Ел мүддесін ойласақ…
Мен өмірлік тәжірибесі, көрген-түйгені бар, кезінде Қостанай сияқты іргелі облысты басқарған, Қазақстан Парламенті Мәжілісіне депутат болған адам ретінде, жалпы Тәуелсіз қазақ елінің бір азаматы ретінде Президенттік сайлауды биыл, яғни 2015 жылы өткізу туралы ұсынысты дәл уақытында, жан-жақты ойластырылып барып жасалған байлам деп білемін.
Біріншіден, мұндай ұсынысты Қазақстандағы 140-тай ұлт пен ұлыстың басын қосып, біріктіріп, ұйытқы болып отырған, беделі мен ұстанымы жөнінен жалғанның жалпағына танылған Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси кеңесі жасап отыр. Бұл құрылым Қазақстандағы барлық ұлт пен ұлыстың мүддесін, олардың ой-арманын дөп басып, білдірді.
Екіншіден, Ассамблеяның осы ұсынысын еліміздегі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық одақтар, жастар, ардагерлер кеңесі мен әйелдер қауымдастығы – бір сөзбен айтқанда, жалпы жұртшылық бір ауыздан қолдап отыр. Тіпті мен мұндай ұсынысқа қарсы болған бірде-бір жанның пікірін естіген жоқпын. Өйткені, Президенттік сайлауды дәл биыл, қазіргідей ерекше көкейтесті мәселелерді түбегейлі шешуді қолға алып жатқан сәтте өткізу – бұл Тәуелсіз Қазақстанның қамы, оның экономикасы мен әлеуметтік саласын тұрақты дамытудың қамы. Бұл – «Нұрлы жол»бағдарламасын түбегейлі жүзеге асырудың, бұл «Қазақстан – 2050» стратегиясында алға қойылған дамыған отыз елдің бірі болу, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын бекемдей түсудің қамы. Бұл – Қазақстандағы өте тиімді тұрақтылық моделін сақтаудың, бірлігімізді бекемдей түсудің, барлық күш-жігерді, ой-мақсатты Көшбасшымыз – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төңірегіне топтастырудың қамы.
Бұл – әлемді жайлаған дағдарысқа қарсы тұрудың, одан аман-есен өтіп, елімізді биік белестерге бастаудың қамы.
Бұл – Қазақстанда қалыптасқан дана да сара ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарды сақтап, Отанымызды ел мүддесіне, Қазақстанда тұратын әр ұлттың мүддесіне сай дамытудың қамы.
Ал енді осындай асқарлы міндеттерді атқарып, ауыр жүкті көтеріп, қазақ елін бүгінгі қойылып отырған асқаралы міндеттерге сай дамыта алатын тұлға бар ма? Әрине, бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!
Мен Нұрсұлтан Әбішұлының қайраткерлік, көшбасшылық қасиеттерін жақсы білетін жандардың бірімін. Ол 1995 жылы 29 қыркүйекте мені өзінің Жарлығымен Қостанай облысының әкімі етіп тағайындады. Бұл кезең бұрынғы экономикалық байланыстардың үзіліп, жаңа жүйе әлі қалыптаспаған, тәуелсіз еліміздің енді ғана жаңа Қазақстанды құрып жатқан ерекше бір қиын шағы еді. Халықтың қиналған тұсы да дәл сол сәт болатын. Сол тұралап қалған экономиканы алға бастырған, халықтың ел болашағына деген сенімін арттырған, шетелдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, шекарасын шегелеген, кеденін орнатқан, жаңа экономикалық қатынастарды реттеген, жүргізілген реформаларға ерекше серпін берген, халықтың сеніміне ие болған кім еді?
Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!
Бұдан бұрын өткен сайлауларда асқан басымдылықпен жеңіске жеткен, ел тізгінін берік ұстап, бүкіләлемдік қауымдастық арасында орасан зор беделге ие болған, Қазақстан халқының барлық жігінің қолдауы мен сеніміне ие болған, елінің көшін бастаған даланың дана ұлы кім еді? Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев! Олай болса, біз осындай ұлымызға, халқының адал перзентіне ел тізгінін ұстатып, өзі бастаған істерді табысты жалғастыруына мүмкіндік беруіміз қажет. Міне, мен сондықтан да президенттік сайлауды биыл өткізуді қолдаймын.
Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері.
Ал мен оз уакытында откенин калаймын.