Бізге керегі – САПАЛЫ ӨНІМ
Былтырғы жылдан бері жер асты байлықтарының айтарлықтай арзандағаны мәлім. Әсіресе, мұнай бағасы құлдырап, әлемді біраз әбігерге салды. Жаһандық экономиканың мұнайға тәуелді болғаны соншалықты, жұмыр жер бетін жайлаған қаржы дағдарысының ауқымы барель бағасымен есептеліп, салдары да қара алтынның салмағымен салыстырылды.
Мәселенің тек мұнаймен шектелмегені мәлім. Көршілеріміздің мойнына салынған қаржылық қыл бұрау, интеграцияға кіріскен Кедендік одақ жұмысы, басқа да саяси-экономикалық факторлар – қазақ елінің экономикалық қарқынын біраз бәсеңсіткені жасырын емес. Астықтың астанасы аталғанымен, бюджетінің басым бөлігін тау-кен өндірісі құрайтын Қостанай облысының да экономикалық өсім екпіні азайды. Статистикалық мәліметке жүгінер болсақ, 2014 жылы өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индексі 100,2% құрап, 532,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда мыс кендерін (10,6%), кұрамында алтыны бар кендерін (9,6%) өндіру өсті. Мұның есесіне, мыс қойыртпаларын (41,4%), асбест (12,4%), бокситтер (13,0%), теміркенді шекемтастар (9,7%), теміркенді қойыртпалар (3,1%) өндіру көлемі қысқарды. Үстіміздегі жылдың қаңтар, ақпан айларындағы көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсақ, мұнда да, теміркенді қазбалардың азайғанын аңғару қиын емес.
Теміркенді қазба жұмыстарының мардымсыз жүргізілуіне әлемдегі темір рудасының құнын жоғалтуының себеп болғанын айта кеткен жөн. Былтырғы жылдың басында көп қолданылатын металлдың тоннасы 136 АҚШ долларынан саудаға салынса, жыл аяғында оның бағасы бірден 70 АҚШ долларына түсті. Ал, биылғы баға – 60 АҚШ доллары шамасында. Әлемдік сарапшылардың пайымдауынша, баға бұдан да төмен құлдырауы ықтимал. Мұның бірнеше себептері бар.
Жұмыр жер бетінде темір кенішін өндірумен 40-тан астам ел айналысады. Көш басында қытайлықтар, одан кейін – Австралия, Бразилия, Индия, Ресей, Украина болып тізбектеле береді. Көлемі жағынан Қазақстан осы тізімнің 12-ші сатысына тұрақтаған.
Қытай елі темір, болат өндіруді 2004 жылдан бері мықтап қолға алған. Қазіргі әлемдік көрсеткішке сүйенер болсақ, жер бетіндегі темірдің теңжартысы күншығыс елінде жасалады. 2008-2010 жылдар аралығында қатты металлға деген сұраныстың жоғарылағаны соншалықты, қытайлықтар бірер жылдың ішінде тұтынушыларға бағаны өздері белгілейтіндей дәрежеге жетті. Нәтижесінде, тоннасы 17 АҚШ долларынан бастау алған темір 6 жылдың ішінде 60 дол-ларға жеткізілді. Ал, 2011 жылдың дәл осы мезгілінде темірдің бағасы 118 долларға табан тіреді. Осы сәттен бастап, қазба жұмыстарын қыздырған компаниялар шикізатты өнімге айналдырудың жолдарын қарастыра бастады. Мысалы, Рудныйда металл өңдеу зауыты бой көтерді. Құрылыс қарқын алған кезеңде негізі қаланған компаниялар ғимараттарға қажетті шикізатты әзірлеуді қолға алған еді. Ішкі қажеттілікті қамтыған кәсіпорын қалған өнімін экспортқа жіберу жағын да ойластырды. Өкінішке орай, кәсіпорын кен байыту комбинатында өндірілетін өнімді толықтай игеруге қауқарсыз. Осыған сай, қазба байлығының басым бөлігі сырт елдерге жөнелтіледі.
Біздің темірімізді тұтынушы Қытай елі әлемдік деңгейдегі төрт компанияға иек артып отыр. Тау-кен саласының жілігін шаққан "Rio Tinto", "BHP Billiton", "Vale" және "Fortescue" компаниялары 2014 жылдың өзінде ғана 200 млн. тоннадан астам өнім алған. Төрттік – 2016 жылы өнім көлемін тағы 180 млн. тоннаға асыруды жоспарлапты. Осылайша, әлемдік сұранысты толықтай қамтымақ ниетте. Мұндай жағдайда, әлемдегі темір бағасы әлі де төмен түседі. Ал, Соколов-Сарыбай іспетті кәсіпорындардың өнімін өздері өндіріп, өздері игеруден өзге амалы қалмайтын сыңайлы.
Өткен жылы осы себептерге байланысты "ССКӨБ", "Варваринское", "Қостанай минералдары", "Орион Минералс" кәсіп-орындарындағы темір рудасы мен мыс концентратын, шекемтас, боксит пен асбест өндірісінің көлемі төмендеді. Бұл Рудный, Лисаков, Арқалық қалалары мен Таран ауданының, жалпы Қостанай облысының экономикасына кері әсерін тигізді.
Өнеркәсіп өндірісін жандандыру мақсатында, облыста бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының "Нұрлы жол" – болашаққа бастар жол" Жолдауына сүйенген жергілікті билік қуатты өңдеу өнеркәсібін дамытуға назар аударуды жөн көріпті. Шикізат бағасы тұрақсыз болған жағдайда өңдеу секторының қаржы дағдарысына мей-лінше төтеп берері анық. Соңғы төрт жылдың көлемінде өңдеу саласында ондаған инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Бұл – ұлттық экономиканың тау-кен өндірісі кәсіпорындарынан тәуелді болуды төмендетуді жал-ғастыруға мүмкіндік туғызды. 2011 жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 29% болса, төрт жылда 46,9 пайызға жеткізілді.
Жалпы, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс өсімі бір жылда 9,1% артты. Металлургия саласына тоқталар болсақ, осы бағытта 36 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Саланың өңдеу өнеркәсібінің құрылымындағы үлесі бір жыл ішінде 3% ұлғай-ған. Көрсеткішке "ЕвразКаспиан-Сталь" ЖШС зауыты жұмысының арқасында жетіп отырғанымыз жасырын емес. Мұнда Италия, Ресей мен Украинадан әкелінген жоғары өнімді заманауи жабдықтың күшімен, 8,9 млрд. теңгенің 92 мың тонна арматурасы шығарылды. Кәсіпорын үстіміздегі жылы өнім мөлшерін 3 есеге арттыруды жоспарлап отыр. Елбасымыздың бастамасымен қолға алынған "Қазақстанда жасал-ған" жобасын қуаттап, отандық өнімді ғана тұтынатын болсақ, кәсіпорындарымыздың осы қарқынын бәсеңсітпесі анық.
Жұматай КӘКІМЖАНОВ