“ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН” маркалы өнімді кім біледі?
«Жылдан жылға «Қазақстанда жасалған» деген өнімдер санын арттыра беруіміз керек» – деді Елбасы Үкіметтің таяуда өткен кеңейтілген отырысында. Биылдан бастап сауда орындары сөрелерінде 30% отандық өнімдерді қою міндеттелуі мүмкін. Сонымен қатар, кәсіпкерлерді қолдау үшін Ұлттық компаниялар мемлекеттік сатып алуға қажетті өнімдерді отандық кәсіпкерлерден алатын болады. Оның үстіне биыл елімізде «Қазақстанда шығарылған» акциясы шеңберінде ұлттық өнімді насихаттау кең өріс алып отыр.
Осыған орай Қостанай қаласының бірқатар супермаркеттеріндегі өнімдерге назар аудардық. «Тамаша», «Мечта» сынды ірі супермаркеттерде отандық тауарларға сұраныс өте жоғары деңгейде екен. Және оларға арнайы орын берілген. Осыған байланысты қала тұрғындарымен сауалнама жүргіздік.
зейнеткер, 80 жаста:
– Мен қазір зейнеткермін. Айына 54 мың теңге зейнетақы аламын. Зейнетақым өзіме жетерлік. Кез келген көкөністер мен жемістерді сатып аламын. Ал отандық тауарларды міндетті түрде пайдаланамын. Қостанайда шығарылып жатқан өнімдердің қай-қайсысын алып қарасақ та сапасы жақсы, бағасы қолжетімді. Мәселең, мен «Новый день» фирмасының сүтін, «ДЕП» фирмасының қатығын, «Особа» фирмасының шұжықтарын аламын. Ал немерелеріме «Баян сұлу» АҚ-ның кәмпиттерін алатын кездерім бар. Мен зейнеткер ретінде Елбасымызға үлкен алғыс айтқым келеді. Оның саясатының арқасында елімізде тыныштық, бейбітшілік салтанат құрған. Бұл бізді қуантады. Қазір Халық Ассамблеясы Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс жасап жатыр ғой. Біз ардагерлер ол ұсынысты орынды дейміз. Егер сайлауға түссе, Елбасымыздың кандидатурасын қолдаймыз. Ол кісінің еңбегі зор.
КГПИ-дің студенті:
– Қазір жеміс-жидектер қымбат. Әрине, студент болғасын қымбаттап жатқанын сезіп жүрмін. Өз басым «Қазақстанда шығарылған» маркалы өнімдермен жақсы таныспын. Өзіміздің Қостанайдың «Баян Сұлу» фирмасының кәмпиттерін кім білмейді?! Сонымен қатар, студент болғасын макарон өнімдері ғой алатынымыз. Сондайда «Корона» маркасындағы вермишель мен рожкиді көп аламыз. «Фуд Мастер» сүт өнімдерін, «Рахат», «Баян-Сұлу» өнімдерін аламын әрі жақсы көремін. Жастар қашанда жақсы істің жаршысымыз. Отандық өнім көптеп шығарылып жатса, тұтынамыз, себебі осы елдің патриоттарымыз ғой.
шебер, 33 жаста:
– Мен жеміс-жидектерді көп аламын. Алайда осы жеміс-жидектердің «Қазақстанда шығарылған» деген маркасын көрген жоқпын. Әлде мен білмеймін-ау. Жейтініміз қытайдың алмалары боп тұр. Үкімет жеміс-жидектердің өзімізде сақталуына, жылыжайларда өсірілуіне көбірек көңіл бөлсе екен бір сәт. Әйтеуір уколмен дәрі егілген алмаларды балама әкеліп беремін. Сөйтіп көзін де, өзін де қуантамын. Алайда, сапасының қандай екенін кім білген? Неге бізге Алматының аппорты жетпейді? Дүкен сөрелерінен көрінбей жатады. Елбасымыздың өзі Алматы аппортының сортын көбейтуге басымдық берген жоқ па еді?! Иісі бұрқыраған Алматының аппортын ұлттық брендімізге айналдыруымыз керек сияқты, бізге сол жетіспей тұр.
73 жаста, зейнеткер:
– Мен Кеңес үкіметі кезінде саудагер болған адаммын. 42 жыл бойы сауда саласында еңбек етіп, «Сауда саласының Еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісімен марапатталғанмын. Қарт саудагер ретінде айтар болсам, қазір дүкенде құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Бұрын біздің кезімізде бәрі де талонмен, мөлшермен берілетін. Ал, қазіргі ғылым мен техника дамыған дәуірде кәсіпорындар да көп, фирмалар да көп. Қостанайда көлік жасап шығарылып жатыр. Сүт және басқа мал өнімдерін өңдейтін фабрикалар да көп. Осының бәрі бізге жаңалық әрі қуаныш, қалқам.Сапалы отандық өнімдерді пайдаланғанға не жетсін?!
Ақнұр МҰСАБАЕВА.
Бет суреттерін түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ