Өндіріс – экономика өзегі

Қостанайдағы "ЕвразКаспианСталь" ЖШС-і 2013 жылдың тамыз айында іске қосылды. Содан бері елімізде алғаш рет құрылысқа қажетті арматура шығарумен айналысады. Бұл солтүстік өңірде индустриаландыру картасының аясында қолға алынған ірі инвестициялық жоба. Бүгінде қостанайлық кәсіп-орынның даңқы тек Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де жақсы танымал.
Өткен жылы кәсіпорын 92 мың тонна арматура өндірген. Ал биылғы жоспар одан да ауқымды. 350 мың тонна өнім шығару межеленіп отыр. Соның 80 мың тоннасын бірінші тоқсанда өндіреміз дейді зауыт мамандары. Қазір өндіріс ошағында 250 адам жұмыс істейді. Серіктестік директоры Сергей Сотников ешқандай қысқарту болмайды деп кесіп айтты. "Жұмыс көлемін азайту туралы да сөз қозғауға негіз жоқ. Өйткені, кәсіпорын демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді", – деп мәлімдеді ол.
Кәсіпорындағы өнім өндіру көлемі осында жұмыс істейтін бір жұмысшыға шаққанда 39 мың 600 АҚШ долларына тең. Бұл зауыттың өндірістік қуаты 60 % жұмыс істеп тұрғандағы жағдай. Тек келесі, 2016 жылы ғана "ЕвразКаспианСталь" кәсіпорыны толық күшіне енеді.
Өндіріс ошағының басшылары министрден толғақты мәселені тезірек шешуге көмектесуін өтінді. Кәсіпорынға тиіп тұрған темір жолдың жоқтығынан жүк тиеу мұңға айналған. Ескі теміржол сексенінші жылдары пайдалануға беріліпті. Ол әбден тозығы жеткен және кәсіп-орынды айналып өтеді. "Бұл маңда өңірдегі үш ірі өндіріс – "АгромашХолдинг", Үй құрылысы комбинаты және "ЕвразКаспианСталь" бар. Үшеуі бір-біріне жапсарлас орналасқан. Егер теміржол тұйығын салуды кешеуілдетсек, онда жақын арада жүк тиеудің зардабы үлкен проблемаға айналуы мүмкін",– деді Сергей Сотников.
Министр жолай "Баян сұлу" кондитер фабрикасына соқты. Аты айдай әлемге мәшһүр кәсіпорын қаржы дағдарысы қаншалықты жан алқымнан алса да, бір сәтке де жұмысын тоқтатқан жоқ. Облыс басшылары мәртебелі мейманға Қостанайда жасалған өнімдерді көрсетті.
Шыны керек, бүгінде елімізде жалғыз кондитер өнімдері ғана емес, тұтас азық-түлік өндірісі ақсап тұр. Бұл енді уақытша құбылыс. Кәсіпорын басшысы Виталий Трайбердің айтуынша, фабрика өткен жылы 41 мың тонна кондитерлік өнім шығарса, соның 35 пайызын экспорттаған. Қостанай тәттілері Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Германия, Монғолия, Түркіменстан, Ауғанстан елдеріне жөнелтіліпті. Жалпы, кәсіпорын қазіргі таңда 250-ден астам түрлі кәмпит-печеньелер өндіреді. Биыл жоғарыда біз айтқан көрсеткіш көп төмендепті.
– Соған қарамастан, біз ертеңгі күнге үлкен сеніммен қараймыз. Әрине, өндіріс толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ. Жұмыскерлер бұрынғысынша екі ауысымда еңбек етеді. Ешкім де жұмыстан шығарылмайды, – деді кәсіпорын директоры.

ҚР инвестиция және даму министрі өндіріс ошақтарына мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіле береді деп сендірді.
Айбек
Кәдірұлы
СУРЕТТЕРДЕ: ҚР инвестиция және даму министрі Ә.Исекешев Қостанайдағы өндіріс ошақтарын аралады.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.