Табиғат – баршамыздың анамыз

Аманкелді ауданы әкімдігінің мәжіліс залында "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің жұмысы туралы облыстық әкімдіктің көшпелі мәжілісі өткізілді.
Оны облыс әкімінің орынбасары Б.Ш.Жақыпов ашып, жүргізіп отырды.
Мәжіліске Аманкелді және Жанкелдин аудандарының әкімдері Ж.Қ.Таукенов, А.А.Кенжеғарин, облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы      М.А. Бегімбетов, облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану, реттеу басқармасының басшысы Қ.Қ.Төлебаев және бас-қалары қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде: "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылған уақыттан бері атқарып отырған жұмысы және осы табиғи аумақтағы орын алып отырған қаскерліктің алдын алу туралы" мәселе қаралды. Бұл туралы "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваты мемлекеттік мекемесінің басшысы Қ.Біржанов баяндама жасады.
Баяндаманы талқылауға облыстық аумақтық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясының орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы реттеу мен бақылау бөлімінің басшысы Х.А.Молдағұлов, Аманкелді аудандық ІІБ бастығы А.А.Қабажаев, Аманкелді ауданының прокуроры А.Б.Тентеков, Жанкелдин аудандық ІІБ бастығы М.Р.Сыздықов, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары А.В.Григоревский қатысты.
Мәжілісте "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінің құрылған уақыттан бері атқарған жұмысы талқыланды. Жарыссөзге шығып сөйлеушілер аталмыш табиғи резерват ұжымының қазіргі таңда табиғатты және оның байлығын қорғау ісінде жеткіліксіз жұмыс істеп отырғанын нақты фактілермен сынға алды. Орын алып отырған негізгі кемшіліктерді саралап көрсетіп берді.  
Сонымен, "Алтын Дала" мемлекеттік табиғи резерватының біржарым жылдық жұмысына жан-жақты талдау жасалды. Резерват басшылығы мен ұжымының жұмысына шынайы әділ сын тұрғысынан баға берілді. Жасалған жұмыстың қазіргі нәтижесі мардымсыз екені, сонымен қатар, резерват жұмысын бұлайша бетімен жіберуге болмайтыны, алдағы уақытта қатаң сұрау жасалатыны резерват әкімшілігіне ескертілді.
Табиғат – баршамыздың Ұлы Анамыз! Оның байлығы – адамзаттың, соның ішінде торғайлықтардың да игілігіне қызмет етіп келеді. Сондықтан да, оны анамыздай аялау, ардақтау, қорғау, келешек ұрпаққа жасампаз қалпында жеткізу – бүгінгілердің азаматтық парызы. Демек, "Алтын Дала" табиғи резерватының ұжымы мен басшылығы алдағы уақытта бүгінгі берекесіздік пен бойкүйездіктен арылып, "Қазақстан-2050" стратегиясына сәйкес жан-жақты әрі пәрменді жұмыс жасауы керек. Табиғат пен оның байлығына қаскөйлік жасайтындармен батыл күресіп, тиянақты іс жүргізулері басты міндеттері. Табиғат пен оның байлығын сақтау жолында тиісті басқа да органдармен бірлесіп, жемісті жұмыс жасауы  керек.
Облыстық әкімдіктің көшпелі отырысын қорытындылаған Б.Жақыпов табиғи резерват әкімшілігінің алдына табиғатты және оның байлықтарын аялау жолында жоғары жауапкершілікпен жұмыс жасауды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Хамитбек
      МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓