Торғайда жаңа сүт зауыты ашылмақ
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің таяуда өткен кеңейтілген отырысында бірқатар маңызды мәселелерді алға қойды. Жаһандық дағдарыстың алдын алу үшін еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін атап көрсетті. Шығарылатын өнімнің сапасын арттыруды, соған сай тұтынушылар назарын отандық өнімдерді тұтынуға бағыттауды ерекше айтты. Қазақстанда жасалған бұйымдардың, құрал-жабдықтардың, азық-түлік тауарларының және басқа да өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арту үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, қаржыландыру деңгейі жыл сайын өсіп келеді.
Мысалы, «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіптің нәсібін көремін деген жандарға қолдау жасауда. Соның бірі – Жанкелдин ауданындағы «Кеңес» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңадан салып жатқан шағын сүт зауыты. Аталмыш сүт зауыты биылғы жылдың мамыр айында толық іске қосылып, пайдалануға берілмек.
Зауытты ашқалы отырған кәсіпкер Мұратбек Талғатұлы Кеңес. Оның қарамағындағы «Кеңес» жеке шаруа қожалығында 200-ге жуық ірі қара мал бар. Бұл зауыт – аталмыш аудандағы іске қосылмақ болып отырған алғашқы кәсіпорындардың бірі. Ол – Торғай аймағы мен облысымызды сүт және сүт өнімдерімен жабдықтап, өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Жаңа зауыттың жобалық құны – 5 000 000 теңге. Оның 2,5 миллион теңгесі «Даму» АҚ-ның қорынан грант ретінде бөлінді. Дегенмен, заман ағымына сай жаңаша жұмыс істеу – нарық талабы. Қазіргі таңда зауыт өзіне қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Қазір зауыттың ішіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу ғана қалды. Зауыт жайында оның директоры Мұратбек Талғатұлы:
– Басында жоба құны 40 000 000 теңгені құраған. Яғни, кең көлемді сүт зауытын ашпақ болған едім. Алайда қаржы көзін табу қиын болды, содан шағын сүт зауытын ашпақ болып шештім. Меншігімде ірі қара малы баршылық. Одан әртүрлі сүт өнімдерін шығаратын боламыз, – дейді.
Қазір Торғай өңіріндегі тұрғындарының көбінің қорасында 4-5 сиырдан бар. Бұл – сүтке сұраныс жоқ деген сөз емес. Себебі әлі күнге дейін қолындағы сиырын сауып, сүтінің 1 литрін 100 теңгеге сатып, нәпақасын айырып жүрген ауыл адамдары баршылық. Сонымен қатар төрт түлік мал ұстамайтын тұрғындар да жоқ емес. Олар азық-түлікті көбіне дүкендерден қымбатқа сатып алады.Бұл – алыстағы аудан халқы үшін өте тиімсіз. Ал Жанкелдин ауданы болса – облысымыздың ең шалғайында жатқан аудан. Ол жаққа әсіресе, жаз айларында сүт өнімдері аз тасымалданады.Олардың біразы тұтынуға жарамсыз болып қалады. Сүттен алынатын қаймақ, май, құрт, айран, ірімшік аудан орталығынан шығарылса, халыққа жақсы болар еді, оның үстіне ол арзанға түсер еді.
Кәсіпкер Мұратбек Талғатұлының бастамасы құптарлық. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысып отырған аудан үшін үлкен жаңалық болмақ. Оған аудандық әкімдік пен кәсіпкерлік бөлім тарапынан тиісті қамқорлық болса, жаңалықты жақсы іс жанкелдиндіктер үшін өз пайдасын молынан тигізері анық.
Мұратбек «Даму» қорына риза. Оның үлкен көмегін яғни грантын тиімді пайдаланып, өзіне де, ауданына да тиімді шаруа жасауға құлшынып отыр. Зауытының ашылуына азғантай ғана уақыт қалды. Жаңа кәсіпорын лайым да, өз өнімдерін сапалы етіп шығарып, нарықтан өз орнын алса, кұба-құп.Мұратбек болса, «сөзімде тұрып, уәдеден шығамын!» – дейді.
Ақнұр МҰСАБАЕВА.
Жанкелдин ауданы.