Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

Облыстық «Қостанай таңы»  газеті  бүгін майдангерлер
Қажи Маманов пен Қасымхан Алдабергеновке  сөз беріп отыр
 
кажы МамановҚажи МАМАНОВ:
«Біз өз заманымыздың перзенті болдық»
Ұлы Отан соғысының басталуымен біздің жасымыздағы балалардың бірқатары оқуды әрі қарай жалғастыра алмады, жастық шақтың қызығын қызықтаудан айырылды, буындары қатпаса да ерте есейіп, еңбекке араласып кетті. Солардың ішінде мен де екі ағамның майданға аттануына байланысты, оқуды тастап, күнкөріс тауқыметімен ата-анама қолғабыс тигізіп, колхозда еңбек жолын бастадым. Қол күшімен, жұмыс көліктерімен атқарылатын колхоз өндірісінің барлық түрінен өттім.
Армия қатарына 1944 жылы шақырылдым. Орал әскери округіндегі даярлықтан кейін майдан шебіне жіберілдім. Онда 1945 жылдың наурыз-мамыр айларында 2-Белорус майданы 65-Армияның 69-атқыштар дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысының соңғы операцияларына қатысып, Жеңіс күнін Балтық теңізінің жағасында қарсы алдық.                  
Соғыс аяқталғаннан кейін де мен әскери қызметімді Совет Армиясының Германияны оккупациялау құрамаларында, ал кейіннен Совет Армиясының Солтүстік Тобының (Польша) құрамында жалғастырдым.
Армия қатарынан 1948 жылдың мамыр айында запасқа шықтым. Жастығымның куәсі болған Мендіқара ауданына оралып, қызметке алынып, аудандық Совет атқару комитетінің жауапты хатшысы болып сайландым. Міне осы ұжымда ауатком төрағасы болған даңқты партизан Жүсіп Наметов (партизандық жалған аты Иоска Самосуд), ауатком төрағасының орынбасары болған Совет Одағының Батыры  Сейітхан Темірбаевтармен бірге төрт жыл қызмет істеп, мемлекеттік қызметкер болып калыптастым. Партия қатарына қабылдандым.
Қостанай облыстық Совет атқару комитетінің аппаратына қызметке шақырылып, онда облатком төрағасының көмекшісі болып қызмет атқардым. Осы аппаратта облатком төрағалары болып істеген Құлжан Өтеғалиев, Иван Гаврилович Слажнев, облаткомның жауапты хатшысы болған Мағауия Жүнісовтердің басшылығымен менің мемлекеттік қызметкер болып қалыптасуым өз жалғасын тапты.
Еңбек жолымның біраз жылдары, өмірімнің дер шағы облысымыздың оңтүстік өңірімен байланысты болды.
Алматы жоғары партия мектебін бітіргеннен кейін  Жанкелдин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым, осы жұмыста 1965 жылға дейін істедім.
 1965-1987 жылдары Урицкий аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы,     "Костанайасбест" комбинаты жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің бастығы, Ленин аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін атқардым. 1987 жылы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей облыстық халықтық бақылау комитетінің аппаратында, кейіннен облыстық халықты жұмыспен қамту басқармасында мемлекеттік қызметтерде істедім. Жетпіске таяп келіп, жұмысты тастағанымда менің жалпы еңбек стажым 55 жылдан асып кетті.
Еңбек жолымда жүздеген тамаша адамдармен жолдас болдым, олардан көп нәрсені үйрендім.
Біздің Қостанай облысын басқарған басшылардың ішінде маған ерекше көзқараста болған  және мен де оларды өте қадір тұтқан Қозыбаев Оразалы, Моторико Михаил Георгиевич, Жәнібеков Шәңгерейдің есімдерін ерекше ілтипатпен атаймын.
Осы кезде біздің ұрпақ өкілдерін "Бұлар Ресей үшін немістермен соғыс-қандар",   не кешегі  «партократтар» деп айдар тағатын бірен-саран адамдарды кездестіруге болады. Оларға біздің айтарымыз: біз өз заманымыздың перзенті бол-ғандықтан сол заманымызға еңбек еттік. Ол кезде біздің еліміз де сол ортақ Отанымыз – Советтер Одағының құрамында болғандықтан сол тоталитарлық жүйеге қызмет ететін Коммунистік партияның солдаты болдық. Ал, Ұлы Отан соғысы Ресей мен Германияның арасындағы соғыс емес, ол прогресшіл адамзаттың фашизмге қарсы, әлемдік өркениетті сақтап қалу үшін болған соғыс. Біз күш-қуатымызды, қажыр-қайратымызды өзіміздің Қазақстанның, қалды облысымыздың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге,  халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға сарп еттік. Ал тәуелсіз Қазақстан Республикасы сол аға ұрпақ құрған материалдық-техникалық базаның негізінес дүниеге келіп, соның негізінде әлемге танылып, дамып келе жатқан жоқ па?!
 
IMG_8778 Қасымхан АЛДАБЕРГЕНОВ:
«Жеңіс ‘– мәңгі жас»
Жасы тоқсанға таянған, қарт абыз Қасымхан аға Алдабергенов Жеңіс туралы, майдандас достары туралы тебірене толқып отыр?
«Иә, жетпіс жыл. Алла-Тағаланың пендесіне (онда да сүйген құлына) өлшеп беретін бір адамдық ғұмыр, сақалы кеудесін жапқан қария – Уақыт.
Жеңіс – мәңгі жас. Ғасырларды тесіп өтетін Өлмес Тарих, Өшпес Даңқ, Елдіктің, Ерліктің, Отансүйгіштік пен Достықтың өнегелі үлгісі, шырқау Шыңы, Жан беріп, Жан алар Серті.
Шіркін, сондағы жігіттердің жүрегі қандай таза еді. Өмірді кіршіксіз сүюші еді ғой, өмірге шексіз құштар болатын. Кеудесіндегі шыбын жаны тағдырдың оған тартқан сыйы еді.
Мұндай жүректе кір қалмайды. Ол жер бе-тіндегі, жарық дүниедегі тірліктің, тіршіліктің бәрін таза қалпында қалтқысыз сүйетін. Оның алдында мөлдір өмір жолы тұрды.
О, сойқан соғыстың солдаттары-ай! Сендер сондайсыңдар. Солай болып та келесіңдер, солай болып жер қойнына ене-сіңдер. Бірақ, жер бетінде сендердің ыстық жүректеріңнің оты қалады. Оған ұрпақтарың жылынатын болады!
Менің майдандас досым Әшірбай Есмұр-заев ағып тұрған ақын еді.
Қоштасарда көп қиналды. «Егер тілекке жетсек, әлі талай қауышамыз. Бұл тек сенің көңілің үшін  айтылған сөз емес, жүректің тұнық түбінен шыққан сөз.
Сенің ашық бейнең, ағалаған сөзің мен үшін қымбат. Айласын тапсаң айды құш, бірақ аспан тіреусіз  абай бол.
Қолың берші, қатты қысып тағы бір,
Кетер кезде құмардан бір шығайын.
Қимас жүрек еріп, балқып соғып тұр,
Көздің жасын құрғатайын, сығайын!
Әшірбай.
15.10.45. Сағат 10. Гедёле қ. Венгрия».
Әшірбай ақжарқын, әркіммен де тіл табыса алатын жігіт еді. Сержант құрамында болғанмен, офицерлермен тең дәрежеде сөйлесетін.
Бірде мен түскі асқа штабтан кешігіп келдім. (Бір пәтерде жаттық, мадьяр үйі). Келсем стол үстінде ас арасында бір бет қағаз жатыр, оқысам өлеңмен былай деп жазылыпты:
"Жартылық үйде арақ тұр,
Сен келер деп қарап тұр.
Шымырлап шыны ішінде
Қарт бурадай жарап тұр.
Шыныны теуіп сықап тұр,
Шыны да зорға шыдап тұр.
Ертерек мені босат деп,
Көзін сүзіп жылап тұр.
Келмесең бүгін түсінде,
Билігім болмақ күшінде,
Үйдегі "жарты" арақты,
Көрмейсің сосын түсіңде".
Қайран Әшекей-әй, үлкен ақын болатын!
Тойкен Әбдіғұлов, бұл енді нағыз қанды көйлек досым еді, әрі құрдаспыз. Алматы облысы, Қаскелең ауданынан болатын. Көп үндемейтін, биязы мінезді, шағын денелі жігіт еді. Күресіп кеп қалғанымызда иіліп кеп жамбасқа сап лақтырып жіберетін айлалы еді. 64 килограмм "Максим" пулеметін талай арқамызға артып (станогі 32 кг) алғы шепке шығатынбыз. Тарамыстай төзімді болатын. Достыққа да берік. Мінезіміз жарасты ма, екеуміз етене егіздей жүретін едік.
Қайран, достарым-ай…
Жат елде, қан майдандағы қалыптарың, жастық бейнелерің, үлкен жүректерің менің көз алдымнан кетпейді.
Иә, Жеңіс – мәңгі жас.
 
Қайдасыңдар, достарым
Қайдасыңдар, қаруласым – достарым,
Жетпіс жыл-ау бастарыңды қоспадың,
Қайырылмастай кеттіңдер ме алаңсыз,
Азат етіп жарты әлемнің аспанын.
 
Қайдасыңдар, қанды көйлек достарым,
Ойлаймыз ба, ойпыр-ай, біз бас қамын?!
От боп жаудың ойрандадық ордасын,
Отан үшін, бақыты үшін басқаның.
 
Жалпақ елден жауды қуып, алас қып,
Өліміз бар, тіріміз бар тарастық.
Бурыл басты ата болып қауышсақ,
Бізге бүгін болмас па еді жарастық?!
 
Оқасы жоқ, оған да мен таласпан,
Ойларым көп одан гөрі әрі асқан.
Бір-ақ нәрсе бізге мұрат жалғанда –
Шайдай ашық бола берсін көк аспан!

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓