Еңбек – еркін өмірдің кілті
Еңбек еткеннің тірліктен береке табарын бұрынғы ата-бабаларымыз аз айтпаған. Арттарында қалған қыруар ақыл-нақыл сөздер соның айғағы. "Еңбек түбі – береке", "Ердің атын еңбек шығарады", "Еңбек – бәрін де жеңбек" қысқасы айта берсе адам тауысқысыз. Алайда, жұмыстың бәрін техника жасайтын қазіргі заманда адамдар еңбектен қол үзе бастаған сыңайлы. Мұның ақыр аяғы жоқшылық пен жетіспеушілікке әкеліп соқтыратыны әмбеге аян. Техника қанша дамыса да адамның қол қусырып қарап отырмасы белгілі.
Аталарымыз айтқандай "Жаз шанаңды, қыс арбаңды сайла" десек, қазір нағыз еңбектенетін кез. Қыс құрсауы артта қалып, жер дүние жаңарған көктем келді.
– Інім саяжай алайын деп қамданып жатыр. Отырғызатын көкөністерін де ерте бастан көктетіп қойыпты. Қуанғанымды айтсаңызшы. Бұрын келіншегімен екеуі қол ұстасып, көшеден шықпайтын. Онан қалды ана үйге, мына үйге барып бос жүргендері. "Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады" демекші, барған үйлерінен де береке тауып жарытпайтын. Енді міне "Еңбек етіп балаларымыздың болашағын ойлаймыз" деп ерекше серпілісте жүр, – дейді Мақсат марқайып.
Бұған "Бәрекелді!" дегеннен басқа не айтасың? "Көктемнің әр күні жылға азық" деген. Расында да "Ала жаздай ән салып, қыс боларын білмеппін" деген шырылдауық шегірткенің кейпін кимей, алдағы күннің қамын бүгіннен қамдағанымыз жөн емес пе? Жалғыз Мақсаттың інісі мен келіні емес, бүгінде көп жастарымыз уақытты босқа өткізіп жүр. Олардың да ойланғандары жөн. Себепсіз көше кезіп, үйге келгенде теледидар алдына телміріп, болмаса ғаламторды парақтап, уақытты босқа өткізгеннен гөрі пайдалы бір іспен айналысқанның берері мол.
– Шетелдік телесериалдарда түк тәрбиелік мән жоқ. Қызы әкесін сабайды. Сіңілісі әпкесінің жігітін тартып алады. Ақылға сыймайтын шым-шытырық, қым- қуыт бірдеңелер. Одан қандай тәрбие-тәлім алуға болады? Оны көрген жастар не оңады? Елді еңбектен алшақтатып теріс тәрбиелеп жатқан осы телесериалдар, – деп қынжылады Ақылбек.
– Ғаламтор деген бәле болды. Оның пайдалы жақтары да бар шығар. Дегенмен, балаларымның пайдалы іс жасап жатқанын көргенім жоқ. Қашан көрсең де қайдағы жоқ біреулердің фотосуреттерін, жанды бейнелерін қопарып отырғаны. Қайран босқа кетіп жатқан алтын уақыт ай. Біз бала кезімізде әке-шешемізге көмектесіп, еңбектен бас алмаушы едік. Тіпті, жазғы үш ай демалыста шамамызға қарай жұмыс істеп, оқу құралдарын сатып алуға қаражат жинайтынбыз. Қазір бәрі басқаша. Масылдарды тәрбиелеп жатқандаймыз. Кішкентайлары өз бетімен үй шаруасына көмектесейін демейді. Үлкендері кеш болса түнгі клубтарды жағалауға құмар, – деп налиды Айжарқын.
Өз ісін дөңгелентіп өзгені жұмыспен қамтыған кәсіпкерлерге деген құрмет артып келеді. Еңбек мәселесінде олардың да айтары бар.
– К. деген көп балалы анаға ұжым болып көмектестік. Тізім арқылы борышқа кірді де 30-40 мың теңге қарызын төлемей, бас-қа жұмысқа кетіп қалды. Кейін білсек ол осылай біраз жерді тақырға отырғызып кеткен екен.
А. деген зейнеткер әйел 5-6 ай сатушы болып жұмыс істеп шығып кетті. Есептеп көрсек 150-200 мың теңгеге жақын жетіспеушілік бар екен. Үйіне заманауи жөндеу жасап, шілдехана, туған күн тойларын өткізді. Қызын Қостанайдағы ауруханаға жатқызып, емдетті. Борышқа белшесінен батқанмен қарызды қайтару ойында жоқ. Сотқа берейік десек "Ертең ел-жұрттың бетіне қалай қарайды" деп аяушылық білдіреміз. Осындай аналар балаларына қандай тәлім тәрбие береді? Алаяқ сатушылардан сақ болайық! – дейді кәсіпкер Сәндібек.
Бұған енді қандай уәж айтуға болады?.. Әркімнің ар-ұят безбеніне салғаннан басқа амал жоқ. Кісінің ала жібін аттамай, ақ адал асыңды еңбекпен тапқанға не жетсін…
– Менің атам осы заманда өмір сүрсе нағыз миллионер болар еді. Біздің үйде не болмады? Төрт түліктің бәрі болды. Түйе ұстадық. Ат шана, өгіз шана, жаз болса солардың арбалары дайын тұратын. Атам тіпті, өгізді ерттеп мініп алғанда елдің бәрі таңданыспен қарайтын. Қыстық азық-түлік, жем-шөпті де өз күшімен дайындап алатын. Әжем болса қаз, үйрек, тауық ұстап, соларға балапан бастырып тыным таппаушы еді, – дейді ата-әжесін мақтанышпен еске алған Марат.
Рас. Қазір ауылға барсаң ат арба таппайсың. Кейбір тепсе темір үзетін бауырларымыз нағыз мүшкіл хал кешіп отыр. Таяқ тастам жерге баруға көлік таппайды. "Қолың қимылдамаса – аузың қимылдамайды" деп отырушы еді қарттарымыз. Ат көлікпен жүрген біріншіден, денсаулыққа пайдалы, екіншіден, адам болмашы нәрсеге бола қаржылық шығынға батпайды.
– Үкіметтен жәрдемақы аламыз деп ағайындарымыз қорадағы малдан құтылуға асықты. Мал деген құт емес пе? "Мал бақсаң мал сені бағады" деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Жоқшылық жылдарда жалғыз сиырдың сүтін тал-ғажау етіп күн көрген. Сөйткен сүт, ірімшік, қай-мақ, май, құрт қазір көзден бұлбұл ұшты. Керісінше болмайтын, бітпейтін әңгіме көп, өсек қуып бет-бетімізге босып кеттік, – дейді Айдын.
Шын. Бұрын "Өсекті әйел адам айтады" деуші еді. Қазір ер азаматтардың өзі бет аузы шімірікпей өсектің туын тігіп отырғаны. Құрғақ сөзден не пайда? Бабаларымыз "Пәле қуған пәлеге жолығады" деп өтірік, өсектен бой басын аулақ ұстаған. Қазір біреулер әңгіме айтып жатса құтты бірдеңеден құр қалғандай ауызымыздың барлығын анықтатуға даяр тұрамыз. Шетімізден ақылгөй, дана болдық. Үлкеніміз бар, кішіміз бар қыстың қамын жаз ойлаудың орнына ала жаздай сенделіп бос жүреміз. Өзгелер саяжайға барып, болмаса малын бағып, егінін салып жүргенде бос сөзді малданып, болмаса ала картаның арбауында отырамыз. Қыс түскенде "анау жоқ, мынау жоқ" дейтін түрлі же-тіспеушіліктер басталады. Жылдағы айтатын әніміз осы. Жұмыс істеп нәпақа табудың орнына сөздің сойылын соғамыз ай келіп.
– Өзімізге қарамаймыз, ал бі-реуді жамандауға келгенде алдымызға жан салмаймыз. Саясатқа араласып, сандалып кетеміз. Үкіметті, әкім қараларды сан саққа жүгіртіп, орнынан аламыз, қайта саламыз. Одан не пайда табамыз? "Көп шуылдақ не табар, бастамаса бір кемел" демеп пе еді дана Абай. Олай болса, атамыздың айтқанын тыңдап неге жайымызға жүрмейміз? Адамша өмір сүрудің орнына азғындауға бейім тұрамыз. Бұл ащы да болса ақиқат. Көрінгеннің айтағына еріп, күнді босқа өткізіп сергелдең болып жүргенше, белді бекем буып еңбек етуіміз керек. "Анау жеді, мынау жеді" деп қызыл кеңірдек боламыз. Жесе заң алдында жауап береді. Тым болмағанда күнәсін өзі көтереді. Оған біз жүйкемізді неге тоздырамыз? – дейді Ерасыл.
Иә, айтса айтқандай, әркімнің өз жөнін білгеніне не жетсін. "Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл" деген. Бас басымызға би болып, бітпейтін дау қуғанша еркін өмірдің кілті еңбекпен достассақ, қане.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.