Жақсылықты жаны сүйген азамат Дүйсенбай Сейітқазинов – 60 жаста
Ақырын жүріп, анық басқан адамның биязылыққа, байсалдылық мінезге бай болатыны белгілі. Біздің кейіпкеріміз Дүйсенбай Сейітқазинов – сондай жан. Қызмет орнын былай қойғанда, көшеде кездескенде де жылы амандасып, асықпай тілдесу оның бойына жаратылған асыл қасиет.
– Сабырлылық бала кезден қалыптасқан болар? – дедім оған әңгімемізді бастамас бұрын.
Дүйсекең – Дүйсенбай Те-міржанұлы әдеттегідей лекітіп, күліп алды. Сосын:
– Қай балаға да еркелік сезім тән. Ер баланың үлкені болғандықтан ба, үйде еркіндікке бой беретінмін. Сол кезде әкемнің апасы Сағила тәтем ескерту жасайтын, – деді.
Мен іштей таңырқай отырып, ата-анасы неге тиым салмайтынын сұхбат арасында көлденең тарттым.
– Анам Қанымкүл әкең келгесін ешкімге бағынғың келмейтініңді айтып қоямын десе, тыныштала қалатынмын. "Әке балаға асқар тау" деген осы болар. Теміржан әкем тік мінезді. Сонда да балаларына қатты сөз айтқан емес. Сол кісінің мысы басатын.
Дүйсекеңнің сөз саптасы адамды қызықтырады. Есімі аталған Сағила – әкесінің апасы. Мектеп оқушыларының жиналысына сол кісі қатысып жүріпті. Сағила Дүйсенбайға сыныпта озат оқушы атана тұра, үйге келгенде еркелікке бой алдыратынын бетіне басады. Үлкен апаның сөзінен бала қатты ұялатын.
Алпыс жасқа дейін есте сақталған оқиғалар туралы әңгімеге кейіпкерімді сүйреледім. Дүйсекең ағынан жарылды. Үлкенді сыйлауды, қариялардың жолын кесіп өтпеуді өмірлік дәстүрге айналдырғанын айтты.
Бір күні дүкенге барғанда ұстазы Кенжеғали Батырбеков кездеседі. "Сен, қыдырып, бос жүруді сүйесің ғой, шамасы" деп мұғалім жеңіл әзілмен шымшып алғанда, аяқ астынан қысылды.
– Ыңғайсызданған себебім, Кенжеғали ағайдың сабағында сауалға жауап бере алмай қал-ғанмын. Батырбеков – химия пәнінің мұғалімі. Қобалжып тұрып, химияның қиын формуласын шатыстырып алдым. Ертеңгі сабақта тағы да жауап бере алмасам, мұғалім көше кезуші ретінде жазалайтындай сезіндім. Үйге келе сала оқулыққа бас қойдым, – деді Дүйсенбай.
Әулиекөлдегі Ш.Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімдерінің қатарындағы Кенжеғали Батырбеков аңғарымпаз ұстаз. Шәкірт қолын көтергеннен мұқияттылығын байқап, онан сабақ сұрамады.
Дүйсенбайға бастауыш мектепте сабақ берген ұстазы – Бекежан Нұрмұханбетов. Математик Мейрам Мұхамеджанов, физиктер – Ысқақ Әлмағанбетов, Сағындық Досмағанбетов, мектеп директоры Қаратай Сәрсенбаев, оның жұбайы Күләш, Зере апай және басқалары Дүйсенбай үшін терең білімді, парасатты мұғалімдер саналды.
– Сағындық ағай үстел тенисі ойынын ұйымдастыратын. Спортта жеңіске жеткен балаларды жеңілгендер киноға апаратын. Бәсекелестікке Сағындық ағайдың баулығаны керемет оқиға, – дейді Дүйсекең.
Есею жылдары
1971 жылы Алматыға бағын сынауға аттанған Дүйсенбай емтихандарды үздік тапсырды. Ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде үздік оқып, қызыл дипломмен аяқтады. Ғылыми жұмыстармен айналысу ұсынылса да, еңбек жолын ауылда бастауға аңсары ауды.
Жетпісінші жылдары "Сұлу-көл" асыл тұқымды шаруашылығында егіншілік саласының да маңызы артты. Жас маман агроном болып орналасты. Он бес айда тиісінше тәжірибе жинақтады. Жоғары оқу орнын бітіргенде оқу озатына өндірісте жұмыс істеуге және аспирантураға еркін жолдама берілген-тін. Дүйсенбай Теміржанұлы Вильямс атындағы егіншілікті зерттеу институтына шақырылды. Аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін өскен талапты жас қоғамдық жұмыстарға да араласты.
1986 жылы "Жерді өңдеу және ауыспалы егіс" тақырыбына кандидаттық диссерта-цияны сәтті қорғады. Ғылыми зерттеу институтында ойдағыдай еңбек етіп жүргенде әкесі Теміржан Қостанайға оралуға қолқа салды.
Туған жердің түлегін жерлестері жылы қарсы алды. Ауыл шаруашылығы институтының егіншілік кафедрасына терең білімді, доцент оқытушы қажет еді. Дүйсенбай Сейітқазинов болашақ агрономдарға сабақ берді. Кафедра меңгерушілігіне, факультет деканына дейін өсті .
Бүгінде Дүйсенбай Темір-жанұлы – А.Байтұрсынов атын-дағы Қостанай мемлекеттік университетінің экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор. Бұл нағыз жауапты жұмыс. Оқу орнының қаржы мәселесін бақылау мұқияттылықты талап етеді. Сонымен қатар, әлеуметтік саланың өзі бір төбе. Студенттердің тұрмыс жағдайына, демалыс уақыттарын мәнді өткізуге байланысты шаралар ұйымдастыруды күн тәртібіне қоюға ерекше белсенділік қажет.
Д.Сейітқазинов қоғамдық жұмысқа араласуға мектеп оқушысы кезінен ынталы еді. Ғылыми зерттеу институтын комсомол, партия ұйымы хатшылығына сайланды.
Дүйсенбай Сейітқазинов бес жыл экономиканы басқару, бюджет, заңдылық және тәртіптілік мәселелері жөніндегі комиссияны басқарды.
Әке тағылымына бой ұсынды
Дүйсенбайдың әкесі Теміржан жас уақытынан жүргі-зушілікті қалап, құрметті демалысқа кеткенге дейін сүйікті мамандығын қадірледі.
Темекең мен жұбайы Қанымкүл тоғыз бала сүйді. Солардың барлығын қатарынан кем қылмай, тәрбиелеу – үлкен парыз. Балаға саналы тәрбие беру ақыл айтумен ғана шектелмейтінін Теміржан іштей түйіндеді. Оларды заман талабына сай киіндіру керек.
Жексенбі күні таңертең ерте, күтімге қойылған қойын сояды. Қанымкүл апай қат-қат шаруалар басынан асса да, қолдағы мал күтіміне де үлгіреді. Түліктердің күйі ылғи жақсы болады.
Отағасы Теміржан бәйбі-шесінің еңбек сүйгіштігіне дән риза. Риза болмай қайтсін, сойған қой сеп-семіз. Ерлі-зайыптылар аппақ қардай семіз етті базарға апарып сатады. Сонда тұтынушылар тек солардың ғана етін жоғары бағалады.
– Темеке, шиеттей бала-шағасын қалай асырайды десек, табыс көзін тапқан екенсіз. Саудаңыз қыза берсін, – деп ізгі тілегін білдіреді замандастары. Қарап отырсақ, Теміржан Сейіт-қазинов бизнес жолын сол кездерде тапқан.
Дүйсенбай кішкенесінен табиғатқа сүйіспеншілікпен қарады. Кіндік қаны тамған №71 разъезд шағын ауыл болса да, табиғаты әсем еді. Сонау алыстағы орман көз тігіп қарасаң, мұнартып көрінеді. "Ағаштар неге көгілдір түске боянады екен?" деп бала қиялымен ойлайтын.
Әулиекөлге отбасы қоныс аударғанда үлкен елді мекеннің әсемдігіне сүйсінді. Разьездегідей емес, мұнда түп-түзу көшелер көп.
– Әке, мына ауылдың көшелері неге ұзын? – деп сұрайды Дүйсенбай.
– Біз ауылға емес, аудан орталығына көшіп келдік. Мұнда бірнеше мыңдаған адам тұрады. Тұрғындары көп мекеннің көшелері қашанда ұзын болады, – деп түсіндіреді Теміржан баласына. Сосын ұлын жүк машинасының кабинасына мінгізіп алып, аудан орталығының көшелерін аралайды.
– Балам, есіңде болсын, мына айдындай жарқыраған көл "Әулиекөл" атанған. Көлдің жанындағы зиратқа әулие адамдар жерленген. Зират жанынан жалғыз өзің өте қалсаң, ішіңнен "Піссіміллә" деп айт.
Дүйсенбай сөзін асықпай саптаған әкесіне жүзін бұрып қарап, көңілденеді.Қызық әңгіменің созыла бергенін тілейді . Теміржан аудан орталығының көлемінде жеті көл бар екенін, сол себептен бұл аймақтың "Жетікөл" атанып жүргенін де тілге тиек етті.
– Аудан іргесіндегі үлкен мекен Аманқарағай атанған. Ес-туімше "Аманқарағай" сөзі осы маңға қарағай ағашы егілгеніне байланысты туындапты. "Әмен қарағай егілген жер " сөзі ылғи, кілең қарағай ағашы егілген сөзінің мағынасын береді ,– дегенде әкесінің көп білетіндігін баласы мақтаныш тұтты.
"Мен де терең ойланатын боламын" деп іштей күбірледі Дүйсенбай. Сол асыл сезім, сол балалық қиял есейе келе айнымас қасиетке айналды. Ізденімпаздыққа, еңбек сүйгіштікке өзін қалыптастыра білді.
Дүйсенбайдың жары Гүлза Сапақызы да өмірге көзқарасы жоғары әйел, белгілі қаламгер Медеу Сәрсекеевтың қарындасы.
– Біз үш баламызды қоғамда өздерінің орнын табуға тәрбиеледік. Құдайға шүкір, мақсатымызға жеттік, – дейді ерлі-зайыпты Сейітқазиновтар.
Бала ата-ананың бақыты деген осы. Үлкен қыздары Зира, оның күйеуі Хамит экономика мамандығын игерген. Ортаншы қыз Сәуле де экономист, оның күйеуі Бекзат – Ақмола облысының Целиноград ауданындағы әкімнің орынбасары. Ұлы Санжар – экономист. Оның жұбайы Ұлпан – менеджер. Ұл-қыздардан сүйген немерелер ата-әжені үнемі қуанышқа бөлейді.
Қостанай қаласындағы үлкенге іні, кішіге аға бола білген, ілтипатты жан – Дүйсенбай Сейіт-қазиновтың өмірі мен еңбек жолы осындай.
Ермекбай
ХАСЕНОВ
Суреттерде: Дүйсенбай Теміржанұлы қызмет кабинетінде; Дүйсекең отбасымен бірге.