Кенжебек ҮКІҰЛЫ: Ардағымыз – ардагерлер
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығы – бұл ерекше мерейтой. Бұл бүкіл дүниежүзіне үстемдік етпек болып, бақайшағына дейін қаруланған неміс-фашист басқыншыларының сағын сындырып, тас-талқан еткен, жау ордасына Жеңіс туын желбіреткен қуанышы мен қайғысы қатар келген қастерлі де қасиетті күн.
Сол күнге, жеңімпаз жауынгерге, тылдағы бейнетке жегіліп, "Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін" ұранымен таңның атысы, күннің батысы ауыр еңбек үстінде болған тыл еңбеккеріне деген бүгінгі ұрпақ көзқарасы қандай?
Облыстың ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлымен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді. Ағамыз журналистермен жүздесу үшін қара шаңырақ – "Қостанай таңы" газетінің редакциясына әдейі өзі келді. Сөзді де өзі бастады.
– Кездесудің басын алдымен "Қостанай таңы" газетінен бастап отырмын. Оның сырын өздерің бірден ұққан боларсыздар. Биыл Жеңістің 70 жылдығы. Сол бір нәубет, қасіретті жылдар барлық жанның жадынан өшпестей орын алды. Ғаламды жалмап, әрбір шаңырақты шарпыған соғыс зұлматын тек қана майдандағы қар жамылып, мұз жастанған жауынгерлер ғана емес, еңкиген кәрі мен еңбектеген сәбиге дейін тылда еңбек еткен барлық адам көрді.
70 жылдың ішінде көптеген ардагерлеріміз жасы ұлғайып, бақиға аттанып кетті. Мәселен, Жанкелдин ауданында қазір бірде-бір соғыс ардагері қалған жоқ.
Рас, күрсінбеске амал бар ма?! Қазір күн сайын демей-ақ қоялық, аптасына, айына ардагер ағаларымызды жоғалтып жатырмыз. Дегенмен бүгінгі күнге алқынбай жеткен майдангерлер де ортамызда жүр.
– Құрметті Кенжеке! Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Бұл мәселеге Елбасымыздан бастап, жергілікті атқарушы орган басшылары, қоғамдық ұйымдар, жастар, бұқаралық ақпарат құралдары ерекше мән беріп отыр. 70 жылдықты лайықты атап өту мәселесі Елбасының "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" Жолдауында да ерекше аталды. Жылдың өзі ардагерлер жылы деп жарияланды. Жаңа жыл қарсаңында бүкіл елімізде тұратын майдангерлер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына құттықтау хат алды, оларға сый- сияпат жасалды. Облыста қалған 360-тай майдангерге осындай ықылас білдірілді. Олардың үйіне облыс, қала, аудан әкімдерінің өздері барып, құттықтап, хал-жағдайын білді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығын лайықты атап өту мақсатында республика бойынша арнайы комиссия құрылды. Оны Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев басқарады. Айта кетейік, тізгінді сол кісі алғалы жұмыс жандана түсті.
Мұндай комиссия облыста да құрылды. Оны облыс әкімі Нұралы Садуақасов басқарады. Орынбасарлары Мұрат Дәрібаев екеуіміз. Бұл іске облыстық басқармалар басшылары да белсене қатысуда. Жақында бұл комиссия өз жоспарын бекітті.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып, арнайы медаль шығарылды, әр майдангер мен тыл еңбеккеріне ақшалай көлемді көмек көрсетілмек.
Облыстық ардагерлер кеңесі – қоғамдық ұйым. Кейде бізді басқа ұйымдармен шатастырып алады да, түсінбеушілік туындайды. Бір нәрсеге мұқтаж болса, өтініш-арызын жазып, оған менің де атымды қоса хаттап, "Укинге барып едім, ол ешқандай мәселе шешпеді", – дейді. Мұны естіп, көріп жүрсек те өкпелемейміз және айтқанын екі етпей орындауға тырысамыз. Өйткені, олар солай үйреніп қалған. Шамамыз жеткенше көмектесеміз.
"Нұр Отан" партиясында болған бір жүздесуде журналистерге осы мәселені егжей-тегжейлі түсіндіргенмін. "Сендер тегінде бір нәрсені жазарда мұқият бай-қаңыздар, біз – ардагер қарттар ұйымымыз. Кейде байыбына бармай дұрыс жазбайсыздар. Әскери комиссариатпен де шатастырып алған жайттар да орын алды. Қоғамдық ұйым болғаннан соң кейбір көңіл жетсе де, қол жетпейтін тұстар көп. Бәрі қаржыға кеп тірелгендіктен кейін қиындықтар туындайды. Бүгінге дейін бізді үкіметтік емес ұйым қатарына қосып қой-ған. Бес жыл бойы осы мәселені айтып келемін. Осыған дейін екі министрмен жолықтым. Өткенде облысқа келген мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықоваға да осы жайында айттым. Бірақ, барлығы сол күйінде қалды. Мына тұрған Ресей, басқа да кешегі Кеңес Одағындағы елдер үкіметтік емес ұйымның осы іспетті түрлерін ол қатардан шығарып, мемлекеттік дәрежеде қаржыландырады.
Бізге көп болса, республика бойынша 330 млн.теңгенің көлемінде ғана ақша керек екен. Бұл көп дүние емес.
– Бұл тұрғыда өкпе жоқ. Ұйымға екі қабатты жеке ғимарат, қызметкерле-рімізге автокөлік бөлді. Біздің өтініш-тілегімізге әрдайым түсінушілікпен қарайды. Соның арқасында шама- шарқымызша игілікті істер атқарып келеміз.
Біз кешегі қанқұйлы соғыста опат болған жауынгерлердің толық тізімін Естелік кітапқа енгіздік. Ондай 6 том кітап шықты, бұған 40 мыңнан астам адамның аты жазылды. Үш томдық "Они прошли через войну", он сегіз томдық "Они вернулись с Победой" кітаптары жарық көрді. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі, бүгінгі шат өмір үшін күрескен арыстарымызға қойылған ескерткіш.
-Кенжебек Үкіұлы, міне, біздің алдымызда ардагерлер кеңесі шығарған екі кітап жатыр. Бірі – "Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында: майдан мен тыл бірлігі", екіншісі – "Қостанайлықтар – тыл ерлері" деп аталады.
– Иә, бұлар – іргелі еңбек. Қолдарыңдағы "Қостанайлықтар – тыл ерлері. Жеке үлес" жинағына 7 млн.теңгенің қаржысы жұмсалды. Таралымы да қомақты, 2100 дана. Осы жинақта майданға ерекше үлес қосқан тыл еңбеккерлері жазылды. Олардың еңбегі соғысып, қан кешкен жауынгерлердің еңбегінен еш кем емес. Соны болашақ ұрпаққа кітап арқылы жеткізгіміз келді.
Тылсыз ешқандай майданның болмайтыны әлімсақтан белгілі. Міне, сондай ниеттен бұның алдында "Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында: майдан мен тыл бірлігі" деген кітап та шығардық. Бұл еңбекте сұрапыл соғыста өз қаражатын жинап, "майданға бізден көмек" деп жіберген қаншама ізгі ниетті азаматтардың есімдері берілген.
Содан кейін біз бұл аздық еткен соң қайтадан жандандыра түсіп, жоғарыдағы айтылған "Қостанайлықтар – тыл ерлері. Жеке үлес" кітабын жарыққа шығардық.
– Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болар?
– Әлбетте. Біздің Қостанай облысынан 31 Кеңес Одағының Батыры, 9 "Даңқ" орденінің толық иегері шыққан. Қос бірдей арысымыз Батыр атағын екі рет алған, олар – Иван Павлов пен Леонид Беда. Міне, осы жаужүрек жауынгерлердің өмірі мен ерлік жолын баяндайтын арнайы кітап шығармақпыз. "Жеңіс паркі" – ерекше тағзым орны. Осы саябақ туралы да түрлі-түсті фотоальбом шығару ойымызда бар.
Соғыстың үлкен бір қасіреті арыстарымыздың хабарсыз кетуі. Яғни, олар туралы нақтылы деректің болмауы. Бұл – талай отбасылар, сол боздақтардың туған-туыстары үшін ерекше қайғы. Беймәлім тағдыр… Ол қайда, қашан, қандай жағдайда қаза болды, не тұтқынға түсті ме, сүйегі қайда қалды? Міне, осындай сұрақтар соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 70 жыл өтсе де алдымыздан шығады. Оны осы "Қостанай таңы" газеті де талай жазып жүр. Соның арқасында халық сандаған саңлақтар дерегімен танысты. Мысалы, Еркімбайдың Сұлтаны, жауынгер Жетпісбаевтар әулеті, Құдайқұл Ордабаев, Өмен Сомтеміров, Хамит Нұрқанов және басқаларының есімдері халық жадына оралды. "Костанайские новости" газетіндегі Ирина Гудова жүргізген "Возвращенные имена" айдары да көп жайттың бетін ашып жатыр.
– Кенжеке, біз Сіздің ағаларыңыз Құсыман мен Мұхитханның да соғыстан оралмағанын білеміз…
– Иә, кешегі Ұлы Отан соғысының зардабынан қан жұтып, қайғы арқаламаған бірде-бір отбасы жоқ. 27 миллион жауынгердің сүйегі ұрыс даласында қалды. Солардың ішінде менің де сіздер айтқан бауырларым бар еді.
1944 жылдың қаңтарында Ленинград түбінде, Любани қаласында бар болғаны 22 жасында Құсыман қаза болды. Өткен жылы ұлым екеуіміз сол қимас жанның қабірі басына барып, тағзым еттік. Ал Мұхитхан ағам хабарсыз кетті…
Егер олар тірі болса, ұрпақ өсіріп, немере-шөбере сүйіп, тіршіліктің талай қызығын көріп, ортамызда жүрер еді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бүгінгі ұрпақпен бірге тойлар еді…
– Иә, Кенжеке, сол сұрапыл соғыстан қаншама адам туған елге оралмады. Отан үшін от кешті, опат болды. Деректерге сүйенсек, облыстан 73 500 адам майданға аттанып, соның 43 580-і соғыстан оралмапты. Яғни, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіс бізге ұлы құрбандықпен келді. Олай болса, бұл мерекенің қуаныштан гөрі әрдайым мұңы басым болары өзінен-өзі түсінікті шығар?
– Айналайындар-ау, ойлап қараңдаршы, бүгінгі өлшеммен алғанда аузынан ана сүті кетпеген 18-19 жасар жас жігіттер қас дұшпанға қарсы атой салды. Ол өзін емес, отанын ойлады. Ол көзсіз ерлікке барды. Сұлтан Баймағамбетов пен Естай Есжановты, Мәншүк пен Әлияны алыңыз, Николай Гастелло мен Александр Матросовты алыңыз – бәрінің бір-ақ арманы болды. Ол жауды жеңіп, Отанын азат ету!
Міне, сол боздақтар бізге бүгінгі бейбітшілікті аманат етті. Бүгінгі ұрпақ оларды ешқашан ұмытуға тиіс емес.
Мен айтар едім, ардагерлер – ерекше жаратылған ұрпақ. Ортамызда жүрген қас батырлар Молдағали Жүнісбековке, Мағауия Жүнісұлына, Бертран Рубин-штейнге, Дмитрий Брусникке, Михаил Подоляковке, Әбілжан Нұрмағанбетовке, Қабден Ыбыраевқа, Телғара Әбеновке, Қажи Мамановқа, Қасымхан Алдабергеновке және басқа майдангерлерге қараңызшы. Нағыз құрыштан құйған құдірет дерсің. Күні кешелер ғана дүниеден өткен Камалбек Зәкіров, Бақытжан Жангисин, Сырлыбай Бүркітбаев, Серәлі Жәкетов, Кенжебек Дүйсебаев, Нұрша Хакімов, Алмат Кемелов, Қозғанбек Халықов және басқалары, құдай-ау, қандай қаһарман тұлғалар еді.
– Иә, соғыстан қайтқан солдаттар ұлағатты ұрпақ, олар ерекше құрмет пен тағзымға лайықты жандар. Сол, жандардың даңқы арта берсін! Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды. Ерлік мәңгі жасайды, ол жыл өткен сайын жаңа күшпен жаңғыра түседі.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕРДЕ: облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Кенжебек Үкіұлы; ардагерлер Кеңесі шығарған кітаптар.