Яков ҒАБДОЛЛАҰЛЫ: Болашақ ұрпақтарымыз тек еңбек майданының жеңісін ғана көрсін!

DSC_0013Міне Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 69 жыл толды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда қазір 6 мыңға жуық соғыс ардагері мен 220 мың тыл еңбеккері тұрады. Яғни, арамыздан  соғыс ардагерлері азайып барады деген сөз.
Қарасу ауданынан 3265 жауынгер майдан даласына аттанып, Москва мен Сталинградттағы жау өтінде соғысып, Украина, Белоруссия және Балтық елдерін неміс басқыншыларынан азат етуге атсалысты.  965 солдат жау шебінде оққа ұшса, 473 солдат із түзсіз жоғалып кеткен. Яғни, әрбір төртінші жерлесіміз туған жерге оралмады. Майданда қаза тапқан шейіттердің есімдері мрамор тасқа қашалып жазылып, Қарасу ауданындағы Жеңіс саябағында тұр. Ал, Жеңістен аман сау оралғандардың саны – 1500. Осылардың ішінде 11 ардагеріміз ғана ортамызда аман сау биылғы Жеңістің 69 жылдығын тойлады. Соның бірі  –  Яков Қаратаев атамыз.
Кеудесінде орден-медальдары жарқыраған Қаратаев Яков Ғабдоллаұлымен біз орталық Жеңіс саябағында кездестік. Ақсақал Жеңіс саябағындағы Ұлы Отан соғысына қатысушылардың  есімдері жазылған ескерткіш тақтаға қарап, үнсіз ойға шомып отыр екен… Саябақта ойнап жүрген балғындар атаны қоршап алып, орден-медальдарын ұстап көріп, бетінен сүйіп, ардагерді қуантып жатты. Біздің ол кісімен әңгімеміз төмендегіше өрбіді.
– Яков ата, Ұлы Жеңістің 69 жылдығы құтты болсын! Қал-жағдайыңыз қалай?
– Аллаға шүкір, балам! Биыл 88 жастамын, 90 ға бет түзедік. Денсаулығым жақсы. Ел аман, жұрт тыныш. Балаларым жанымда. Осыдан артық маған нендей бақыт керек?!
– Ата, сұхбатымызды құлаққа тосындау естілетін  Яков деген есіміңізден бастасақ. Атыңызды бұлай деп кім қойды?!
– Ойбай, балам-ау,  менің азан шақырып қойған есімім – Яков емес, Яшүкір! Отбасымызда бала тұрмағасын әке-шешем ырымдап, молданың айтуымен атымды әдейілеп осылай қойған екен. Оның үстіне менің кіндігімді еркек адамға кестірген. Әке-шешемді орыс большевиктері "шовинист", "бай-кулак" деп қудалап,    кәмпескелеп, қолымыздағы бар малымызды тартып алды. Біз орысы көп шоғырланған ауыл-дарға барып жан сауғаладық. Бала кезімнен орыс ауылында ержетіп, бейнетті көп көрдім. Сонда ғой орыстар мені "Яшке, Яшке" деп атап кеткен. Кейіннен төл-құжат аларда мені Яков деп жазып жіберіпті. Менің Яшүкір  екенімді азан шақырып атымды қойған молда ғана білетін еді. Ол да былтырғы жылы дүиеден өтті.
DSC_0038– Яков  ата, өзіңіздің өмір жолыңыз туралы айтыңызшы, соғысқа қалай, қай жылы іліндіңіз?
– Мен соғысқа 1944  жылдың қаңтарында аттандым. Ол кезде мен 18 жастағы бала едім. Бізді алдымен арнайы екі айлық әскери дайындық курсына жіберді. Біз ол жерде әскери дайындықтан өтіп, қаруды қалай қолдануды үйрендік.  Мен Белорусияда соғыстым. 1944 жыл Жеңіске жетуге аз қалған уақыт еді. Біз Поль-шаны немістерден азат еттік. Одер деген өзен бар. Сол өзеннің бойындағы  ұрыста  мен  қатты жараланып, екі саусағымды жоғалттым. ( Ақсақал шолақ екі саусағын көрсетті). Ал елге 1950 жылы оралдым. Оған дейін сол кездегі Кеңес әскерінің құрамында болдым. Елге келген соң, 1952 жылы  Орынбасар  Рахымжан-қызымен отау құрдым. Жұбайым дүниеден озды. Екеуміз 8 бала тәрбиелеп өсірдік. Бұл күнде сол 8 баладан  22 немерем, 5 шөберем бар.
– Соғыста қорықпадыңыз ба?
– Қорықпадым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Мен де ет пен сүйектен жаратылған пендемін ғой. 18 жастағы баламын, қалайша қорықпайын? Бірақ сол кездегі бейнетті көп көргенімнен бе екен, мен үшін өлім деген аса қорқынышты болмады. Аздап қорқыныш болғанымен адам бәріне көндігеді. Оның үстіне сол кездің саясаты бойынша,  "коммунист" болсаң ештеңеден қо-рықпауың керек болатын.  "Бәрі де Отан үшін, майдан үшін" дейтін заман еді. Оның  үстіне сол кездегі радиодан "Отанымыздың жүрегі – Москва!" деп сарнап айтып жататын. Егер айналасындағы одақтас елдердің күшін жұмылдырмағанда, орыстардың жеңіске жетуі мүмкін емес еді. Қазақтар бұл соғыста ерен ерлік көрсетті. Ашаршылықтан, 1937 жылдың дүрбелеңінен аман қалған аз ғана қазақтың жігіттерің майданға жетті. Жаудың алдыңғы шебінде ұстады. Олардың ерлігі де дұрыс бағаланбады. Бауыржан Момышұлына Совет Одағының  батыры атағы берілмеді. Рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевты ешкім елемеді. Бәрі де саясат еді ғой.  Дегенмен біз үшін немістер "фашист" болды. Бәріміздің санамызда 4 млн.  еврейдің көзін жойған Гитлер деген жауызды жерімізге кіргізбеу болды. Бір кездегі  Россия қазір сендерге Отан болмағанымен, бізге Отан болды. Сондықтан бұл жеңіс "Ұлы Жеңіс", "Ұлы Отан соғысы" болып аға ұрпақ өкілдері-нің санасында мәңгі қала бермек.  Майданнан оралған соң, Тімтуір ауылында механизатор болып еңбек еттім.  Содан, міне, осы  күнге аман  жетіп отырмын. 
Ақнұр МҰСАБАЕВА.
Суреттерді түсірген автор.
 

You may also like...

1 Response

  1. Базар айтты:

    Акнур красавица! Жасасын Торгай жастары!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓