Өткелде ат ауыстырмайды

"Ата, шөлдедіңіз бе?" – деп сусын ала келген келіні: "Нағашым келіп қалыпты ғой", – деп нағашысының кейпіне еніп отырған Ғазірейілмен амандасыпты. "Көрпе салайын, жастық алыңыз, шай қояйын" –деп құрақ ұшыпты. Сонда Ғазірейіл шалға: "Енді ұлыңды шақырт!" – депті.
"Қиналдың-ау, әке қайтейін! Жеңіл болар ма екен, жарты ауруын маған берсеңші деп Алладан жатсам да сұраймын, тұрсам да сұраймын!" – деп күңірене кірген баласы, нағашысын көргенде: "Ә, құдайым, бере көр: әкем жазылар, нағашым келіпті. Өрістегі жалғыз атты әкеліңдер, сойыңдар!" – деп жығыла жабысыпты.
Сонда Ғазірейіл: "Әкесі мен анасы осындай болса, балалары одан әрмен қазақ болмаса, бермен болмас. Ақсақал, ошақ басын мықтап барады екенсің. Дегенмен, сен ой тастадың. Менің ісім – бір-бірлеп емес, адамдардың жанын мыңдап алу. Жақсы айттың, ой тастап барасың", – деп қазақ қариясының "ол қандай ой, қазағыма кесірім тие көрмесін" деп жалынғанына жауап бермей, жанын алған екен" дейді, аңызда.
Алаштың алаш болғалы, қазақтың қазақ болғалы есте жоқ ескі ғасырларда. Ғазірейіл талай рет талай айласымен қазақтың жанын мың-мыңдап ұрлап, тұншықтырып, жойып жібергісі келген…
Ашаршылық кезінде жапан даладағы тасбақа қазақ көрсе өзінен-өзі шыңғырып жіберетін болған. Алла тағала мақұлықтың түйсігіне адамның аза бойын қаза қылатын кесапат үрейін сездірсе керек. Құдай адамнан бастап саналы мақұлықтың аранын аштыра көрмесін. Талай дұшпан қазақтың жанын көріп түңілген. Тас түйін берік, көрген, түйген, шыдампаз халықтың қасиетіне бас иген…
БҰҰ қасындағы ауыл ша-руашылығы ұйымының ста-тистикалық мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылы жұмыр жерде 930 млн. адам аштық, яғни, азық-түлікке зар болып отыр.
Қазір де дүбірлі әлем үрейден үрпиіп бір қауызға сиып кеткелі тұр.
Ендеше қазақ тағы бір сынақ үстінде. Үлкен бір өткел үстінде. Өткелде ат ауыстырмайтын кезең туды.
Жанұзақ Аязбеков