Қағаз өндірісінің қарқыны неге тежелді?
Осыдан бірнеше жыл бұрын «Лисаков картон-қағаз кешені» құрылған кезде бірқатар жұмыс орындары ашылған еді. Бұған дейін аталған кәсіпорынның уақтылы қаржыландырылып, ісін жандандырып жатқаны туралы да аз жазылған жоқ. Алайда, қазіргі күні гофрокартон және жұмыртқаға арналған ұяшық қаптама әзірлеу өндірісі айтарлықтай қиындықтарға тап болды. Кәсіпорынның жалпы қарызы 450 миллион теңгені құрап отыр. Бұған дейін облыс әкімінің қатысуымен өткен есеп беру жиналысында Лисаков қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың өзі аталған түйткілді мәлімдеген болатын.
Ал «Лисаков қағаз-картон кешенінің» ЖШС директоры Фархат Галиев «барлық мәселе коммуналдық төлемдер бойынша қарыз бен жалақы берешегіне тіреліп тұр» деген еді. Осы арада өңір басшысы кәсіпорынды тығырықтан шығару туралы тапсырма жүктеді.
– Қазір комбинаттың барлық қарызы 450 млн. теңге, соның ішінде жалақы берешегі 4,5 млн. теңге. Осыған қарамастан жұмыртқаға арналған ұяшық қаптама, гофрокартон шығарылып келеді. Ал құрылғылар жұмыс істеп тұр. Кешенді дамыту мен толық іске қосу жоспары, сондай-ақ қағаз өңдейтін машина дайын. Тек ақпан айында өндіріс ошағына 10 млн. теңге құйылды. Биылғы жылы мамыр айында өндіріс толық іске қосылады деп күтілуде. Сол уақытқа дейін 200 тонна картон, айына 450 мың дана жұмыртқаға арналған ұяшық қаптама шығару жоспарланған. Айына 150 мың шаршы метр гофрокартон өндіретін боламыз, – деген сол жолы Фархат Галиев.
Айта кетейік, кәсіпорын 2011 жылы мемлекеттік «Өнімділік 2020» бағдарламасы бойынша құрылып, еліміздегі 27 қазақстандық кәсіпорынның қатарына енген еді. Жоспар бойынша кешен биыл толық іске қосылып, өнім көлемін 1,5 есеге дейін артады делінген. Ал 2020 жылы екі есеге арттыру көзделген еді. Алайда 2012 жылдың тамыз айында кәсіпорын проблемалық жобалардың қатарына кірді.
Лисаков қаласының әкімі Марат Жүндібаев есеп беру жиналысында:
– Индустриаландыру картасына енген «Лисаков картон-қағаз кешенінің» тағдыры күрделі. Осыдан екі жыл бұрын картон қағаздарын өңдеу желісі іске қосылған еді. 2014 жылы кәсіпорын 134 млн. теңгенің өнімін өндірді. Жалпы аталған кешен 2015 жылы толық іске қосылады деп жоспарланып отыр. Алайда бірқатар проблемалар бар. Алдымен басшылардың ұйымдастыру төмендігі. 2014 жылы қараша айында өндіріс қызметі тоқтады. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстаннан жаңа инвестор келіп жатыр. Құрылтайшылар өзгерді, – деген болатын.
Осы мәселе жөнінде біз Лисаков қаласында болып, кәсіпорынның қазіргі жай-күйін жергілікті басшылар мен құзырлы орган жетекшілерінен біліп қайттық.
Еркін Тәйкешов, Лисаков қаласының прокуроры:
– Өндіріс орнындағы жалақы мәселесі – әлеуметтік мәселе. Бұл мәселе өткен жылы Елбасының мораторий жариялауымен тұспа-тұс келді де, тексеру жүргізуге ұйғарым хат жібере алмадық. Бірақ бұл мәселені біраз уақыт бойы өз қадағалауымызға алдық. Жалақы берешегіне байланысты жұмысшылар шағымданды. Біз арнайы еңбек инспекциясына ұсыныс хат жолдадық. Өткен жылы қатарынан екі рет сот актісі болды. 3 желтоқсан күні бітімгершілік келісімге келіп, жалақы берешегі шешілді. Қазір өндіріс орнының 73 жұмысшы алдындағы 10 миллионға жуық қарызы толық өтелді. Тек бір әйел ғана қалды. Ол осы қалада тұрмайды екен.
Назарбек Қоңқабаев, Лисаков қаласы әкімінің орынбасары міндетін атқарушы:
– Жалақы мәселесі түбегейлі шешілді. Қазір жаңадан келген басшылықпен қағаз өндірісін жандандыру бағытында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, Оңтүстік Қазақстаннан жаңа инвестор келді. Сол себепті өндіріс ошағының жұмысы тоқтамайтын болады. Ал кәсіпорынның өндіріс орнын «Вид» ЖШС жалға алып отыр. Кешен АТФ банкке кепілдікке қойылған. Бұл мәселемен «Тобыл» ӘКК айналысып жатыр. Менің білуімше, кепілдікке салынған кешенді әлеуметтік корпорация өз қаражатына сатып алмақ. Бұл мәселе де өз шешімін табады.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Лисаков қаласы.