“Жәдігерлер жаңғырығы” – Жанкелдин ауданынан


Келген бетте мұражайларды аралап көруге асықтық. Тарихтың ордаларын көргенше тағат таба алар емеспіз. Торғай мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану апайымыз тұнба тарихтан сусындатуды өз міндетіне алды. Бес мұражай, батыр баба Шақшақ Жәнібек, "Дала қоңырауы" атанған Ы.Алтынсарин, арыстарымыз Ахаң мен Жахаң, саяси қайраткер Ә.Жангелдин, айтулы ақын Н.Ахметбеков тарихи-мемориалдық мұражайларында болып, таңдайымызды қақтық. Қиыр шетте орналасқан ауданнан дәл осындай мұражайлар кешенін көреміз деп басында ойламап та едік. Қаншама тарихты қойнына жиған қарт Торғайдың құндылық тұнған мұражайлары, үлгі алуға тұрарлық. Біздің төрт күндік іс-сапарымыз текті Торғайдың тарихын көгілдір экран арқылы түгел жеткізе алмасы анық. Біздің мақсатымыз, соның бір мысқалын болса да талғампаз көрерменге жеткізу.
Құрметті "Қостанай таңы" газетінің оқырмандары! Торғай мұражайларының қазыналарын әр сейсенбі сайын, 18.10-да, "Қазақстан-Қостанай" арнасынан, циклдық "Жәдігерлер жаң-ғырығы" тарихи-танымдық бағдарламасынан көре аласыздар. Құндылықпен бөлісу бізден, бағасын беріп, ойға тоқу сізден.
Бауыржан Бөгенбай,
"Қазақстан-Қостанай" телеарнасының редакторы.