Куәлік алу жеңілдеді
Бүгінде көптеген аналар сәбиінің туу туралы куәлігін перзентханада жатқан 3-4 күннің ішінде рәсімдеуге қол жеткізсе, өзгелері баланың тууын ғаламтор арқылы тіркеу мүмкіндігін пайдалана бастады. Ол үшін ата-ана электрондық үкімет egov.kz порталының қызметіне жүгінеді.
Жалпы, бүгінгі таңда азаматтардың хал-актілерін тіркеуде egov.kz қызметі кеңінен қолданысқа ие. Мәселен, жаңа туылған баланың тууын тіркеу қажет болса, алдымен, электронды үкімет порталына тіркелу қажет, содан кейін ата-аналар ЖСН енгізіп, онлайн-өтініш береді. Сосын, оны өтініш берушінің электрондық сандық қолтаңбасымен растасаңыз жеткілікті. Осылайша, жолданған өтініштерге берілген жауап, өтініш иелерінің жеке кабинетіне жолданады. Яғни, онда балаға ЖСН беру туралы және туу туралы куәлікті алу үшін тіркеуші органға қашан бару керектігі жөнінде толыққанды ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгінгі таңда баланың тууын тіркеумен қатар, оның ЖСН қоса беріледі.
Туу туралы куәлік адамның ең алғашқы құжаты ғана емес, ол болашақтағы сол адамға қатысты құжат атаулының негізі болып табылады. Сондай-ақ, ол адам қай елдің азаматы екендігі және кіндік қаны тамған жері көрсетілген бірден-бір маңызды құжат. Осы орайда, баланың тууын уақытылы тіркеу және сәбидің жеке басын куәландыратын алғашқы құжатын кешіктірмей алудың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Дейтұрғанмен, кейбір ата-аналар бұл тұрғыдағы мемлекеттік қызмет көрсетудің барынша оңтайландырылғанына қарамастан, дүниеге келген сәбиінің алғашқы құжатын алуды кейінге қалдырып жатады. Әрине, бұл өз кезегінде баланы емдеу мекемелеріне тіркеу, балабақша кезегіне қою сынды маңызды істерде өз кедергісін келтірері анық. Сондықтан, ата-аналар еліміздің ең кішкентай азаматтарының жеке басын куәландыратын алғашқы құжатын алуды кейінге қалдырмай алғандары абзал.
Г. МУСИНА,
облыстық әділет департаменті азаматтық хал актілерді тіркеу және апостилдеу бөлімінің басшысы.