Отандық өнімдерге сұраныс артпақ
Жақында Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барлық қазақстандықтарды "Қазақстанда жасалған" атты акцияны жүзеге асыруда отандық өнімдерге қолдау білдіруге шақырды.
Елбасының бұл тапсырмасын орындау аясында аудан әкімі Эльдар Күзенбаев өңір орталығындағы бірқатар азық-түлік дүкендерін аралады. Ол – отандық өнімдер тауарлары орналасқан сөрелерде арнайы этикеткалардың бар болуына ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, ең қажетті тауарлардың бағалар барысын бақылады.
Бір айта кетерлік жәйт, азық-түлік тауарлары арасында қазақстандық өнімдерді "Қазақстанда жасалған" деген жазба белгімен бөліп қою, аудан дүкендерінің барлығында пайда болды. Әсіресе, мұндай айырмашылық көрнекіліктері тұтынушылардың отандық өнімдерге сұраныстарын арттырады деп үміттенеміз.
Жалпы, бүгінде аудан атырабында 150-ден астам түрлі ірі сауда нүктелері жұмыс жасайды, соның ішінде орталықтағысы – 80. Олардың бәрі сатып алушыларға жоғары сападағы азық-түлік тағамдарының түр-түрін ұсынады.
Руслан
ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.