АРЗАН КЕЛІП ЖАТҚАН ТАУАРЫ ҚАЙСЫ?

Фото_востановленноеБиылғы жыл  Ресей рублінің күрт құнсыздануымен есте қалды. Әсіресе, кәсіпкерлер үшін. Себебі қазақстандықтардың көбісі  елдегі тауарды қымбатсынып, Ресейдің арзан тауарына лап берді. Осыған байланысты отандық өнімдерді тұтыну көлемі азайды. Өйткені оларға Ресейдің арзан тауарларын алған тиімді. Әсіресе, автокөліктер…
Көрші елдің арзан өнімдеріне қызығушылық бұлай жалғаса берсе, еліміздің экономикасы қалай болмақ?  Беларусь Президенті Александр Лукашенко өз елінде кедендік бақылау бекеттерін қайта тұрғызды. Кедендік бақылау арқылы Беларусь экономикасын барынша қорғап қалудың қамын жасады. Қазір кейбір кәсіби экономистер бізге де осы шараны қолға алу қажет деп кеңес беріп отыр.  Ұлттық мүдде, ұлттық экономика тұрғысынан қарасақ, расында  Қазақстанға да осындай тиісті шаралар жасаудың артықшылығы жоқ секілді.
 Ресейдін арзан өнімдері Қазақстанға ағылып келіп жатқаны жұртшылыққа жақсы таныс. Алайда, облысымыздағы дүкен сөрелерінен сол арзан өнімдерді кездестірмедік. Сонда арзанға келіп жатқан тауарлар қані? Екі ортада сол баяғы алыпсатарлар  пайдаға кенеліп, ал қарапайым халық қалтасындағы соңғы тиынын қағып беруде. Өкініштісі сол, бұған қазір талдау жасап жатқан тұрғындар жоқ. Есесіне Ресейдің арзан тауарларын әкеліп, қымбатқа сатып, пайда табуда.
Облысымызда жергілікті нарықтың көлемі арзанға түсіп отыр­ған жоқ..  Статистика департаментінің мәліметтеріне сү­йенсек,  өңіріміз бойынша тұтыну бағаларының индексі 2015 жылғы қаңтарда 2014 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда – 100,8% құраған. Жемістер және көкөніс­тер – 5,2%, алкоголь өнімдері  – 2,5%, сүт өнімдері – 0,8%, май және тоң майлар – 0,7% қымбаттаған. Халық көп жүретін орталық базардың жеміс-жидек сататын орындарына барғанымызда мұнда халық қарасы көп екен.
Сауда қызып жатыр. Бағалар әр түрлі. Алайда, Ресейден әкелінген жеміс-жидектердің бағасы едәуір қымбат. Мысалы; Қытайдан, Ираннан әкелінген алма бағасы – 220 теңгеден болса,  Ресейден тасымалданған алма бағасы – 280 теңге.
Өзін Иванюкова Марина  Николаевна деп таныстырған «Гиппократ»  емдеу орталығының дәрігері ресейлік тауарды тұтынбайтынын жеткізді.
  – Жеміс-жидектер сол баяғы қалпында. Ешқандай өзгерісті көрмедім. Жазда да, қыста да жеміс-жидектер тұрақты бағада сатылып жатыр. Ал Ресейден келіп жатқан жемістердің бағасы едәуір жоғары. Оның үстіне сапасы сын көтермейді. Мен мұны дәрігер маман ретінде анық  білемін, – дейді ол. 
Базардағы жеміс-жидек сататын саудагердің бірі – Қалампыр Хамзина:
– Егер шындығын айтар болсам, қазіргі таңда ресейлік жеміс-жидектерге сұраныс жоқ. Алыпсатарлар  көтерме бағамен сатқанның өзінде ресейлік жеміс-жидектер өте қымбат. Сондықтан мен оны көтерме бағамен алып, тұрғындарға қымбаттатып сатудан бас тарттым. Қарапайым жұртты  алдағым келмеді. Көрші елге қарағанда Қытайдың алмалары өтімді, өйткені  сапасы жақсы, – деді.
Базарларда қалыптасып отырған қазіргі жағдай осындай.Тұтынушылар тауарлардың сапасы мен сақталу мерзімін өздері анықтап тексеріп алмаса, сатып жатқандарға өтсе болды. Олар табыс табудың жолын ойлайды. Демек, тұтынушылар  тауарды сатып алмас бұрын   оның қайдан және қашан келгенін біліп алғандары жөн. Әйтпесе, опық жеп қалулары оп-оңай. Өйткені көршілерден  арзан бағаға әкелген тауарларды қымбаттатып сату тыйылар емес. Сондықтан өзіміздің отандық өнімдерді пайдаланғанымыз тиімді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалаған артық» деп қазақ  атамыз бекер айтпаса керек.
СУРЕТТЕ: Алыпсатар саудагер Қалампыр Хамзина және оның тұрақты тұтынушысы Марина Иванюкова.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓