Қайғыны бөліссең жеңілдейді
Қостанайлық жеті жасар Полина Кимге көмек керек. Қаршадай қыз екі жылдан бері қатерлі дертпен күресуде. Оған жілік майын ауыстыру бойынша ота жасау қажет.
Полинаның туған-туыстары неміс клиникасына хабарласқан болатын. Ол жерде ота жасау құны 520 мың еуроға бағаланыпты. Ал Минскідегі клиника 170 мың доллар сұрап отыр. Оңтүстік Кореядағы клиниканың қойған бағасы-133 мың доллар. Қазіргі уақытта туысқандары кішкентай қыздың өмірін сақтап қалу үшін көпшіліктен көмек сұрауда. Полина Ким туралы хабарландыру жазып автобустар мен аялдамаларға іліп қойды. Әлеуметтік желілерге де ақпараттар орналастырған. Бүгін таңертең МАРТ ойын-сауық орталығының алдында қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде қолдан жасалған бұйымдар, әртүрлі ойыншықтар сатылды. Полина туралы естіген қала тұрғындары жағдайлары келгенше көмек беруде. Мәселен, қостанайлық Олег Дрыга Полина туралы одноклассники әлеуметтік желісінен оқыған. Сауапты іске үлес қосу үшін өзі жасаған қолөнер бұйымдарын көрмеге әкеліпті.
-Жер бетінде қайырымды адамдар бар. Немеремнің өміріне алаңдап, хабарласып, көмек беріп жатқан жандарға ризамын,-деді Полинаның атасы Вячеслав Ким.
Полина қазір Оңтүстік Корея жерінде. Химиятерапияның екінші курсы 26 ақпанға белгіленіп отыр. Бұл уақытқа дейін 50 мың доллар керек. «Көп түкірсе-көл» демекші, қайырымдылық шарасына сіз де үлес қосыңыз.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.