Ісімен әрі сөзімен есте қалған

Қызмет бабымен сапар шегіп, билік тізгінін ұстаған азаматтармен жүздескенде көкейге түйгенімді қойын дәптеріме қондыратынмын. Жақында жеке мұрағатымнан сол ой үзіктерін тауып, қуанып отырған жайым бар.
Торғай облпарткомының бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтың баспасөз конференциясында Державин /қазіргі Жарқайың/ ауданының маңынан жер бетіне жақын орналасқан қоңыр көмір кені орнының табылғанын және оның қоры Екібастұздан екі есе көп екенін; темір жол желісін Жезқазғанға қарай ұзартып, қалайда Арқалықты тұйықтан шығару керектігін шегелеп айтқаны қатынасқан газет, теледидар, радио қызметкерлерінің жадында сақтаулы. Кейін Ерекең әлгі ұсынысын КСРО Жоғарғы Кеңесінің кезекті сессиясында депутаттардың, сала министрінің назарына ұсынған-ды. Әуелбеков Қызылорда облысына қалай ауыстырылды, солай өзекті мәселені ешкім қозғамады. Дегенмен, қазір тартылып жатқан темір жолды әлгі идеяның жүзеге асырыла бастағанының нышаны дегеніміз дұрыс болар.
 
* * *
Торғай облаткомы төрағасының бірінші орынбасары Мақтай Сағдиев Жанкелдин аудандық партия конференциясынан шыққан соң дастарқан басында "Біздің жұмысымызды көрсететін тілшілеріміз, облыс орталығына апаратын шоферларымыз қайда? Шақырыңдар, бірге отырсын", – деді басшы қауымға құлаққағыс етіп.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін маңына жолатпайтын, шофер   атаулыны көзіне ілмейтін шенеуніктер Мақаңның жөн сөзімен санасса ғой.
 
* * *
Жанкелдин аупарткомының бірінші хатшысы Жақан Қосабаев:
– Республика кәсіподақ ұйымының өкілі Арқалық қаласына қонған да, ежелгі Тор-ғайды көру мақсатымен түс ауа шалғайдағы біздің ауданға ұшқан. Алдымен маған жолығып, мұражайды аралатуымды өтінді. Қым-қуыт шаруамен шапқылап, бұл жағын мүлде ескермеппіз. Қатты ұялдым. Соның әсерінен беріректе бірнеше мұражай аштырдым. Яғни, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Әліби Жанкелдин, Нұрхан Ахметбеков, Қайнекей Жармағанбетов, Кеңшілік Мырзабеков, Шәміл Мұхамеджанов мұражайларын іске қосқыздым, – деп сыр ақтарған-ды.
Шынында да, ел тарихы кеңінен қамтылған мұражай сырт адамына таңсық емес пе?!
 
* * *
Жақын-жуықтарының айтуынша, Жанкелдин аупарткомының бірінші хатшысы кезінде Мұхамедғали Айсин қалааралық телефон байланысын пайдаланғасын іле баласын жүгіртіп, поштаға төлемақысын төлейтін көрінеді.
Соғымды да мал сою қосыны арқылы үйіне жеткізіп, түбіртегін тігіп қойған.
Мұны мемлекет есебінен күнелтетіндерге сес көрсету деп бағалағанымыз жөн сияқты.
 
* * *
Нарықтық экономика бүйірден қысқанда Арқалықта жағдайдың күрт төмендегені рас. Заманында республикамыздың 22 қаласы жұмылып, бой көтерген шаһарды жамандыққа қимай, көбіне-көп жағымды жаңалықтарын облыстық газетке жөнелтетінбіз. Есесіне, республикалық теледидар, газеттер үсті-үстіне ұрғылап, мазасын қашырды. Еңбегімізді іштей түсінген қала әкімі Сабыржан Ахметовтың Жаңа жылдық салтанатты жиналыста бізге алғыс сезімін білдіргені  есімізде.
Журналистер қауымының сынаумен шектелмей, қиналған сәтте арашашы болуға жарайтынын білгенінің өзі неге тұрады?!
 
* * *
Онда "Қостанай таңы" газетінің Торғай өңірі бойынша меншікті тілшісімін. Аманкелді ауданының таяуда тағайындалған әкімі Жомарт Түбекбайұлының кабинетіне кіргенмін. Ол телефонмен мекеме басшысын:
– Жігіттер, самарқаулықты қойыңыздар. Билік тізгіні қолымызға тиген мезетте ескі сүрлеумен жүрмейік, жаңаша жұмыс істейік. Әйтпесе, бәріміз де орнымыздан біржолата кетейік, – деп тықсырып жатыр.
Көрініс жас басшының ел намысын қыз-ғыштай қоритынын айғақтағандай.
 
* * *
Институтты бітірген бетте Бақытжан Ақанқызы ет комбинатына қызметке орналасты. Алғашқы күннен ұйымдастырушылық, іскерлік қабілеттерімен көзге түсті. Әсіресе, кәсіпорын шығарған шұжықтың Сапа белгісін иеленуі Торғай облысының абыройын асырды. Сонымен қатар, "Сыбаға" атты дүкен ашқызып, басты сүйектері мүшесімен кәделі табаққа дайындалған қой етінің сөрелерге қойылғаны тұтынушыларға ұнады.
– Құрметті қонақтарымыздан қысылмайтын болдық, – деуін әлі күнге дейін қоймайды жергілікті тұрғындар.
 
* * *
Менен үш жас кішілігіне байланысты Арқалық қаласының әкімі Аманкелді Мұхитбековпен оңашада әзілдесе беретінмін. Бірде:
– Алдыңа сан түрлі адамдар келеді. Кейбіреуінің қасындағы адамдарды жексұрын ғып бейнелеуі мүмкін. Сонда бәрін жалықпай тыңдай бересің бе? – деп сұрағанмын.
– 35 жыл басқару қызметін атқарғанымда мол тәжірибе жинақтағанмын, – деді Әбекең. – Ақырына шейін әңгімесіне құлақ түремін. Артынан ой таразысына салып, орынды пікірімен ғана санасамын.
Жағымпаздар мен өсекшілердің ырқына көнбейтін ел ағасының осынау әдісін кім құптамас дейсің?!
Жақсылық ЖҮНІСҰЛЫ.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓