КҮН ТӘРТІБІНДЕ – КӘСІПКЕРЛЕР ҚҰҚЫҒЫ
Кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Күн тәртібіндегі ең басты мәселе – мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы заңнаманың кәсіпкерлік қызметте сақталуы. Дөңгелек үстелге құқық қорғау органдары, бақылау органы қызметкерлері, бизнес қауымдастық, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты. Кеңес төрайымы Вера Овсянникова кәсіпкерлік қызметтегі негізсіз тексеруді азайту мақсатында қолға алынған шаралардың орындалуы жайлы баяндап берді.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қатысты түсіндірме жүмыстарын жүргізген Қостанай облысы кәсіпкерлер Палатасы құқықтық қолдау бөлімінің басшысы Ренат Дәулетбаев әсіресе тексеру түрлеріне, тексеруге жататын кәсіпкерлік нысандарына қатысты ерекше тоқталып өтті. Бақылаудың және қадағалаудың өзге де нысандарын жүргізу кезінде қажетті ақпаратты талап ету барысында қиындықтардың кездесетіні рас. Қаладан бөлек, шалғай аудандарға ақпарат пошта бөлімшелері арқылы жіберілетіні белгілі. Осы тұста жіберуші және қабылдап алушы жақ тарапынан қателіктер кетіп жатады. Бөлім басшысының айтуынша, ақпаратты мөр басу арқылы ғана жолдауға болады. Жиында осындай мәселелерді болдырмау үшін электронды ақпарат алмасу әдісіне көшу қаралды.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қостанай облысы бойынша басқармасының арнайы есепке алу бөлімінің басшысы Г. Алкебаева мемлекеттік бақылау органдарының кәсіпкерлер арасында жүргізіп отырған жұмыстары жайында баяндама жасады.
Заңсыз тексерістің екінші бір аты – пара дәм ету. Сондықтан жеке кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге жол бермеу үшін прокуратура қызметкерлері күш салуда. Осы жылда жүргізілген қадағалау және бақылау жұмыстары кезінде 5 заңсыз тексеріс анықталды. Сол себептен Қостанай облысы бойынша тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау департаментінде тексеріс субъектілері мен объектілерінің бірыңғай реестры (ТСОБР) жүйесі енгізілген. Жоба мақсаты – электронды мониторинг жүргізу арқылы негізсіз тексеруді тәртіпке келтіру, тексеру шараларын жоспарлаудың сапасын арттыру, жеке кәсіпкерлік субьектілерін тексерудің жиілігін реттеу. Мысалы, былтырдың өзінде шағын және орта бизнес саласында жоспардан тыс 2783 тексеріс болған.
Айта кетейік, кәсіпкерлік нысандарын тексеру барысында заң бұзушылықтар орын алған жағдайда, облыстық прокуратурада кәсіпкерлер палатасымен бірге кәсіпкерлердің құқығын қорғауға арналған арнайы мобильді топ жұмыс жасайды. Аталған шара кәсіпкерлік субъектілеріне арналған тексерістер барысында орын алуы мүмкін құқық бұзушылықтардың алдын алу, кәсіпкерлердің құқығын қорғау мақсатында өткізілді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ