Бекіре өсіру де берекелі іс
Облыста бекіре өсіретін жалғыз ферма бар. Ол Тобыл қаласында орналасқан. «Қостанай бекіресі» ЖШС қазір өндірістің жаңа сатысына көтерілу үшін соны жобаларды іске асырып жатыр. Тобыл өңіріне таңсық балық тұқымы өндірісін қолға алған кәсіпорынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы барды.
«Қостанай бекіресі» ЖШС 2018 жылдан бері бекіре өсірумен айналысады. Алғашқы жылдары ферманың қуаттылығы 1,5 тонна балық болған. Бірақ бұл өңірдегі сұранысты толық қанағаттандыра алмады. Сондықтан серіктестік өндіріс алаңын ұлғайтуға шешім қабылдады. 2021 жылы мемлекеттен жалға жер алып, былтыр құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бұйырса, осы жылдың қазан айынан бастап, өндіріс ауқымы әлдеқайда ұлғайып, өңірлік нарық қызыл балыққа қарық болмақ.
«Жобаның жалпы құны – 180 млн теңге. Оның 144 млн теңгесін қарызға алдық. Жоспарымыз бойынша, жобалық қуат жылына 20 мың тонна балыққа жетпек. Оның он тоннасы тірі балық, қалғаны өңделген ет түрінде нарыққа шығарылады. Сондай-ақ жылына 100 мың шабақ өндіріледі», – дейді ЖШС директоры Валентин Ищенко.
Оның айтуынша, фермада он тұрақты жұмыс орны құрылады. Нысан аумағында бес метрлік 16 бассейн, қайта өңдеу цехы және тірі балыққа арналған аквариумы бар дүкен жұмыс істемек. Әзірге кәсіпорын алаңының көп бөлігі бос тұр. Бірақ директор болашақ ферманың әр бөлігінде қандай қондырғылар болатынын, шабақтардың қалай өсірілетінін, оларды баптау тәсілдерін егжей-тегжейлі айтып берді. Келешегі бар жобаға облыс әкімі де қажетті көмекті көрсетуге даяр екенін жеткізді.
«Сіздерге инфрақұрылым жағынан жәрдемдесеміз. Оның құны, жобамен, 25 млн теңгедей болады. Жылу мен газ қазірден бар, ендігі мәселе – электр қуатымен қамту. Мен сіздерге мұның жоспарын артығымен әзірлеулеріңізді ұсынамын. Әлі де нысанды кеңейту, жаңа зауыт құрылысын бастауды жоспарлайтын болсаңыздар, сіздерге трансформатор станциясын орнатуға көмектесеміз», – деді облыс әкімі.
Облыс әкімі ЖШС директорына келешекте пайдабалық (пелядь) тұқымын өсіруге кеңес берді. Сондай-ақ облыстағы балық өсіретін орындардың жағдайы нашар екенін, оларды да иелігіне алуды ұсынды. В.Ищенко өңір басшысының барлық ұсыныстарын қабыл алып, бұған жан-жақты мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ