Құқық бұзған әскери қызметшілер де бар

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде әділ және қиянатқа бармайтын сот – демократиялық және құқықтық мемлекеттің маңызды негізі деген болатын. Сонымен қатар, Елбасы сот тәртібімен қаралуға тиісті даулардың санын қысқартудың маңыздығы туралы, оларды баламалы тәсілдер арқылы шешуді, соның ішінде тараптарды бітістіру процедуралары мен медиацияны енгізуді қадап айтты.
Президент тапсырмаларының ішінде сот өндірісіндегі істерді айрықша нақты қарау жүзеге асыру, судьялардың сот істеріне кәсіби жоғары дайындығы, сот тәжірибесін игеру, сот процесіне қатысушылардың тиісті түрде құлағдар болуын қамтамасыз ету басым бағыттар болып саналады.
Қостанай гарнизонының әскери сотына аудандық соттың мәртебесін иеленген, соттылығына сәйкес аумақтығы бойынша Қостанай және Петропавл гарнизондары кіреді. Әскери сот Қарулы күштер және басқа да әскерлер мен әскер құрамдарының әскери қызметшілерінің, әскери жиындар өтіп жатқан азаматтардың келіп түскен шағымдары бойынша, лауазымды тұлғалардың және әскери басқарма органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздіктеріне) қатысты азаматтық істерді қарайды. Сонымен қатар, егер тараптың бір жағы әскери қызметші, әскери басқарма органы, әскери бөлмесі болса мұндай азаматтық істерді әскери соттар қарауға құқылы.
Соңғы жылдары сот тәжірибесінде қылмыстық әрекеттерді офицерлер және келісім-шартпен қызметке алынған әскери қызметшілердің жиі жасайтыны анықталуда. Қостанай гарнизоны әскери сотының сыбайлас жемқорлыққа байланысты сот практикасынан кейбір қылмыстық істерді мысалға келтірсек. ҚР ІІМ әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметшілері С. мен К. жанармай тарату кезінде қызметтік құжаттарға жалған мәліметтер енгізген. Заңсыз жалған жол парақтар жасау арқылы жанармайды шығынға жазып, отынның артық шығындауын және оның жеткіліксіздігін жасырған. Сондай-ақ, олар шығын ведомостары, есепке алу кітаптары, есептемелері және тағы басқа құжаттармен шындықты жасыру үшін біраз құйтұрқы әрекеттер жасаған. Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланудың кесірінен әскери бөлімге 800 мың теңге мөлшерінде материалдық шығын келтірілді. Аталған екеуге сот әрқайсысының төлем ақыларының 15 пайызын мемлекетке кіріс ретінде аударуды, әскери қызмет атқаруға екі жылға шек қою және мемлекеттік органдар мен ҚР Қарулы күштерінде үш жылға әкімшілік-шаруашылық лауазымды қызметте болу құқықтарынан айыру туралы үкім кесті.
Ал келісім-шарт бойынша қызмет атқарған кіші сержант К. автокөлік мүліктері қоймасының бастығы бола тұра, өзінің лауазымды қызметін теріс мақсатқа пайдаланған. Қоймадағы қосалқы бөлшектерді автотрассаға шығып сатқан, ал ақшалай түскен қаражатты өзінің қажетіне жаратып отырған. Сөйтіп, әскери бөлімге бір жарым миллион теңге мөлшерінде шығын келтірген. Мүлігін тәркілеп және әскери бөлімінің пайдасына келтірілген зиянды өндіріп алумен қатар, ысырап қылушыны сот бес жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.      
         А. ИСАБЕКОВ,
Қостанай гарнизоны әскери сотының төрағасы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓