Темір ұсталары сайысқа түсті
Рудный қаласында болашақ темір ұсталарының кәсіби шеберлік байқауы өтті. Оған Рудный тау-кен технологиялық колледжі, Қарабалықтық Қазақстан агротехникалық колледжі мен Лисаков техникалық колледжінің 6 оқушысы қатысып, білімі мен біліктілігін таразыға салды. Алғашқы кезеңде сайыскерлер өз мамандықтары бойынша компьютерлік тестілеуден өтсе, практикалық кезеңде темір станогында түтік-жалғағыштар жасап шығарды. Байқауға қазылық еткен облыстық білім бас-қармасы мен "ССКӨБ" АҚ жөндеу-механикалық зауытының өкілдері оқушылардың тапсырманы уақытылы орындауымен қатар, олардың ебі мен шеберлігіне жете мән берді. Жеңіс қос кезең бойынша үздік нәтиже көрсеткен Рудныйлық колледждің оқушысы Байтемір Жұманазаровқа бұйырды. Ол "Мәңгілік ел жастары – индустрияға" атты мемлекеттік бағдарлама аясында Қызыл-орда қаласынан келген. Оқу озаты, қоғамдық жұмыстардың белсендісі. Енді Байтемір облыстың намысын кәсіби шеберлік байқауының республикалық кезеңінде қорғайтын болады.
– Биылғы сайыс Білім және ғылым Министрлігінің арнайы нұсқауымен өтіп жатыр. Қостанай облысында темір ұстасымен қоса шаштараз өнері, IT-технология, дәнекерлеу ісі мамандықтары бойынша сайыстар ұйымдастырылып келеді. Сайыс жастар арасында өз мамандықтарына деген сүйіспеншілікті арттырып, еңбек адамының беделін арттыруға септігін тигізеді, – дейді Қостанай облыстық білім басқармасына қарасты аймақтық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Елена Воловая.
Айта кетерлігі, еліміз биыл Бразилияда өтетін халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатына қатыспақ. Яғни, "жүзден жүйрік озғандар" алдағы уақытта өз оқу орнымен қатар Қазақстанның намысын мәртебелі сайыста қорғауға мүмкіндік алмақ.
Қуаныш СЕЙДОЛЛҰЛЫ.
Рудный қаласы.