Қанатбек БЕДЕЛБЕКОВ, “Асаба” ұлттық-мәдени орталығының президенті: “Қазақ елінің көк туы желбірей берсін!
Елбасымыз бір Жолдауында: "Этникалық, мәдени және діни әралуандыққа қарамастан, елі-мізде бейбітшілік пен саяси тұрақтылықты сақтадық. Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия-ның өкілдері үшін туған шаңырағына айналды. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған" деп ерекше атап өткен еді. Шынында да, Қазақ елінде өмір сүріп жатқан әр ұлттың өкілдері ынтымағы жарасып, бейбіт тіршілік кешуде. Әрі олардың еркін өмір сүруіне, ұлттық өнерін, дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін дамытуға, сапалы білім алуына да мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілуде. Осыдан 20 жыл бұрын Елбасымыздың қолдауымен Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылды. Бүгінде еліміздің әр аймағында облыстық ассамблеялар ашылып, оның аясына шоғырланған ұлттық-мәдени орталықтар да тәуелсіздіктің тірегіне айналған татулықты насихаттау мақсатында игілікті жұмыстар тындыруда. Бейбітшілік пен береке-бірліктің қадірін білетін біздің "Асаба" ұлттық мәдени орталығының құрылғанына да биыл 5 жыл. Сол себепті, биыл қос мерекені кең көлемде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Қырғызстаннан халық әртістерін шақыртып, түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырмақпыз. Жалпы, Қостанай өңірінде бес жүзге жуық қырғыздар өмір сүруде. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қырғыз бауырларын бауырына басып, қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, әрдайым қолдап, сүйеп жүрген қазақ халқына біз қашан да қарыздармыз. Сондықтан, осындай мамыражай елде өмір сүріп жатқанымыз үшін өзімізді бақытты санаймыз. Лайым, осы татулығымыз бен береке-бірлігіміз ұзағынан болып, Қазақ елінің көсегесі көгеріп, көк туы желбірей берсін!