«ӨНІМІ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР…»

Жас кәсіпкер ешкі сүтін өңдеп, тегін таратып жүр
Өткен аптада Қостанай облысында «Zhas Project» жобасы бойынша жастардың аймақтық форумы өтті. Шара аясында көрме ұйымдастырылып, онда өңірдің жас тұрғындары кондитер және тоқаш өнімдері, шағын жылыжайларда өсірілген көкөністер, мүгедек балаларға арналған киімдер, шағын роботтар, оттегі коктейльдері сияқты көптеген әлеуметтік жобаларды таныстырды. Солардың арасында қостанайлықтарға ешкі сүтін тегін жеткізіп отырған жас кәсіпкер Абай Дүйсеков те бар.
 
IMG-20190129-WA0052
–  «Zhas project» жобасының аймақтық үйлестірушісі Ерлан Төлетаевтың айтуынша, Қостанай облысында 11 бағыт бойынша 137 кәсіп жобасы мақұлданды. Өз бастамаларын іске асыруға 454 жас ниет білдірген екен. Жалпы, өзіңіз осы жобаға қалай келдіңіз? Кәсібіңіз қашан басталды?
– Ең алдымен, аталмыш жоба туралы қысқаша айтып өтейін. Өткен жылы Дүниежүзілік банк пен ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар корпусын дамыту мақсатында Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында «Zhas project» жобасын іске қосқан болатын. Бағдарламаға 14 пен 29 жас аралығындағы жастар қатысты. Жобаның талаптарында көрсетілгендей, үш немесе бес адамнан тұратын команда болашақ кәсіптерін ұсынуы керек болды. Әлеуметтік жобаның тиімділігі, бөлінген грант бизнес бастаушыға қайтарымсыз беріледі. Бірақ, әлеуметтік жоба грантын жеңіп алған жастар жарты жыл халыққа тегін қызмет көрсетуі тиіс. Әрі ол үшін қатысушыларға алты ай бойы шәкіртақы төленеді. Орта және арнаулы білімі барларға 40 мың теңге, ал жоғары білімі барларға 60 мың теңге беріледі. Біз бұл жаңалықты ести сала қатысуға өтінім жаздық. Қазір менің командамда тағы екі адам бар. Тамыз айынан бері Айнұр Сейітова, Елена Тюрина сынды жас кәсіпкерлермен бірігіп, келісімшарт арқылы жұмыс істеп келеміз.
IMG-20190129-WA0055
–  Неліктен ешкі сүтін өндіруді таңдадыңыздар?
– Біріншіден, ата кәсіппен шұғылданудың жөні бөлек. Екіншіден, ешкі сүтінен жасалған өнімдер дәл Қостанайда қат, қалалық жерлерде таптырмайды. Ешкі сүті А, С, В, Д, Е дәрумендері мен басқа да микроэлементтер қорының қайнар көзі болғандықтан адам ағзасына өте пайдалы өнім. Сөйтіп, ойланбастан осы кәсіпке таңдау түсті.
– Өнімі көл-көсір түлікті бағу да оңай емес. Қала ішінде ешкі сауу бір бөлек, күтімі қалай? Арнайы қора-қопсыда ұстайсыздар ма? Қанша төл бар?
–  Негізі, жұмыстың жаманы жоқ. Адам кез келген жұмысты бастарда бар ынтасымен кірісуі керек. Қалада тұрып та мал ұстауға болады. Бір жағынан, ешкі малы өсімтал, тез көбейеді. Қыс кезінде ешкілерді қаладағы Узкоколейная көшесінде бағамыз. Жазда Қостанай ауданына апарып, жайылымға жібереміз. Жылы қорада ұстап, жем-суын уақытылы беріп отырамыз. Қазір қолда 8 ешкі ғана бар. Дегенмен, алдағы уақытта оларды көбейту жоспарда бар.
IMG-20190129-WA0058
–  Жұмыстарыңыз келісімшарт арқылы екенін айттыңыз.  Бұл  «Zhas Project» жобасының талаптарында көрсетілген бе?
–  Әрине. Келісімшарт негізінде біздің команда 3 ақпанға дейін жұмыс істейді. Содан кейін ғана коммерциялық негізге көшеміз. Мемлекет біздің кәсіпті қолдау үшін 950 мың теңге бөлді. Алдымен, Астанадағы және Қостанайдағы үйлестіру агенттігі жобаның шарттарымен таныстырды. Осы жылдың 24-27 қаңтары аралығында арнайы оқу курсынан өттік. Бүгінде халыққа тегін қызмет көрсетіп келеміз. Мәселен, ешкі сүтін бағдарлама басталған алты ай ішінде көпбалалы отбасыларға, «Жанұя» балалар үйіне, «Амалия» сауықтыру орталығына тараттық. Өнімді міндетті түрде термоөңдеуден өткіземіз. Сондай-ақ ірімшік, құрт жасаймыз. Пайдалы сүтті қажет еткен әр отбасыға тегін жеткізіп беруге дайынбыз.
IMG-20190129-WA0056
–  Келісімшарт мерзімі аяқталған соң жоспарларың қандай? Атқарушы биліктен қолдау бар ма?
–  Биыл – Жастар жылы. Бизнес саласында жүрген жастарға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан, өз кәсібін бастап, елге пайдамды тигіземін деген жастардан күтер үміт мол. Мұны Елбасы жастармен кездесуінде баса айтты. Шынымен де, «Zhas Project» аясында көрмеге қойылған жобалардың бәрі қызықты. Бірақ, олардың болашағы қалай болады? Меніңше, бәрі жастардың өздеріне байланысты. Облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев біздің жобаларымызды ары қарай дамытуға көмек болатынына уәде етті. Бұл, бізге зор сенім артылып отыр деген сөз. Ең бастысы, ерінбеу қажет. Қол қусырып, мемлекетке ауыз ашып отыра беруге болмайтынын айтқым келеді. Мемлекет жұмыс істеймін деген жастың қолын қақпайды.
Суреттер кәсіпкердің жеке архивінен алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓