“Үнем мен ұқыптылық қажет”

Біздің қоғамда ең басты құндылық – адам десек, халықтың әл-ауқатын арттыру алғашқы кезекте тұруы заңды. Яғни, ел экономикасын сауықтыру арқылы әлеуметтік салаға жан бітіру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселелерінің біріне айналды. Бұл ретте мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтар аз емес. Мәселен, түрлі деңгейлі бағдарламалардың қабылдануы ел ішіндегі жұмыссыздықты жоюға, ауылды гүлдендіруге, ауылшаруашылығын жаңғыртуға бағыттал-ғаны осы сөзіміздің айқын дәлелі.
Елбасы да жергілікті билік өкілдерінен осыны талап етеді.

Өңір басшысы өткен жылы қол жеткізген табыстар мен орын алған кейбір олқылықтар туралы егжей-тегжейлі айтып берді (Облыс әкімінің есебі "Қостанай таңы" газетінің 7 ақпан күнгі №15-ші нөмірінде жарияланды. Сондықтан, бұл жолы оған тоқталуды жөн көрмедік).
Жалпы, Н.Садуақасовтың баяндамасынан аңғарғанымыз, Тобыл өңірінде есепті кезеңде атқарылған шаруа аз емес. Бірақ, оған тоқмейілсудің қажеті жоқ. Мәселен, әлемдік қаржы дағдарысы салдарынан өзге мемлекеттер тәрізді біздің елде де тау-кен өндірісі күрт кеміді. Өңір өнім өңдеу секторына негізделгендіктен былтыр шикізат өндіруші кәсіпорындардан түскен салық мөлшері облыс қазынасының бүйірін қампайта алған жоқ. Бірақ, облыста тұңғыш рет өнеркәсіп өнімдерін өндіру 1,5 есеге артыпты, яғни 46,9%-ға жеткен. Ендігі жағдайда өңірдегі өнеркәсіп өнімдерін шығаруға баса назар аудару қажет. Экономиканы нығайту үшін бір орында тұра беруге болмайды.
Астықты өңір өткен жылғы күн райының қолайсыздығына қарамастан барлық егін алқабының 98 % жинап үлгерді. Соның арқасында мемлекет қамбасына 4,5 млн.тонна астық құйды. Тұқым қоры жеткілікті. Көктемгі егіс кезінде Үкімет шаруаларды арзан жанар-жағар маймен қамтасыз ету үшін тағы бірқатар жеңілдіктер ұсынатыны белгілі. Сондықтан, бүгін ауыл шаруашылығын дамытамын дегендерге мемлекет өзі қарасып отыр.
Облыста соңғы жылдары қара малдың қарасы көбейіп келеді. Оған мемлекеттік "Сыбаға" бағдарламасының ықпалы зор. Қостанай облысы бұл ретте республикада алдыңғы орындардың біріне жайғасқан. Дегенмен, кежегесінен кейін тартқан тұстар да қылаң беріп қалады. Мәселен, әлгі айтқан "Сыбаға" бағдарламасы бойынша Жітіқара, Қамысты аудандары мен Арқалық қаласы жоспарды толыққанды орындай алмай отыр. Облыс аудандарында жерді әртараптандыру мәселесіне де жергілікті билік жүрдім-бардым қарайды. Н.Садуақасов өз баяндамасында мемлекеттік бағдарламалардың жергілікті жерлерде баяу жүргізіліп жатқанына қынжылыс білдірді.
Өткен жылдың бедерінде облыс кәсіпорындары мен әкімдік 119 меморандумға қол қойды. Бұл өндірісті тоқтатпау, жұмыс орындарын сақтап қалуға жасалған батыл қадам екендігі даусыз. Егер кәсіпорындар жаппай жұмысшыларды қысқартар болса, онда сөз жоқ өнім өндіру көлемі де барынша азая түседі. Сондықтан, таразының басын тең ұстаған абзал. Әсіресе, "АграмашХолдинг", "СарыАрқаАвтоПром" машинақұрастыру саласы,, "ЕвразКаспианСталь" арматура шығаратын зауыт, азық-түлік өндіретін кәсіпорындар, үй комбинаты, Соколов-Сарыбай тау-кен өндірісі тәрізді алып индустриалдық ошақтар қысылтаяң кезеңде дағдарып қалмауы тиіс. Әлеуметтік саланы жаңғырту ісі де жалғасын табады. Тек елдегі экономикалық жағдай тұрақталғанша жоспарлы мәселелерді сәл шегере тұруға тура келеді. Соған қарамастан, өңірдегі барлық әлеуметтік жобаларды аяқтауға облыс бюджетінен 34 млрд.теңге қарастырылды.

"Біз әлемдік қоғамдастықпен тығыз қа-рым-қатынастықта өмір сүреміз. Сондықтан, жаһандық экономикалық кеңістіктегі кез келген өзгерістерге уақытылы әрі лайықты үн қата білуіміз керек. Қостанай облысы әлемнің 80 елімен әріптестік байланыс орнатқан" – деді Н.Садуақасов өз сөзінде. Әрине, сыртқы сауда өткен жылы 17,7%-ға азайды. Керісінше импорттың көлемі ұлғайды. Әсіресе, Шығыстағы көршілес мемлекеттер мен кедендік одаққа мүше елдер арасындағы алыс-беріс қарқынды дамып келеді. 2010 жылдан бері бұл көрсеткіш 2 есеге ұлғайыпты.
Еуразиялық экономикалық одақ аясында сыртқа тауар өткізуші кәсіпорындар халық жаппай тұтынатын өнімдердің сапасына баса назар аударуы қажет. Бұл үшін мемлекет те бар жәрдемін аямайды. Өйткені, бәсекеге төтеп бере алмасаң алып нарыққа жұтылып кетудің қаупі төнуі ғажап емес. Өкінішке қарай, бізде экспортқа шығаратын тауар көлемі көңіл көншітпейді. Металл, тоқыма өнімдері, құрылыс материалдарының көлемі аз.
Облыстың экономикасы мен әлеуметтік ахуалын терең талдап берген Нұралы Садуақасов есепті кездесудің екінші бөлігін ашық диалогқа ұластырды. Яғни, кездесуге келгендер өздерін толғантқан түйткілді мәселелерді облыс басшысына төтесінен қоюға мүмкіндік алды. Тұрғындар Н.Садуақасовқа жол мәселесі, ауылды көркейту, жұмыссыздық, шағын несие, көлік қозғалысы, ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне көрсетілетін жеңілдіктер туралы сұрақтар қойды. Әкім мұның бәріне байсалды түрде жауап берді. Мәселен, Освенцим концлагерінің тұтқыны болған қария бала күндерінде Ленинград блокадасы мен фашист басқыншыларының сұмдығын көрген үлкен кісілердің де қатары сиреп қалғанын, оларға шипажайларға емделуге бару үшін ең болмаса жеңілдіктер қарастырыла ма деген сыңайда өтінішін айтты. Әкім мұндай мәселенің бірінші рет көтеріліп тұрғанын, оның шешімін табуға болатындығын айтты.
Ал, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің бірі өз қарамағындағы жұмысшылардың алды зейнет жасына жеткендерін, кем дегенде үш-төрт жылда зейнеткерлікке шығатынына алаңдайды. Олардың орнын басатын жастар
жоқтың қасы. Осы проблеманы шешудің жолдарын сұрастырды. Бұған облыс басшысының жауабы дайын: бүгінде өңірдегі көптеген ауылшаруашылық кәсіпорындары өздеріне қажетті мамандарды арнайы оқытып алуға машықтанды. Облыстағы он екі колледж осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Олар ауылшаруашылығына қажетті мамандарды оқытуға әзір және даярлап та жатыр. Сізге де осы тәжірибеге сүйенуге болады деп ескертті. Жер емген диқандардың бірі астық шығымына байланысты төленетін субсидия көлемін 300 теңгеден 1000 теңгеге дейін көтерілгенін қалайды. Облыс әкімі өз кезегінде бұл мәселені шешу үшін ҚР ауыл шаруашылық министрлігіне ұсыныстар жіберілгенін жеткізді. Ендігі іс олардың құзырында.

Есепті кездесуді қорытындылаған облыс басшысы жалпы, өңірді дамытудың мүмкіндіктері мол екенін айтып өтті. Тек, бір жұдырықтай жұмылғанда ғана бар қиындықты еңсеруге болады. Қазіргі кез босаңсуды қажетсінбейді деп түйіндеді ол.
Айбек
Кәдірұлы
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ, Айбек ЖҮЗБАЙ.
Сайран Бұқанов,
"Қарқын" ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
"Мемлекеттің көмегі зор"

Елімізде түлік санын көбейтуге, оның тұқымын асылдандыруға бағытталған "Құлан", "Алтын асық", "Сыбаға" дейтін мемлекеттік бағдарламалар да барын білесіздер. Бұған ауылдағы ағайынның шындап ықыласы ауды. Сондықтан, мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлініп жатыр деп өз басым батыл айта аламын.
Біздің "Қарқын" ЖШС етті бағыттағы Әулиекөл асыл тұқымды сиырын өсіреді.Үш-төрт жыл бұрын мемлекеттің көмегі арқасында 500 бас сатып алғанбыз. Енді соның қарасын көбейтіп жатырмыз. Жыл сайын күзге салым селекциялық жұмыстарға, жем-шөп дайындауға қаржы бөлінеді.
Оның бері жағында егіннің қандай михнатпен жиналғанын көрдіңіз. Көптеген шаруашылықтар дер кезінде тұқым да жинай алмады. Оған енді мемлекет тағы қаржы бөлді. Жалпы, Үкімет ауыл шаруашылық саласының өркендеуіне зор қолдау көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн.
Мәди Ихтиляпов,
"Шолақсай" ЖШС директоры:
Ауылды дамытудың алғы шарты

Мемлекет жыл сайын көктемгі дала жұмыстары кезінде жанар-жағар майды жеңілдетілген бағамен үлестіреді. Бұл өте тиімді. Мәселен, біздің шаруашылық егіс науқанында 200 тоннадай дизель отынын сатып аламыз. Оның бағасы ауыл шаруашылық тауарөндірушілері үшін өте қолайлы.