Дәстүрлі турнир мәреге жетті
Осыдан алты жыл бұрын белгілі журналист, талантты ақын Тұрсынмәмет Бұқабаев кенеттен дүниеден озды. Тобыл өңіріне есімі таныс азаматты еске алып, бір топ достары мен әріптестері осымен екінші жыл қатарынан шағын футболдан турнир өткізіп отыр. Жарысқа Елордадан ат артып келген «Астана» құрамасы, облыстық «Қостанай таңы» газетінің командасы, «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы, «Наш Костанай» газеті, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ құрамасы, Меншікті тілшілер құрамасы, Ақынның достары, інілері және Қостанай облыстық Назарбаев зияткерлік мектебі бір-бір командадан қосты.
Турнирдің ашылу салтанатында Тұрсынмәмет Бұқабаевтың жары Алмагүл Сұлтан, әріптес достары Мағауия Қалиев, Игорь Нидерер, Әлібек Ибраев, ҚМУ кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Мәмиев сөз алып, марқұмның өнегелі істері туралы тебірене айтып, турнирдің мәнділігін сөз етті.Командалар екі топқа бөлініп, күш сынасты. Турнирге қатысуға ниет білдірген командалардың арасында олқысы жоқ. Алайда, жарыстың аты – жарыс. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні ақиқат. Өз тобынан екінші орынмен шыққан Назарбаев зияткерлік мектебі қомандасы үшінші орын үшін болған ойында ҚМУ құрамасын жеңді. Ал ақтық сында «Қостанай таңы» газеті мен «Астана» командасы кездесті. Тартысты өткен ойында елордалық команда 5:2 есебімен басым түсіп, турнир жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитеті «Үздік қақпашы» аталымына Сергей Тринкинді («Астана») лайық көрсе, «Үздік қорғаушы» жүлдесін «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының ойыншысы Әлішер Әбікенов жеңіп алды. «Үздік шабуылшы» болып Қасқырбай Қойшыманов («Қостанай таңы») танылды. Турнирдің «Үздік ойыншысы» жүлдесін ҚМУ командасының ойыншысы Виталий Зюзько иеленді.