін Қазақстанның қола дәуіріндегі ежелгі тұрғындарының ДНК генетикасын, яғни тегін зерттеу.
Бұған біздің жаққа скандинавиялық бірнеше археолог ғалымдар келіп, өз пікірлерін айтып, ғылыми тәжірибе алмасуда. Халықаралық әріптестікке бағытталған аталған жоба нәтижесі туралы жұмыс тобының жетекшісі, тарихшы ғалым Стурла Еллингваг әңгімелеп берді.
– Қазақстан – ғажап ел. Қонақжайлылығын айтпағанның өзін-де, бұл жерде небір тарихи археологиялық тың деректер әлі зерттелмей жатыр. Бізді қызықтыратыны осы. Міне, солармен танысуды бастап та кеттік, – деп генетик-биолог Петер де Баррос Дамгаард та генетика саласындағы жаңалықтарымен ой бөлісіп, жиналғандарды қызықтыра түсті.
Кезінде қазақ поэзиясының классигі Қадыр Мырза-Әлидің "Бұл дүниенің басты жұмбағы – Адам" дегені бар еді. Міне, сол басты құпия – Адамның тегін зерттеуге келген шетел ғалымдары осы мәселені алға тартты.
Әсілі, ДНК-ны зерттеудің түр-түрі болады екен. Әсіресе, ядролық ДНК-ны зерттеу өте күрделі екенін генетик ғалым тәптіштеп түсіндірді.
– Ертедегі адамдардың гені мен бүгінгінің генін салыстырмалы зерттеу біздің басты міндет. Ең қиыны, ертедегі адамның гені. Бұған мұқият қарамаса болмайды. Бірнеше медициналық қолғап ауыстырып, сараптама алынады. Мұндайда сарқылмас сабыр керек, – деп биолог бізге қа-лай жұмыс істеу керектігін көрсетті.
Үнді-еуропа халқының атақонысын және олардың Қап тауы (Кавказ), Еуропа және Азия арқылы көшіп-қону жолдарын анықтау – қазіргі ғалымдардың ең ниет еткен ғылыми нысаны. Қа-зақстандағы қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың табиғи болмысы, сынтасты-петров, андронов, беғазы-дәндібай мәдениеттеріне бұл ғалымдар аса назар аударып, әлемдік генинженерия-ға үлес қоспақ. Осы саланы түп-кілікті зерттейтін замануи құрал олар келген Дания елінде екен. Италиядан кейінгі бұл лабораториялық орталық адам құпиясының сырын ашуды көздеп отыр.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ
СУРЕТТЕ: бір топ шетелдік археологтар.