Тарих пен мұрағат – егіз ұғым

IMG_6965все на сайтМемлекеттік мұрағат құнды деректерді сақтайтын орын. Өткен тарихты қолыңызға аманат етіп тапсырар маңызды мекеме.  Ондағы мамандардың қызметі жауапкершілікке толы. Осынау маңызды саланың атқарып жатқан жұмыстары туралы облыстық баспасөз клубында өткен брифингте айтылды.  Іс-шараға Қостанай облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова және облыстың мемлекеттік мұрағатының директоры Валерий Вишниченко қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді. Брифингтің модераторы – облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов.
Қостанай облысындағы мұрағат саласы 1923 жылғы 21 желтоқсаннан бастау алады. Аталған жылы Қостанай губерниялық мұрағат бюросы  ашылған. Уақыт өте ежелгі мұрағат бюросы Қостанай облысының мемлекеттік мұрағаты деп аталды. Былтырғы жылы облыстың барлық мұрағаттары 90 жылдығын атап өтті. Мерейтойға орай ұйымдастырылған іс-шаралар жергілікті баспасөз беттерінде жарияланып, телеарналар арқылы көрініс тапқаны белгілі.
– Ел тарихы мен мұрағат егіз ұғым. Тарихты жасайтын – халық. Ал оны сақтайтын – мұрағат. Өңіріміздің дамуын дәлелдейтін құжаттар мұрағат қоймасында сақтаулы. Облысымыздың өткен белестері сарғайған парақтарда сайрап жатыр, –деді облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова
Мемлекеттік мұрағаттың негізгі үш міндеті бар. Олар, елдің, жердің тарихымен байланысты құжаттарды жинақтап, сақтайды. Құнды деректердің мемлекет, адам және қоғамның игілігіне пайдалануға жол ашады. Мұрағатшылардың негізгі қызметі осынау міндеттермен тікелей байланысты.
Қостанай облысында 21 мұрағат бар. Олардың қоймаларында 5300-ге жуық мұрағаттық қорлар жинақталған. Тарихи маңызды фотосуреттер, партия органдары мен мемлекеттік ресми құжаттар, хаттар, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері және Қостанай қаласының өткені туралы деректер сақтаулы. Қазіргі уақытта облыстың мұрағат саласында 232 адам жұмыс    істеуде. Соның ішінде 95 маман жоғары білімді. 
Облыс аумағына қарасты мұрағаттар елдегі елеу-лі оқиғаларға үн қосып отырады. Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығы, Қостанай қаласының 135 жылдығы, "ССКӨБ" АҚ-ның 60 жылдығы, Ы.Алтынсариннің Торғайда мектеп ашуының 150 жылдығына орай фотоқұжаттық көрме, ғылыми-теориялық конференция, жұртшылықпен кездесулер, дәрістер, экскурсиялар ұйымдастырды. Аталған мекеменің биылғы жылға жоспарлаған жұмыстары ұшан-теңіз. Қазақстан халқы Ассам-блеясының және облыстағы этномәдени бірлес-тіктердің құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдамақшы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнаған іс-шаралары бір төбе. Көрме, экскурсиялар арқылы ҰОС-дағы батырлардың ерлігін мектеп оқушыларына насихаттауды жоспарлап отыр. Облыстық ішкі саясат басқармасымен бірлесе "Қостанай облысының әскери даңқ" кітабы эстафетасын  жүзеге асырып жатқаны тағы бар.
Қымбат
       ДОСЖАНОВА
Суретте: баспасөз клубындағы кездесу.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓