Құмырсқаның шарты
Бір әңгіме бойынша Сүлеймен пайғамбар бір күні демалып отырған кезде кеудесінде жорғалап бара жатқан құмырсқаны алып лақтырып жібереді. Жәбірленген құмырсқа ашуланып: «Әй, Алланың пайғамбары, сен маған аяушылық етпестен неге лақтырасың? Қиямет күні жер мен көктердің Иесі, жәбірленушінің ақысын зұлымдық етушіден алып беретін, әділдік иесі Алла Тағаланың алдында жауап беретіндігіңді ұмыттың ба?» – дейді. Құмырсқаның бұл сөзін естіген Сүлеймен пайғамбар есінен танып қалады. Сәлден соң есін жинап, құмырсқадан кешірім сұрайды.
Сонда құмырсқа: «Менің үш шартымды орындамайынша, сенің жәбіріңді кешірмеймін», – дейді. Сүлеймен оның қандай шарт екенін сұрайды. Құмырсқа оған: «Біріншіден, бірдеңе сұрап келген адамды бос қайтарма, өйткені сенен қайыр сұраушы шын мәнінде Алланың саған берген кеңшілігінен сұрап келеді. Олай болса, оларды Алланың кеңшілігінен қалайша тыясың? Екіншіден, осы дүниеде өзіңе берілген артықшылықтарға алданып, дандайсыма, жүрегің қатаяды. Саған бүкіл патшалықты берген Алла Тағала екенін есіңде тұт.
Үшіншіден, көмек сұрап келген адамнан қолыңнан келгенді аяма!» – дейді. Сүлеймен оған: «Алла қаласа, бұл айтқан шарттарыңды орындаймын», – деп уәде береді.
Сөз мәнісі
Бөлтіріктің шешендігімен аты жаңа шыға бастаған кезі болса керек. Бірде Арқаның атақты шешені Бердіқұл бимен сұхбаттасуға ниеті ауады. Бірақ, ауыздыға сөз бермеген шешеннен жас Бөлтірік сырттай сескене беріпті. Бір күні өзін-өзі қайрап: «Бердіқұлдан мен неменеге сескенем. Жеңілсем мені бала дейді ғой, жеңсем дана дейді ғой, тәуекел барайын», – деп атақты шешеннің алдына барған екен.
– Батаңызды алғалы, ақылыңызды тыңдағалы келдім, – дегенде Бердіқұл Бөлтірікке:
– Шырағым, жасың кіші болғанымен, жолың үлкен ғой. Батаны сен қайта маған бер. Мен саған бір ғана сауал қояйын. Сөз мәнісін білмеген қалай болады? – депті. Бөлтірік жұлып алғандай:
Сөз мәнісін білмеген,
Ел мәнісін білмейді.
Ел мәнісін білмеген,
Жер мәнісін білмейді.
Жер мәнісін білмеген,
Ер мәнісін білмейді.
Ер мәнісін білмеген,
Бар мәнісін білмейді.
Бар мәнісін білмеген,
Мал мәнісін білмейді.
Мал мәнісін білмеген,
Ал мәнісін білмейді.
Ал мәнісін білмеген,
Бер мәнісін білмейді.
Бер мәнісін білмеген,
Не мәнісін біледі? –
депті. Сонда Бердіқұл:
– Болды, әкем, болды, – деп, ризалығын танытыпты. Сонан соң Бөлтірікті «Төле би атаңдай үш жүздің шешені болар ма екенсің?!», – деп жоғары бағалап, батасын беріпті ол.